15 Наурыз, 2011

ЖАҢА...

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
...ОРКЕСТР ТҰСАУ КЕСТІ Бұған дейін облыс мәдениеті мен өнеріндегі «бір кем дүние» – ұлттық аспаптық оркестрі болып келген.  Көп жылдардан бергі ізденіс өз нәтижесін беріп, жақында облыстық филармония­ның жанынан жаңа ұлттық аспаптар оркестрі дүниеге келді. Алпыстан астам талантты өнер қайраткерлерінен тұратын өнер ұжымына белгілі дирижер К.Серімбетов пен М.Рахманқұлов жетекшілік етуде. Облыс көрермендері мен қонақтары Наурыз мерекесі қар­саңында оркестрдің орын­дау­ында Түркештің «Көңілашар», Құрманғазының «Серпер», «Балбырауын», Нұрғиса Тілен­диевтің «Әлқисса», «Махаббат», Ықыластың «Жезкиік» және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» деп аталатын күйлерін сүйсіне тыңдайтын болады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * ...РЕКТОР ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ Білім және ғылым ми­нистр­лі­гінің бұйрығымен облыс ор­та­лығындағы мемлекеттік педа­го­гикалық институтының ректоры болып педагогика ғылымдары­ның докторы, профессор Тахир Балықбаев тағайындалды.  Об­лыс орталығындағы педаго­ги­ка­лық институт осыдан он жылдай уақыт бұрын ашылған болатын. Қазір мұнда 10 мыңдай студент білім алуда. Жаңа ректор бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің білім берудің мемлекеттік стан­дарт­тары мен тестілеудің ұлттық орталығының директоры, ғылым саласындағы бақылау және аттестаттау комитетінің төрағасы сияқты қызметтер атқарған. Про­фессор Тахир Балықбаевтың жүзден астам ғылыми еңбегі, ар­найы жазған оқу-әдістемелік құ­рал­дары, монографиялары бар. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * ...ЖУРНАЛ ЖАРЫҚ КӨРДІ Облыста қазақ және орыс тілдеріндегі «Білезік» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем түрлі-түсті журналының тұсаукесер саны жарық көрді. Оның  құрылтай­шы­сы – «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС. Журналдың алғашқы бетінде облыс әкімінің орынба­са­ры Сара Нұрқатованың жаңа ба­сылымға құттықтау тілегі  ба­сыл­ған.  Ол  журналдың оқыр­ман­дардың нағыз сырласына айналатындығына, елімізде атқа­ры­лып жатқан ұлы істерге  елеулі үлес қосып келе жатқан ана­ларымыз бен апа-қарындас­та­рымыздың  үлгілі істерінің жар­шы­сы боларына сенім артады. Еліміздің аумағына тараты­латын журналдың алғашқы саны әзірге 2000 данамен жарық көр­ген. Одан өңірдегі  аяулы  аналар мен түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген қыз-келін­шектер  туралы мол мағлұматтар алуға болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе.