Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясы байқаушылар миссиясының үйлестірушісі – ТМД ПАА-ның Бас хатшысы Михаил Кротовпен кездесті. Бұл басқосуда Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына дайындық жұмыстары сөз болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мейман Қазақстанның демократиялық тәжірибесі туралы сөз қозғап, кандидаттардың ұсынылуы мен тіркелуіне назар аударғанын айта келіп, басталған сайлау науқанына оң баға берді. Ол Қазақстанда сайлаудың халықаралық байқаушыларына жақсы көзқарас қалыптасқанын, Орталық сайлау комиссиясымен ынтымақтастықта жұмыс жүргізілетінін мәлім етті. Михаил Кротов осы мәліметтер беделді халықаралық ұйымдарға жеткізілетінін айтты.
Сайлауды байқау жұмыстары барысында мейман еліміздің бірқатар өңірлерінде болатынынан хабардар. ТМД ПАА-ның халықаралық байқаушылар штабы Астана мен Алматы қалаларында орналасады.
Осы кездесуге ТМД ПАА Бас хатшысының орынбасары Халел Бәкенов қатысты.