15 Наурыз, 2011

«Аспанға жазам сенің есіміңді»

1067 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
АҚЫН БЕЙНЕСІ АНА КӨЗІМЕН – Балам өлең шіркінді он жасынан жаза бастаған еді... Нағиман апа Мақатайкеліні бізбен алғашқы әңгімесінде осылай деген бола­тын. Бұдан 23 жыл бұрын болған екеуара әң­гіме барысында айтылған осы жайттардың бі­ра­зын там-тұмдап жазғанымыз да бар. Бірақ ақын анасының баласы жайлы айтары мол екен. Нағиман апаның айтуынша, бала Мұ­қа­ға­ли­дың он жасынан қолына қалам алуының өзін­дік себебі бар екен. Дүйім ауыл боп, Сү­леймен Мақатайұлы мен Рахымбай Іскен­дір­ұлын «Өр­тең» сайының аузына дейін ере келіп, қан майданға 1941 жылдың 29 жел­тоқ­са­нында шы­ғарып салыпты. Отағасынан үзбей келіп тұрған хабар-ошар үш айдан кейін пы­шақ кескендей сап тыйылған көрінеді. Содан былай он жасар бала баяғы «Өртең» сайының аузына елден ұрлана жаяу барып, сон-а-а-ау көк­жиектерге қол артып жатқан қасқа жол бо­йына жа­быр­қаулы күйде көз салушы еді. Та­биғаты жуас, мейірімді де қамқор әкесінің қа­сында жоқтығы бала Мұқағалиды тұңғиық бір мұңға баты­ра­тын. Сондықтан болар, оның ал­ғашқы өлеңі де әкесіне арналған екен. Мұқағали мектептен келісімен, қолына қа­рындашын ала салып, дәптеріне бір нәрсе­лер­ді сүйкектетіп жататын. «Қарағым-ау, не жа­зып жатсың?» – деген әжесіне: «Әшейін,... еш­нәрсе емес», – деп қойып, одан әрі жазуын жал­­­­ғас­ты­ра беретін көрінеді. Бір күндері: « – Әже, мен көп өлең жаздым, әкем жайлы... Оқып берейін бе?» – деген ол, біраздан бері қо­­лынан тастамай жүрген дәптерін ашып қо­йып, заулатып өле­ңін оқи жөнелсін. Әкем-ау, қарғадай ба­лам­ның өлеңдерінің өткірлігі сонша, көкірегіңді қарс айырардай. Ағыл-тегіл көздің жасына ерік бердік-ай, дерсің... Сөйтіп жүргенде, ауыл­ға сырттан келген біреу, бір күні баламның қо­лына 15 сом ұстатыпты да, әлгі дәптерін алдап алып кетіпті. Әжесі екеуміз санымызды са­баладық та қалдық. «Балам-ау, мұның не?» – дейміз ғой баяғы. Сөйтсек, біздің жүдеу тір­лігі­мізге қабырғасы қайысып, өзінше қол ұшын бергісі келгені екен ғой қарағымның. Ондай адамға кезігерін білсем, тығып қоймас па едім дәптерін!...» – деген еді Нағиман апа. Демек, он жасар баланың өлең жаза бас­тауына, біріншіден, жүрегіндегі әкесіне деген мұңды са­ғынышы түрткі болса керек. Екінші, әрі ең бас­ты себеп – Жаратушының берген айрықша та­ланты, ақындық қасиеті. Үшін­ші­ден, ақын­дықтың ұшқыны әкесі мен шешесі жағынан да бар болатын. Нағиман апаның айтуынша, бір­тоға мінезді Сүлеймен әке сирек те болса кө­ңіл­денген сәттерінде табан астынан суырып салғыш, демек қара өлеңге жүйрік болған екен. Шаршы топқа түспесе де, ондай өнерін жа­қын достарымен сөз қақтығыс­тыр­ғанда шы­ғаратын, деседі. Ал Нағиман апаның қара өлеңге жүйріктігіне өзіміз куә болғанбыз. «ӨЗІҢ БЕРГЕН УЫЗДЫ ІЗДЕУДЕ ӘЛІ...» Нағиман апа алғашқы кездескен кезде-ақ, ақын ұлының туған күніне қатысты да қызық бір деректерді айтқан еді. – Мұқағалиым 1931 жылдың наурыз айы­ның сегізінде дүниеге келген