Мен бүкіл саналы ғұмырымды білім беру саласына арнап келе жатқан адаммын. Әсіресе, данышпан Абай мен ұлы Мұхтар Әуезов шығармаларын оқыту жөніндегі кітаптар жазу барысында ұлтымның асыл қасиеттеріне, қажыр-қайратына ешкімге ұқсамайтын қадіріне, салт-дәстүріне, бай тіліне тәнті болып келемін. Содан да болу керек, қазақ десе, қазақ жұрты десе, оның абыройы десе, орнымнан тік тұрып, бетіне иненің жасуындай шаң-тозаң қондырмауға ант етіп жүретінім. Төрткүл дүниенің мықты деген талай елінде болдым. АҚШ-қа да барып, олардың мұғалімдеріне дәріс оқыдым. Сөйтіп, қазақты таныттым. Сонда көріп- білгенім, кім болсаң да олардың заңына, тәртібіне бағынады екенсің. Қия тартуға, еркіндік деп еркелік жасауға, өзім білемін деп бұлтақтауға жол жоқ.
Мен мұны неге айтып отырмын? Себебі, соңғы кездері басқаны былай қойып, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасында ұлттық үлгіден ауытқып хиджаб кию етек алып бара жатыр. Бірден айтайын, мен бұған қарсы адаммын.
Иә, үстемдіктің небір сойқандарын бастан өткізген Қазақ елі тәуелсіздігін алып, төрткүл дүниеге бодан емес, бостан екенін танытты. Бұл күнге қалай жеттік дегенге айтар жауабым, ұстаған бағытымыздың дұрыстығында жатыр. Ең бастысы, біздің Ата Заңымыз барлық адамға тең құқық беріп отыр. Гуманизм, имандылық, ізгілік жағынан болсын көш ілгері тұр. Қайталап айтамын, дәл осындай еркіндікті берген заң өркениетті елдердің өзінде де кемшін десем, қателесе қоймаспын. Тіл, дін жағынан кейбір елдерде шектеудің бар екенін естіп жүрміз. Сөйте тұрып, еркіндікті еркелік деп ұғып, бүйректен сирақ шығаратын, өзгені қойып, өз қандастарымыздың бар екені төбе көрсетеді. Ал сырттағы елдің қызыл-жасылына көз салып, заңы ондай екен, талабы мынандай екен дейтіндердің ұшқары сөзін естігенде – өз мемлекетімізді өзгенің қолжаулығына айналдырмайық, ағайындар, осы күнге қалай жетіп едік, жүздеген арыстарымыздан, миллиондаған қандастарымыздан айырылдық, соны неге естен шығарамыз дегім келеді.
Заңның да заңы, әдеттің де әдеті бар емес пе? Бесіктен белі шықпаған, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген қыз балаға хиджаб кигізу қазақ жұртының қай салтында бар еді? Қажет болып жатса, баладан бастап, қартқа дейінгі ұлттық үлгідегі киімдерімізді кигізелік. Соны үрдіске айналдыралық. Мен бойжеткендердің киім киісіне уақытша ағым шығар деп көп мән бере бермейтінмін. Ал бүлдіршіндерді бүркеп қойған қылықты қолдамаймын. Бұл біздің ұлтымызға жат нәрсе ғой. Теледидарды көріп, басылымдарды қарап отырамын. Тіпті, күшке салғылары келетіндер де табылып жатады. Бауырлар-ау, 20 жылға енді толғалы отырған тәуелсіздігіміздің қадіріне жетейік те! Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Ендеше, заңға бағынуымыз керек, біз зайырлы елміз, осыны естен шығармайық. Егер біз өз заңымызды, өз салтымызды өзгенің үлгісіне айырбастап жіберсек, біраз жылдардан кейін ұлттық болмысымыздан айырылып қалмаймыз ба? Сондықтан да тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, елдік тұғырымызды биіктете берелік. Бұған ұйытқы болатын да, тірек болатын да Қазақ елі, қазақ жұрты.
