16 Наурыз, 2011

Тұрақтылық, бейбітшілік – ел ырысы

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Шымкентте “Нұр Отан” ХДП бастамасымен құрылған “Қазақстан-2020” Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері мен президенттіктен үміткер Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі республикалық штаб өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді. Коалиция мүшелерінің құрамында саяси партия жетекшілері, еліміздің танымал қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері болды. Таңертеңгілік “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ғимаратында өткен кездесуде республикалық қоғамдық штаб­тың төрағасы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орын­ба­сары Н.Нығматулин, “Әділет” демократиялық партиясының төрағасы М.Нәрікбаев,  Парламент Мәжілісінің депутаттары  Б.Тілеухан, Парламент Сена­ты­ның депутаты Қ.Сұлтанов, Ауған соғысы ардагерлері қауым­дас­тығы төрағасының орынбасары Б.Смағұл сөз сөйледі. Кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­ба­сары Ұ.Сәдібеков жүргізді. Іс-шараға облыстық коалиция мүшелері, штаб және партия фи­лиалдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен зиялы қауым, шығармашылық қауым өкілдері, БАҚ бас­шы­лары мен қызметкерлері, “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері қатысты. Жиында сөз алғандар қазақ мемлекетінің басынан қилы-қилы кезеңдер өткендігін, тәу­ел­сіздік алған жылдары іштегі, сырттағы бәз біреулердің Қа­зақ­станды жарқын болашақ кү­тіп тұр дегенге илана қойма­ған­дығын тілге тиек етіп, бүгінгі күннің игіліктеріне тоқталды. Ел ішінде алалық кірген мемлекеттердің іркіттей іріп жатқандығын атап көрсетті. Сөзін қазақтың қасиеті оң­түстікте деп  түйіндеген Бекболат Тілеухан қазір еліміз мем­ле­кеттің тағдыры шешілер сын кезеңде тұрғандығын, сайлауда қателесуге болмайтындығын көл­денең тартты. Еліміздің әрбір бесінші тұрғыны оңтүс­тік­тің адамы. Қазақтың өскен­дігі, өркендегені сіздер берген дауысқа байланысты. Президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзіне жауап бере алатын саяси тұлға. Өтірік уәде берген жері жоқ. Отанымыздың дәулеті артты, берекесі кірді, тұ­рақтылық пен бейбітшілік ны­ғайды. Қазаққа осыдан ар­тық не керек, деді депутат. Жұрт түзу сөзге имандай ұйып, дүркіретіп қол соқты. Сол күні түстен кейін “Қа­зақ­стан-2020” Жалпыұлттық де­мократиялық күштер коали­ция­сының мүшелері топ-топқа бөлініп,  С.Сейфуллин атында­ғы Халықтар достығы үйінде, облыстық өзбек драма теа­трын­да және “Oxy Textile” ЖШС-інде кездесулер өткізді. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.