болатын. Жаңы­лысуым мүмкін емес. Себебі, балам мынау фә­нидің есігін ашқаннан екі апта кейін «Наурыз тойы болады» деп күтіп отырғанбыз. Ал құ­жат­та қалайша ақпанның тоғызы деп жазыл­ғанын білмеймін. Қазіргі Қарасаздан Киров колхозына бара жатқан жолдағы, нақтылап айтқанда Қарасу бойындағы ескі Қарасаз топырағына мұзбалақ ақынның кіндік қаны тамған екен. – Мұқашымның кіндік шешесі Бизақ наға­шы­сының үйіндегі Сара апасы, – деді Нағиман апа. Нәрестеге ат қою ісіне де нағашы жұрты ай­­­тарлықтай атсалысса керек. Бизақ на­ға­шы­сы: – Тиын апаның тұңғыш немересінің атын Мұқаметқали деп қояйық. Бұл өзі – қасиетті есім. Пайғамбарымыздың есімі Мұхаммед жә­не оның төрт шадиярының бірі, яғни төрт досының бірі – Әли батыр. Осы қос есімнен құралған ат тегін болмас. Оның үстіне, Жаркент аупарткомында имандылығымен, ерекше адамгершілігімен танылған осы аттас жас өкіл жігіт бар. Тым болмаса, немереңіз сондай игі азамат болсын! – деп ұсыныс тастаған екен. Кейін келе ақынның жеңгелері «айтуға оңай» деп, «Мұқағали» атандырып кеткен көрінеді. Нағиман апаның айтуынша, тұңғышта­ры­ның «тегін бала еместігі» жайлы пікірді ота­ғасы Сүлеймен де майданға аттанбай тұрып-ақ талай естісе керек. Алғашқы боп сондай пікірін білдірген Сүлекеңнің мұғалім досы Нұр­молда Исабаев көрінеді. – Сүлеймен, айтпады деме, түбі осы балаң­нан бірнәрсе шығады. – Оны қайдан білдің? – Балаңның көздері отты. Сәби де болса, өз ісіне тиянақты. Ұстаз Исабаев солай деп қана қоймай, бала Мұқағали мен оның досы Әбдіке Асановты қол­­дарынан жетектеп, дайындық сыныбына апа­­­рып отырғызған екен. Қос баланың сабаққа деген ынтасы ерекше болған соң: – Сендер бүгіннен бастап бірінші сынып­тың оқушысы боласыңдар, – дейді қамқор ұстаз арада бірер ай өткенде. Тұңғышының осындай айрықша қабілетіне сенгендіктен болар, Сүлекең сонау 41-ші жылдың боранды қысында «Өртең» сайының аузында қоштасып тұрып, Мұқағалиын бауырына басып: – Інілеріңе қамқор боп жүр! – деген екен. Әкесінің осы бір аманатын қолынан келгенінше оның орындауға тырысқанын інісі Көр­пеш­тің мына бір әңгімесінен де байқауға болады: – Мұқағали ағам мені ерекше жақсы көрді. Одақтың қай бұрышында жүрмейін: «мен мы­нандай жерде тұрмын, қаржыдан қысылып қал­дым» десем бітті, дереу телеграфпен ақша салатын, – деген еді ол. Жалпы, Мұқаң басқа да адамгершілік көмектерін қос бауырынан ая­ма­ған көрінеді. Сонау сұм соғыс жылдары тұр­мыстың тап­шылығынан киетін аяқкиімдері болмай, мектептен қол үзіп қалған балалар әр үйден дерлік табылатын. Алайда, Мұқаң қу тірліктің сондай құ­қайларына төтеп бере жүріп, мектепті соңына дейін жоғары үлгеріммен аяқтап шық­қан екен. – Қарасаздағы жетіншіні тауысқаннан кейін қарағым оқуын «Социалистік Қазақстан» кол­хозы мен Нарынқолдың мектеп-интерна­тында жалғастырды, – деп еді ақынның анасы. Ел іргесіне келген соғыс деген нәубетке ха­лықпен бірге қарсы қайрат қылған Нағиман апа сиыр да сауып, қой да, бұзау да баққан. Үйдегі бүрсеңдеген бала-шағаны ойлап, отын­дыққа