Өз дәстүрімен жүрген қазақ халқының қыздары қашан ұя бұзып, шектен шығып еді? Ұлы аналарымыз бетін бүркемей-ақ ұрпағын дүниеге әкеліп, әспеттеп өсіргенін кім жоққа шығарады? Мен дінге қарсы емеспін, бір Жаратушының бар екеніне бұрын да сенгенмін, қазір де сенемін, шек келтірмеймін. Мен ғана емес, ата-бабаларым да, әкем де, анам да сондай болған. Ендеше, дінімізді құрметтей отырып, дәстүрімізді де ардақтайық.
Дін киім киюде емес, ізгі жүректің түкпірінде жатсын. Балаға хиджаб кигізуге қарсы екенімді білдірдім. Ондай киім оның денсаулығына да кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе, күн қайнап тұрғанда шымқанып жүру қыз балаға оңай соқпасы анық. Олар дене тәрбиесі пәніне қатысып, шынығып, саламатты өмір салтын үйренуі тиіс екенін де естен шығармағанымыз ләзім. Оның үстіне қыз баланың еркін ойнап, еркін жүріп-тұруына да хиджабтың кедергісі аз болмас деп білемін. Бір кездері біздің өңірде де ондайлар кездескен. Түсіндірдік, ұлт екенімізді ұқтырдық, салтымыздың қандай екенін дәйектедік, соңы жақсы аяқталды.
Адам өзі таза болса, ар-ұятын, қыз балаға тән нәзіктікті сақтаса азбайды да тозбайды. Құран Кәрімде барлық ұлт осылай болсын деген қағида жоқ, оны дін өкілдері де айтатын шығар. Негізінен, біздің дін саласында жүрген азаматтарымыз осындай нәрселердің алдын алып, ақаулыққа жол бермей, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізсе, қане. Діндегі еркіндікті еркелікке ұластырмайық, ел заңына ден қойып, береке-бірлігімізді сақтайық деген қағидатты олар әркімнің қалауы деп көлгірсімей, өзге дін өкілдерінен асырып айтса, артық болмас еді. Бір қызығы, біздің дін иелерінен гөрі, Отанымызда өзге жат діндердің үні кейде өктем естіліп, солардың соңынан еретіндер туралы жиі айтылып қалып жатады. Сол тұста бұл қалай болды деген сұрақ жүрегімді шабақтап, шарасыз күй кешетінім бар. Бостандығымызға дақ түсіретін дарақы қылықтан, жат әдеттен сақ болсақ екен. Сақтансаң ғана сақтаймын деген ғой Алла!
Әрине, кейбір ағайындар басып бара жатқан батыстық үлгіні неге сөз етпейді дейтін шығар. Мен оған да қарсымын. Қолдаған емеспін, қолдамаймын да, әр қазақ қазақ болып туып, қазақ болып өмірден өтуі тиіс. Сонда ғана ол ата-баба аманатын орындап, ата-ананың батасына адал болады.
Біз бұл дүниеге пәк, бетіміз ашық сәби болып келіп, сондай кейіпте ол дүниеге кетеміз. Мұның астарында адамға ой салар үлкен философия, тағылым, таным жатыр. Байсың ба, кедейсің бе, бастықсың ба, кәрісің бе, қазақсың ба, орыссың ба – қай ұлттың өкілі болсаң да осы көрініс ортақ.
Жасыратыны жоқ, Абайдан алған үлгі ме, Мұхтардан дарыған қасиет пе, жанымдай жақсы көріп отырсам да кейде өз қандастарыма өкпелеп қалатыным бар. Мен ана жасын былай қойып, пайғамбар жасынан асып бара жатқан жайым бар. Көңілге келсе де айтайын, әсіреқызылға әуеспіз. Біреуден бір нәрсе көре қалсақ, соны алуға, жылтырағына телміре қарап, үйрене қойып, үлгі тұтып, ой мен бойымызға шақ па шақ емес пе демей жапсыра салуға құштармыз. Әрине, әркімнің өз талғамы бар дейік. Дегенмен, қазақ екенімізді естен неге шығарамыз? Мәселе киімде емес, баланың тәрбиесінде жатыр. Соған бірінші кезекте назар аудару керек.
