12 Наурыз, 2011

Көкшетау құрылыс алаңына айнала ма?

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сіз не дейсіз? Биылғы Жолдауда тұр­ғын үй мәселесіне ай­рық­ша назар аударылды.  Міндет – елімізде жыл сайын кемінде 6 миллион шаршы метр үй салу. Бұл ба­ғыт­та Көкше­тау­да да қоз­ғалыс бар. Бір­ақ, кезек азай­май тұр. Мұн­да жас­тардың үлесі көп. Үсті­міздегі мерекелі жылы жұрт күткендегідей сілкініс бола ма? «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысы бойынша тілшісі Бақберген АМАЛБЕК Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырхановқа: – Сіз бұған не дейсіз? – Қалай десек те, қала оң өзгерістер құшағында. Биыл «Жас отау» қанатқақты бағ­дарламасын бастадық. Бұл жоба жас отбасылар мен об­лыс орталығына көшіп келген жас мамандарды тұр­ғын үй­мен қамтамасыз етуді көз­дей­ді. Мәселен, облыстық бюд­жеттің қаржысымен «Көк­тем» шағын ауданында салынатын 45 пәтерлі (3,5 мың ш.м.) үйге қоныстануда 29 жастағы азаматтар мен толық емес және көпбалалы отбасы­ла­ры­на ар­тықшылық беріледі. Бұған қосымша, бірінші жар­тыжылдықта тұрғын үй бағдарламасы аясында үш 45 пәтерлі үй (10,5 мың ш.м.) пайдалануға беріледі. Бір шар­шы метрдің құны, бұрын­ғысынша, 56515 теңгені құ­райды. Реті келгенде айта кетейін, бұрнағы жылдары осы бағдарламамен 19 тұрғын үй салынды. Өткен жылы 31 мемлекеттік қызметкер, 73 жас отбасы, бюджеттік сала­ның 25 өкілі мен мемлекеттік кәсіп­орындардың 31 қызмет­кері пәтерге ие болды. Үміт­кер­лерге қойылатын талап пен мөлдірлік қатаң бақы­ланады. Қылшақты өзенінің аума­ғында «Тұрғынүйқұры­лысжи­нақ­­бан­кі» желісімен 30 пәтерлі төрт тұрғын үй салу жос­пар­ланған. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің аумағы –  39, ал үш бөлмелі пәтер 74 шаршы метрді құ­рап, әр шар­шы метрдің құны 80 мың теңге болады. Банктің қаламыздағы салым­шы­лары 7000 адамға жетіп қалды. Бұл алдағы кезде осы жүйедегі құ­рылысты кеңейтуге мүмкіндік бермек. Тұрғын үйді жалға беру мәселесіне келсек, бүгінгі күні қалада 4000 адам кезекте тұр. Алдағы жақын уа­қытта 45 пәтерлі үй пайда­лануға берілмек. Әрине, бұл жеткіліксіз. Қалалық әкімдік қазіргі таңда аталған әдіспен құры­лыс салуға қажетті қар­жы көздерін пысықтау үстінде. Жалпы, үстіміздегі жылы 70 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру ниетіндеміз. Бұл былтырғы көрсет­кіштен 1,2 есе көп. Ақмола облысы.