Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Президенті Мавлют Чавушоғлумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Әңгімелесуші тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін және оның нығаюы мен кеңеюін талқыға салды.
3 сәуір күні Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы елдің демократияға қарай жасаған маңызды қадамы деп танимыз, деді өз сөзінде М.Чавушоғлу. Осыған байланысты Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы сайлауды байқауға өз тарапынан арнайы делегация жолдауға шешім қабылдап отыр.
Өз кезегінде Қ.Саудабаев әңгімелесуші тарапқа қабылдаған шешімі үшін алғысын жеткізе отырып, алдағы сайлауға халықаралық қоғамдастық өте үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. ЕҚЫҰ Адам құқықтары жөніндегі бюросы, ТМД Атқарушы комитеті, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясы, ИКҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар өз байқаушыларын жолдап отырғаны осының айқын дәлелі болып табылады. Сонымен қатар, сыртқы саясат ведомство басшысы Қазақстанда олардың жұмыс жасауына және сайлауды халықаралық талаптарға сай өткізуге толық жағдай жасалғанын ерекше атап айтты.
Мәжіліс Бюросының кезекті отырысы
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына бір топ заң жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, «Патент құқығы туралы шартты ратификациялау туралы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары бар.
Бюро отырысында 27-29 наурыз аралығында Павлодар облысында индустриялық саясаттың өзекті мәселелері бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысын өткізу туралы қаулы қабылданды.
Сонымен қатар, бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселелері қаралды.
«Егемен-ақпарат».