Менің қазағым оң жақтағы қызын алтындай сақтап, алақанында ұстаған. Аяулысына балап, бетінен қақпай, тексіздікке жібермей, жақсы әдет, өнегелі сөзбен өсірген. Ең бірінші жан тазалығы мен тән тазалығына назар аударған. Аппақ қалпында ардақтысының қолына тапсыруды, ел алдында ұятқа қалмай ұзатуды ойлаған. Бұл менің ата-бабамның мақсаты, ақ тілек, арманы еді. Осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан. Әлі де бұл үрдіс заманға қарай жаңарып, орнығып келеді. Бұл біздің жарасымды жаңашылдығымызды көрсетеді.
Шеттен келгендерге еліктеу опа бермейді, опындырады. Сондықтан қандастарыма қарап айтарым, ата-бабамыз жетпеген бақ пен бақытты, құт пен берекені қадірлейік! Адалдық танытайық! Осыдан кем болмаймыз, қайта кең боламыз. Қазағым өзінің дінімен-ақ, салт-дәстүрімен-ақ бізге осынша байтақ даланы, ұлан асыр байлықты қалдырған ғой. Бұл – олардың аманаты. Осы аманатты кейінгілердің қолына – өзгеге еліктеп-солықтамай, жақсымызды дәуірге қарай адалдық таразысының басында өлшеп, басқаның зияны жоқ жақсысымен дамыта білсек, ұтылмаймыз, ұтамыз. Көзсіз біреудің «құшағына» кіріп кету, наным, сеніміне илану, құдірет санап берілу, құлдай құлшылық жасау, не көзге от боп көрінген жылтырағына қол жылытамын деп, артынан өкіну опа бермейді. Арғы-бергі тарихты қарап отырсаң, сондай жат қылықтан жойылып кеткен жұрттардың қасіретін аңғарғанда әттең-ай, әй дейтін адамы, айбынды анасы, қой дейтін қожасы, болмады ма екен дейсің.
Біз – қыз тәрбиесінде өзгенің емес, өз үлгімізге жүгінейік. Үш бидің аталы сөзіне ден қоялық. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана! Алып та, батыр да, дана да анадан туады. Қазақтың қай анасы бетін бүркеп жүріп еді? Әлемге үлгі болған қазақ аналары хиджаб киіп жүріп пе еді? Ер-азаматтың қатарында жауға шапқан қыздарымыздың кескін-келбетін көз алдымызға елестетіп көрейікші. Оны айтасыз, ұлға балап өсірген қызды жігіт деп шатасқандар да аз ба еді тарихта. Арыға бармай-ақ бүгіннен мысал келтірсем, қазағымды төрткүл дүниеге танытқан Айман Мұсақожаева мен Жания Әубәкірова, Майра Мұхамедқызы, Роза Рымбаева, кеше ғана өмірден озған жез таңдай әнші Роза Бағланова кімнен кем? Хиджаб кимесе де халқымыздың әдет, әдебімен-ақ әлемді баурап алды ғой. Солардай болсақ деген шетелдіктер табылған. Бірақ олар ұлттық үлгісінен ұзап кете алмаған. Біз де сондай өз дінімізге, салт-дәстүрімізге, дінімізге, ділімізге адал болуымыз керек. Өзіміз ғана емес, ұрпағымызды да сол жолдан адастырмай, алға оздыруға тиістіміз. Соңғы айтарым, ата-аналар, ұрпағымызды қазақы қалыпта, ұлттық үлгіде тәрбиелейік. Өзгенің әдет-ғұрпына сақтықпен қарайық.
Қанипа БІТІБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Өскемен.