15 Наурыз, 2011

Семинар тақырыбы – президенттік сайлау

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орал қаласында өткізілген семи­нарға Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы арқау болды. Оған аудандық, қалалық және облыстық сайлау комиссияларының төр­ағалары, саяси партиялардың өкіл­дері, халықаралық байқаушылар, президенттікке кандидаттардың сенім білдірілген адамдары және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Семинарға арнайы келген Орталық сайлау комиссиясы ақпараттық-сарап­тама бөлімінің бас кеңесшісі А.Омарова алдағы сәуір айының басында өтетін президенттік сайлау аса маңызды саяси шара деп атап көрсетті. Содан кейін ол семинарға қатысушыларды сайлауға әзірлік барысында жауапкершілік көр­сетуге, сайлаудың заң аясында әділ әрі ұйымшылдықпен өтуіне бастамашы болуға шақырды. – Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясы барлық қажетті шараларды ойдағыдай атқарып келеді. Бүгінде үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары шырқау шыңына жетіп отыр. Тиісті заңдылықтарға сәйкес бар­лық үміткерлерге БАҚ-тарда сайлауал­ды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін тепе-тең мүміндіктер берілді. Аталған іс-шараларды атқаруға бөлінген қаражат мөлшері де бірдей, – деді бұдан әрі Алма Мырзағалиқызы. Сонымен бірге семинар кезінде президенттік сайлауға байланысты облыс ауқымында осы күнге дейін атқарылып келген жұмыстар жөнінде де жан-жақ­ты әңгіме қозғалды. Айталық, Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Абай Хамзин төмен­дегіше мәлімдеме жасады: Облыс көлемінде 540 сайлау комис­сиясы құрылды. Оның 14-і аумақтық, 526-сы учаскелік сайлау комиссиялары. Оның құрамына 3780 адам тартылған. Комиссия мүшелеріне парасат-пайымы мен тәжіри­белері мол, кәсіби деңгей­лері жоғары, өз істеріне әркез сергектік пен жауапкершілік таныта білетін мамандар шақырылды. Бүгінгі күнге дейін учаскелік сайлау комиссияларына сол аймақта тұратын сайлаушылардың тізімдері тапсырылды. Мұның өзі сайлаушылардың тізімі толық әрі нақты болуы қажеттігінен туындады. Семинар үстінде Абай Хамзиннің дауыс берушілер тізімі жөніндегі дерегін одан әрі толықтырған А.Омарова Орталық сайлау комиссиясының сай­тын­да да барлық сайлаушылардың тізімі қойылғанын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, ғаламторға кіру мү­мін­діктері бар әрбір адам жеке иденти­фикациялық нөмірін теру арқылы өзінің тізімде бар-жоғын анықтай алады екен. Бұдан соң бас кеңесші семинарға қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап қайтарды. Семинарда Орал қалалық сайлау комиссиясының өкілі Нұрлан Бекқайыр қаладағы сайлауға әзірлік барысы жөнінде есеп берді. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.