таудан қарағай да қиятын болған. «Үйіме дейін жеткізісіп жіберші» деп қолқа салатындай, ауылда ер-азамат шамалы. Бәрін сыпырып, май­данға әкеткен. Содан не керек, Нағиман апа әлгі қиып алған бөренесін тау өзенімен жалдай ағы­зып, үйіне жеткізбек боп әлек-шәлегі шығады екен. Ол аз дегендей, бір күні тау бөктерінде баққан қойын қайырыстап жүріп, ол кісі қар көшкініне де тап болған көрінеді. – Өлем-ау, деп шошынбадым. «Балаларым үшін тірі қалдыра гөр» деп Құдайға жал­ба­рындым. Қолымдағы қойшының таяғын көл­де­нең ұстап үлгергенім абырой болған екен. Көшкінмен бірге сырғанай келіп, сай табанынан бір-ақ шықпасым бар емес пе! Содан көміп қалған қардан өзімді-өзім әзер дегенде аршып алып, тырбаңдап жатып, шықтым-ау, әйтеуір. Тая­ғым болмағанда, тереңге кетеді екем. Дереу қойларымды түгендеуге кірістім. Табылған аз ғана малды қары жұқалау деген жал-жалмен айдап келем. Жаратқанның қамқорлығымен, әрі өзімнің өлермендігіммен жанымның әзер қал­ғанын іштей түйсініп келемін. Бір кезде, бала жастан бергі тартқан азабым мен шеккен мех­наттарымның ойыма орала кетпесі бар емес пе?! Е-е-ей, өмір-ай, десеңші! Әкем Батаннан үш жа­сымда, анам Шынықыздан алты жасымда қа­лып, жетімдіктің мехнатын көп шектім. Ағайын арасы, ел іші деген алтын бесік, жақсы ғой! Бауырларым мені Сүлейменге үкілеп ұзатты. «Осы шаңырақтың босағасын аттап кіргеннен бастап, отағасы майданға аттанғанға дейінгі өмі­рім – бақытты күндерім екен ғой. Енді, міне, көр­генім азап», деп айдалада көз жасыма ерік бердім-ай, кеп. Жаратқанға мұңымды шақтым. Көмек сұрадым. Бірақ қаншама қиналып, егілген күндерімде Алланың жазуына шәк келтіріп, жаңсақ сөздер айтқан емеспін. Өйткені, «ертеңгі күнмен бір жақсылық келер» деп сенетінмін. Шерімді сөйтіп бір тарқатып, табылған малда­рымды алдыма сап, қыстауымызға қарай жақын­дай берсем, үй сыртында бір солдат жүр. «Мы­нау келген Сүлеймен емес пе екен?» деген үмітті ойдың қылаң бергені сол еді, жүрегімнің өрек­піп қоя бергені... Сөйтсем, ол майданнан жа­қында ғана оралған Жамиғат деген ау­ыл­дасымыз екен. – Жеңеше, жолым түсіп, осылай қарай тау асып келе жатқан едім. Айдалада зарлаған сіздің үніңізді естідім. Көңілімнің босағаны сонша, жаныңызға жақын келіп, жұбатуға дәтім бар­мады. «Әйтеуір қойларын түгендесіп берсем, бар көмегім сол болар» дедім де, бөлініп кеткен малдарыңызды жинастырып, қыстауға қарай айдап жүре бердім. Бірақ бәрібір зарыңыз құ­ла­ғымнан кетпеді. «Орнында бар оңалар» деген, әлі-ақ жетіліп кетесіздер. Отағасының хабарсыз кет­кенін, балалардың жас­­тығын, ең болмаса, Мұ­­­қағалиыңыздың буы­ны бекімей жатқанын ай­тып, жыладыңыз. «Ұл ту­ғанға – күн туады» деген, енді бірер жылда Мұқа­шыңыз­дан кө­рер­сіз жақ­сылықты. Туыс інімді ин­тернатқа іздеп барған едім. Сонда балаңызды да көрдім. Оған да сәлем-сауқа­тым­нан азды-көпті бе­­ріп кеттім. Көздері от­ты екен. Болайын деп тұр­­­ған бала ғой, сірә. Са­быр етіңіз, жеңеше. «Көп­­­­­­­пен көрген ұлы той!» Бұл соғыс зар­дабы да бітер әлі-ақ. Шеккен қи­­ындық көрген түс­тей болмас. Осы балала­ры­ңыз аман тұрса, әлі талай жақсылыққа кенелерсіз», депті әлгі Жамиғат деген жауынгер әл-дәр­мені құ­рыған әйелге. Сол сөз рас­қа шықты, – дейді ақын­ның анасы сол кездегі өз тірлігіне ризалық танытып. «...