Кеше «Нұр Отан» ХДП Жоғары партия мектебі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бірлесіп Ислам қаржысы бойынша Қазақстан конференциясы – KIFC 2011 аясында «Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық етуінің сауда-экономикалық аспектілері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Аталған шарада партия хатшысы Сергей Громов «Ислам экономикасы», «Жаңа ислами экономикалық тәртіп» қағидаттарының өзектілігін ерекше атап өтті. Еліміз бизнес мүддесіне қатысты реформа жасаушылардың ішінде көшбасшы болып табылады. Соның нәтижесінде, Қазақстан әлемдік бизнес ауаны жөніндегі рейтингіде 183 ел кіретін тізімнің 59-шы орнын иемденіп отыр. Осы ретте Сергей Николаевич ИКҰ-ға төрағалық ету шеңберінде «Нұр Отанның» стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда жаңа үнқатысу алаңдарын құруды көздейтіндігінен де хабардар ете кетті. «Нұр Отан» ХДП Жоғары партия мектебінің директоры, профессор, экономика ғылымдарының докторы Бақыт Есекина өз кезегінде экономикалық дағдарыс барысына, қазіргі экономикалық үлгінің тиімділігі мен тұрақтылығына ерекше назар аудартты. Әлеуметтік әділдікке бағытталған ислам үлгісі қоғам мүддесіне бағытталған әрі кәсіпкерлікке септесе отырып, экономиканың негізі бола алады.
Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ ислам қағидаттарын экономикаға енгізу аясында жалпы әлемдік үрдістермен қатар, Қазақстандағы осы саланың жағдайы талқыға салынды. Еліміздің Сыртқы істер, Экономикалық даму және сауда министрліктерінің өкілдері, Әл-Шамс Капитал басқармасының төрағасы (Ресей), т.ғ.д., профессор Адалет Джабиев, «Элаф Исламик Банк» басқарма төрағасы, доктор Жамиль Жаруди, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы, э.ғ.д. Аркен Арыстанов, Бахрейн және Кувейт Банкі заң департаментінің басшысы, профессор Абдуль Кадир Уарсама және еліміз Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесшісі Ерлан Байдаулет сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Жұмыс қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.