Ақмешіттің аспаны қанша күннен бері түнеріп тұрған. Жауайын деп тұрған жаңбырды жынды жел келіп, қуып кетеді. Кеше таңертеңнен бастап кеберсіп жатқан жерге жаңбыр тиді. Айнала жадырап сала берді. Көктемнің құдіреті деген осы шығар.
Үздіксіз жауған жаңбырға қарамастан, орталық алаң халыққа лық толды. Жалынды ұрандар жаңбырмен бірге аспанда қалықтап тұр. Бұл – алдағы болатын сайлауда президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға келген адамдар еді. Митинг төріне «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулин бастаған бір топ азамат көтерілді. Олардың қатарында Қуаныш Сұлтанов, Бекболат Тілеухан секілді Парламент депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық ассоциациясы төрағасының орынбасары Бақытбек Смағұл секілді елге танымал азаматтар бар-тын. Сондай-ақ жиынға «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының өкілдері де қатысты.
Митингіден кейінгі жиын облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрында жалғасты. Оған облыс жұртшылығы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ақсақал-ардагерлер мен жастар келді. Алғашқы сөзді «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин алды.
– Алаштың анасы атанған қасиетті де киелі Сыр өңірінде бас қосып отырмыз. Даласы дархан, халқы жайсаң жұрттың құшақ жайып қарсы алғанына қуаныштымыз. 90-жылдардың бас кезі барлығымыздың есімізде шығар. Жұмыс жоқ, дүкен сөрелері бос болып тұрған уақытты ешкім ұмыта қоймас. Бірақ көп ұзамай еліміз әлемдегі әлеуетті мемлекеттердің біріне айналды. Жаңа құрылыстар салынды. Жұмыс орындары ашылды. Мұның бәрі ел үшін, мемлекеттің болашағы үшін жасалған жұмыстар болатын. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында сайлау өткелі отыр. Осы орайда елін, жерін қадірлейтін әрбір азамат президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс береді деп ойлаймын, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Жалпы, Сыр өңірі – сөз құдыретін түсінетін, түсініп қана қоймай, оның тереңіне бойлайтын өңір. Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын қолдап келген азаматтардың қай-қайсысы болмасын тілге шешен, от ауызды, орақ тілді азаматтар еді. Бірін-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Партия Төрағасының бірінші орынбасарынан кейін сөз алған сенатор Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Бақытбек Смағұл мен Бекболат Тілеухан көпшілікті серпілтіп, санаға салмақ салар ойлы әңгімелер өрбітті. Қазақстан корейлері ассоциациясының президенті Роман Кимнің баяндамасы да халыққа майдай жақты. Сөзін қазақ тілінде бастаған ол мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстанда қазақ тілі деген проблеманың болмайтынына сенетінін жеткізді.
Қызылорда топырағына келген қонақтар бұдан кейін бірнеше топқа бөлініп, облыс жұртшылығымен кездесуге аттанды. Ондай кездесулер Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет сарайында және Сырдария ауданында өтті.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.