АҚ КИМЕШЕК КӨРІНСЕ, СЕНІ КӨРЕМ...» Анасының айтуынша, Мұқағали мектепті 1­9­48 жылы бітірген екен. Қо­лы жет­кен бас­қа­лар­дың балалары «оқуға тү­семіз» деп Алма­тыға ағы­лып жат­ты. Ал қос анасы мен бауыр­ларының жү­деу тұр­мыс­тарына қа­бырғасы қа­йыс­қан бозбала Мақатаев ауылда қа­лып, ең­бекке араласқысы кел­ді. Оқи­ғаның дәл осы тұсын Мұ­қаң­ның «Әже» әңгімесіндегі өз жаз­ғандары арқылы дә­йектей кетсек. « – Қой, сен де қайдағыны айтады екенсің! Ақылға салмай, құр далбақтап, басқа­лар­мен қо­сыла шапқан да қуаныш па саған? Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Оқуға ұм­тыл­ғанның бәрі ақылды дегенді кім айтып жүр? Жоқ ақылын оқу­мен толтырамыз деп жүр­гендер де толып жатыр. Өмірді көру, маңдай теріңмен тама­ғыңды асырау – ол да оқу. Еркек боп өзі солай ойлаған екен, оған біз екеуміз неге қарсы боламыз? Әуелі жұмыс істеп көрсін. Сонан соң оқысын. Еркекті бетінен қақпа!» Бұл – Тиын әженің келініне айтқан басуы. («Қош махаббат» атты прозалық жинағынан үзінді). Тиын әже осылай деп мәселенің түйінді шешімін айтқаннан кейін келіндік ибалығын сақ­тап, Нағиман апа үнсіз келісіпті. Ақын ана­сының әңгімесіне қарағанда, Тиын әже екеуі бір-біріне ене мен келіннен гөрі ана мен қыздай болған көрінеді. – Сүлейменнің барында, колхоздың қара жұмысына араласпай, «Ақбілек» атанған басым, соғыс жылдары қай жұмыс кез келсе, соны ат­қарып жүре бердім ғой. Енем Тиынға қызын­дай еркелеп шапқылай берсем керек, сауыншы боп барған күні желіндері тырсиған-тырсиған он сиырдан бес-ақ литр сүт сауып, күлкіге қалға­ным бар. Аз күннің ішінде сиырдың желініне таскенеше жабысып, қақтап сауып алатын дәре­жеге жеткенмін, – деп ақын анасы риясыз бір күліп алған еді. Бірін-бірі бүкпесіз көңілмен құрметтеген енелі-келін осынау Мақатай қарттың соңында қалған қарашаңырақтың түтінінің түзу шы­ғуына мейлінше бар пейілдерін салатын. Жай­шылықта еркектердің үлесіне тиетін түздегі жұ­мыстарды келіні жапыра істесе, үйдегі берекені Тиын әже келтіріп отырған екен. Сұм соғыстың кесірінен, сөз жоқ, адамдар қиындықта өмір сүр­ді. Алайда, олардың бір-біріне деген бауыр­машылықтары, жақсы күндерге деген сенімдері талай қиындықтың «тұмсығын» кері қайырып тастаса керек. Қазекемнің табиғатындағы жазылмаған заң­ды­лық бойынша тұңғыш бала ата-әжесінің ба­уы­рында өседі. Бала Мұқағали да «әжесінің баласы» болу бақытына еш талассыз ие болған екен. – Мұқағалиым әжесінің баласы екенін ар­қаланып, мені «Нақа» деуші еді. Онысына қуан­басам, ренжімейтінмін. Ішімнен жақсы-ақ көріп тұрамын. Бірақ апамды сыйлайтыным сондай, аналық сезімімді балама да көрсете бермейтінмін. Әжесінің баласы тұрмақ, басқа екі кіш­кентайымды да апамнан бөлектемейтінмін. Олар­дың тағдырына байланысты әжеміздің тоқ­таған шешімі заң болатын. Мысалы, Жолшы деген бауырымыз майданнан жаралы қайтты да: «Ер-тоқымым далаға шықпай қалмаса екен!» – деп апам екеумізге қолқа салды. – Нағиман, қой, болмас! Сүлейменімнің соңы­нан ерген бауыры ғой. Қолқа салған екен, қабыл алайық. Тоқтарбайды оған еншілес етіп бе­релік, – деді. Қарсы келмедім. Алла алдын­дағы сауапшылықты ойладым. Айтқандай-ақ, Жолшы қайным көп кешікпестен Бүбіхан деген қызға үйленіп, үбірлі-шүбірлі болды. Тоқтар­ба­й­ымды «ақжолтай» атандырып, өзімізге қайтып берді. Бұл пәшестермен соғыс жылдары болған оқиға. Нағиман апаның ақжарқын келін болғанын дәлелдейтін жайттар жетерлік-ақ. Бір жолы қы­зық бір оқиға болыпты. Отағасы Сүлеймен өрімші құрдастарының біріне қамшы жасатып әке­леді. Жайшылықта әзілге жоқ кісінің қал­жың­дағысы келсе керек: – Мына жаңа қамшының өтімі қандай екен өзі, көрейінші, – дейді де, қаннен-қаперсіз жүн түтіп отырған Нағиман апаның жон арқасын сипай қамшылап, бір салып өтеді. Аса қатты болмаса да, ол кісі денесіне оқыстан тиген қам­шы­ны ауырсынып қалса керек. Сол-сол-ақ екен, манадан бері жайбарақат тұрған әжесінің баласы үнсіз келіп, әкесінің қолындағы әлгі қамшыны жұлып алып, сабынан қақ бөліп, былай лақ­тырып тастайды. Сонда Сүлекең өзіне тән кең мінезіне салып: – Шыққан жеріңді біледі екенсің! – деп күлімсіреп қоя салған көрінеді. Осы әңгімені айтқан тұста Нағиман апа ерекше жадырай түсіп, мәз боп, біраз күліп алғаны да есте. – Өтірік айтып қайтейін, баламның маған бүйрегі бұрғанына әжептәуір боп қалдым. Әйт­кенмен, артынша әжесі есіме түсіп, бойымды тез жиып ала қойдым. «Ұяттағы-ай, Мұқаштың әлгі қылығын апам біліп қоймаса екен!» – деп тыпыршимын кеп. Нағиман апа осы әңгімені айтқан тұста, сол оқиға дәл сол мезетте көз алдынан өтіп жат­қандай-ақ, ойлана күлімсіреп отырды. Бағамдап қарасам, ол кісі өткен өмірінің небір қиын сәт­тері жайлы баяндағанның өзінде керемет са­быр­лылық пен асқан шүкіршілік танытқан екен-ау! – Әжесін де, өзін де жанымдай жақсы көріп, сыйлағандықтан қолымдағы бар жақсымды сол кісілердің үстіне жапсыруға пейіл едім. Соғыс жылдары тұрмыстың таршылығы едәуір ти­тықтатып жіберді бізді. Қой бағып жүріп, ат үстінде қолым бір тынбаушы еді. Енем иіріп берген жүннен екі кішкентайыма, өзіме арнап киімдер тоқимын. Бірақ әжесі мен Мұқашыма ондай тоқыма қапты кигізбедім. Соғыстың ал­дында ғана тіккен көрпелерім бар еді. Соларды сөгіп жіберіп, сейсебінен екеуіне көйлек тігіп бере қойдым. Солардың сыртынан ғана әлгі жүн шекпендерді кигізуші ем. «БАЛАЛЫҚ ШАҚ ЖАРБИЫП ЖҮРЕТҰҒЫН, ӨГІЗ ЖЕККЕН СОҚАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА...» Оқушы Мұқағали жауапкершілік деген ұлы ұғымның салмағын бала жастан түйсініп, өзіне тапсырылған істі қолынан келгенінше тиянақты атқаруға ұмтылып өскен екен. Жұмысшы қолы жетіспегендіктен, колхоз бас­шылары ересектеу балаларды мектептен сұрап алып, шөпшілерге су тасу, қырман бастыру, тағы сол сияқты басқа да жұмыстарға салатын. Бір жылы Қарасазға қара шегіртке қаптады дерсіз. Онсыз да ілдалаумен әрең қылтия кө­рін­ген жас егінге, аспаннан қаптаған «қара түнек» қырғидай кеп тиді. Тағы сол Мұқағали бастаған жасөспірімдерге қолқа салынды. Нағиман апа­ның «Мұқағали бастаған» дегендегі айтпағы: оның мектептестері алдындағы беделі едәуір болыпты. Достыққа берік ақжарқындығымен қатар, пасық мінез атаулыға төзбейтін адалдығы да оның айналасына достарын топтастыра түсе­тін көрінеді. Тиын әжесіне тартқан қайратты мінезі тағы бар. «Бала Мұқағали құрдастары ал­дындағы беделін тек жақсы істерге пай­далануға тырысатын» деседі. Шегірткемен күреске де ол осындай «қалың қолын» бастап барыпты. Балалар дамылсыз еңбектеніп, тезек жинап, түтін түтетіп, егістіктен шегірткені үркітіп, жас егінді барынша қорғапты. Өйткені, бүгінгі егін ертең дастарқандарына келер азық екенін олар жақсы түсінген-тін. Болашақ ақын талай рет Құсайын атасына серіктесіп, жылқы да қайырған екен. Анасына қолқанат боп қой, бұзау бағысқаны өз алдына бір әңгіме. Одан қала берді Мөнтей әже, Бәтина апа сияқты әжесінің құрбы­ла­ры­ның отын-суын тасысып, қолынан келген жақ­сылы­ғын аямай-ақ жүрген көрінеді. Оқушы Мақатаевтың осы мінездері оның кейінгі тұтас өмірінің дағдысына, ұстынына ай­нал­­ған десе болғандай. Оған мұзбалақ ақын­ның өз жырлары дәлел, ол жайлы жазылған сандаған естеліктер куә! «ШЕШЕ, СЕН БАҚЫТТЫСЫҢ!» – Әжесі дүниеден өткеннен кейін Мұқа­шым­ның көңілі құлазып, бұрынғысынан да ойлы қалыпта жүрді. Мені «шеше» деп бірден мо­йындап кетудің оңай еместігін ішім сезеді, әрине. Тықақтамай, жайына қойдым. Бір күні аз-кем ойланып отырды да: «Сендей сары бәй­бі­шенің маған дап-дайын шеше болғанын қара­саңшы!» – деді құлыным көтеріңкі әрі қуақы үнмен. «Е-е, болса несі бар, шешеңмін ғой!» деу­ге де шамам келмей, не айтарымды білмей мен де тек күле беріппін. Содан былай балам әзілдескісі келгенде «Нақа» деп, ал жай­шы­лықта «шеше» деп жүрді. Бір күні Мұқаң табалдырықтан аттар-аттамастан: – Шеше, мен күйеуіңді тауып келдім! – дейді арсалаңдап. – Мынау не дейт?! – деп үміт аралас шошына сауал тастаған анасына істің мән-жайын түсін­діре бастайды. Мүмкін ауылдық кеңесте хатшылық қыз­мет­те жүргенінде жазды ма екен, әлде басқа жағдайда..., әйтеуір, Мұқаң әкесі Сүлейменнің қай майданда соғысып, сүйегі қайда қалғаны ту­­ралы одақ көлеміне іздестіру хат жолдаған ғой. Сол деректерді тауып кеп тұрған беті екен. Ерін жоқтап егілген анасын тағы да сол өзіне тән жайдары да, кей сәттері Нағиман апаға тарт­қан қуақы мінезімен жадыратып алса керек. Ұлының ешкімге ұқсамас, небір дара қы­лық­тарын еске ала отырып, Нағиман апа тағы бір үлкен сырдың бетін ашқандай болды. – «Шеше, аман болсам, сені әлі Мекке, Мединеге апарып қайтам. Алай-бұлай боп кетсең, сол қасиетті мекенге жерлеймін. Қасиетті са­пар­ға төтеп берсең, қайтып әкеп, өз ортаңда «Қажы апа» атандырам», – деді бір жолы қа­рағым. «Ә-ә-ә, ниетіңе жет, балам!» – дедім де қойдым. Сөйтсем, баламның маған жасамақ болған жақсылығының ең үлкені сол екен ғой! Онысын өлеңдерімен таныса отырып, кейін білдім. Айтса, айтқандай! Ана үшін бұдан артық сый болар ма! Жаратушының биік өлшемдері бо­йынша, кез-келген нәрсе ниетке тікелей бай­ла­нысты екен. Қалта жұқалығының немесе бас­қа да жетіспеушіліктер кесірінен ол мақса­тын орындай алмаса да, пенде шіркін бар ниетімен, ынты-шынтысын салып, Алла риза боларлық істерге бар жүрегімен ұмтылса, аса Қамқор Иеміз адал құлының әлгі ниетін орын­далдыға балап, қабыл етуі бек мүмкін кө­рінеді. Жаратушы үшін ешбір сыр құпия, ал «жүзеге асырам» десе ешқандай іс қиын емес қой! «Иншалла, Мұ­қағали перзенттің осы бір мү­бәрак ниеті қабыл болып, Ақиық ақын ана­сы екеуі жұмақтың төрінде жүрсе ғой, шір­кін!» деген тілек кө­ке­йімізде күмбірлеп тұр. Еске алар болсақ, атеис­тік Кеңес өкіметі тұ­сында анасына айрықша құрмет көрсеткісі кел­гендердің аузынан мұндай арманның естілуі екіталай еді ғой! «Бәрі рас айтқанының Ақ Алланың, Құм менен топырақтан жаралғанмын. Құдайдың құлымын мен, мұсылманмын! Ақиқатын аңсаймын ақ арманның...», – деп Мұқағали ақынның өзі жырлағандай, ол мынау фәни дүниеде шындыққа шөлдеп, Ақиқатқа ұмтылып өтті. Ал Ақиқат дегеніңіз – Алланың тоқсан тоғыз атының бірі. Мұзбалақ ақын осы­нау жарық жалғанда «тағдырдың бір жарыт­пай-ақ қойғаны-ай!» – деп нали тұра Жара­ту­шыға деген іңкәрлігін сақтай білді. Оған тағы­да сол жырлары – куә! Нағиман апа бір сөзінде: – ...Баламның бойында, біз түсіне бермейтін, әйтеуір, белгісіз бір нәрсеге сенген, ешкімге де, ешнәрсеге де тәуелсіз, еркін бір мінез бар еді. Сондықтан ба, әйтеуір, шен-шекпен­ді­лерге бас ұра бермейтін. Бірақ өзінен кішілерге ерекше мейірімді еді, – дей келіп, ақын өмі­рінің соңғы сәттеріне қатысты әңгіме өрбіткені бар. – Соңғы жылдары ауруы жанына батың­қырап, балам қатты жүдеп жүрді. Ауруханада емделіп біраз жатты да. Ұмытпасам, 1­974 ­жылы қазанның 14-де ауруханадан қа­шып келді. «Балам-ау, мұның қалай?» дегенімде: «Тік­теп келген ажалды көріп алармын. Құ­рысын, пышаққа ілінгім келмейді», деді жайбарақат. Сол жолы жаңа жылда Тоқ­тарбай бәріміз бірге болған едік. Жаңа жылды Мұ­қағалиым сүтпен қарсы алды. «Келер жы­лымыз осындай ақ болсыншы!» – деді өзгеше бір шамырқанысты үнмен. Мынау қу тірлік, ащы өмірдің уытынан шар­шаған, қалжыраған ба­лам­ның сол бір қылығы жүрек түкпіріндегі бір сәулелі үмітінің белгісі екен ғой. «Ел сияқ­ты өмір қызығына меймілдеп жүрудің орнына менің осы балам неге сонша қапалы, көңілі неге ашқұрсақ?» деген ойлардан дөңбекшіп, таң­нан таңға көз ілмес едім. Мұқағалиымның мінезі табиғатынан ақжарқын, көпшіл әрі сенгіш еді ғой... – деген еді ол. «Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім, Жақсы жыр жазсам, халқым, елеңдестің. Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда, өлеңді ешкім!» Нағиман апаның бізге айтқан әңгімелері де мұзбалақ ақынның осы ойларына саюшы еді. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ. ________________________ Суреттерде: Мұқағалидың анасы; Нағиман ананың кесенесі.