Қазіргі кезде Ислам Конференциясы Ұйымының өзіндік мәртебесі бар негізгі үш институты – мамандандырылған, субсидиялық және аффилиирленген институттары жұмыс істейді. Соның бірі – Ұйымның мамандандырылған институты. Бұл құрылымның құрамына Ислам даму банкі, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам ұйымы, Халықаралық ислам жаңалықтар агенттігі, сондай-ақ Ислам мемлекеттеріне телерадио хабарларын тарату ұйымы кіреді.
2. МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ИНСТИТУТ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Ислам даму банкі (ИДБ) Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) халықаралық қаржы институты болып табылады. Банк Ұйымға мүше мемлекеттер Қаржы министрлерінің 1973 жылғы 18 желтоқсанда Жидда қаласында өткен конференциясында қабылданған декларацияға сәйкес құрылған. Ал қызметін 1975 жылдың 20 қарашасында ресми түрде бастады. Қаржы ұйымының негізгі мақсаты – банкке қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ете отырып, олардың арасында тиімді ынтымақтастық пен ниеттестікті нығайту және қаржылық-банктік жағынан көтермелеу.
Банктің жүзеге асыратын қызмет аясы ауқымды. Ол ИКҰ-ға қатысушы мемлекеттердің ірі жобаларына, нақты айтқанда, қаржылық келісімдер бойынша әлеуметтік-экономикалық секторлардағы жобаларды инвестициялауға қатысады, жеке және мемлекеттік секторларға қатысты бағдарламаларды несиелеуді жүзеге асырады. Сондай-ақ, Банк халықаралық қаржы институттарымен, қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық жасауды өзінің басым бағыттарының бірі деп біледі. Бұл қаржы ұйымы бұрындары өз ресурстарының басым бөлігін экономиканың мемлекеттік секторын дамытуға бағыттап келген еді. Жаһандық үдерістер мен Ұйымға мүше елдердің жеке секторды дамытуға бет бұруы ИДБ-ның да қаржылық-банктік саясатын өзгертуіне мәжбүр етті. Осыған байланысты банк бүгінде қатысушы елдерге қаржылық қолдау көрсетудің қысқа мерзімді стратегиясын әзірлеуді қолға алуда. Стратегияда мемлекеттерге көрсетілетін қолдау-көмектің деңгейі мен жалпы сипаты және дамудың негізгі басымдықтары нақтыланатын болады.
Ислам даму банкінің есептесу бірлігі – ислам динары. Ал банктің акционерлік капиталы 30 миллиард динарды, яғни 42 миллиард АҚШ долларын құрайды. Штаб-пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Сондай-ақ банктің Рабат (Марокко), Куала-Лумпур (Малайзия) және Алматы қалаларында өңірлік офистері де жұмыс істейді. Алматыдағы офисі 1997 жылы тамызда ашылған. Ол осы өңірдегі Ұйымға мүше елдермен қатар, ТМД-да, Қытайда, Моңғолияда және Шығыс Еуропа аймағында тұратын мұсылман қоғамдастығына қызмет көрсетеді.
Қазіргі кезде ИДБ-ға Гайана мемлекетін қоспағанда 56 ел мүше. Бұл елді мүшелікке алу жөнінде қазірге шешім қабылданған жоқ. Банктің президенті саудиялық доктор Ахмад Мұхаммед Али. ИДБ акцияларының негізгі ұстаушылары Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливия, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері болып табылады. Ал Банктің жоғары басшы органы – басқару кеңесі. Кеңес отырысы жыл сайын мүше мемлекеттердің бірінде жүйелі өткізіліп тұрады.
Қазақстан Республикасының Ислам даму банкімен ынтымақтастығы ойдағыдай деп айтуымызға болады. Ол Қазақстанның 1995 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына мүшелікке кіруінен бастау алады. Өйткені, Ұйымның жарғысына сәйкес ИКҰ-ға мүше болып қабылданған ел де банкке қатысушы болуы тиіс. Біздің еліміз бен ИДБ арасындағы ынтымақтастыққа, жоғарыда атап өткеніміздей, банктің үш өңірлік өкілдігінің бірінің Алматыда ашылуы ерекше мәртебе берді. Сонымен қатар, 2003 жылдың 2-3 қыркүйегінде Алматыда 55 мемлекеттен 600-ге жуық делегаттың қатысуымен ИДБ басқару кеңесінің 28-ші отырысының өткізілуі ынтымақтастықты жаңа сатыға көтерді.
Осындай қатынастардың нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар да жүзеге асырылды. Мысалы, елімізде Ислам даму банкі займының көмегімен Алматы – Гүлшат автокөлік жолының құрылысы салынып, Астана – Қарағанды автожолының учаскесі қайта жөндеуден өткізілді. Сызганов атындағы хирургиялық орталықты жабдықтауға қаржы бөлді, Қарағанды облысының ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз ету жобасын және Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа ғимаратының құрылысын қаржыландырды. Банк сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі физика-техникалық институтының ғылыми-эксперименталдық базасын техникалық жағынан жақсартуға, Бурабай – Көкшетау – Петропавл автожолын жақсартуға, еліміздегі пошта байланысын жаңартуға көмектер көрсетті. Сонымен бірге, Қазақстан ИДБ-ның құрылымдық бөлімшесінің мүшесі болып табылады. Бүгінде еліміз ИБД аясында өзге де ислам қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық орнатуды қолға алуда.
Ұйымның мамандандырылған институтының құрамындағы құрылымның екіншісі – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ислам ұйымы. Бұл құрылым 1982 жылғы 3 мамырда ИКҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде құрылған. Оның штаб-пәтері Марокконың Рабат қаласында орналасқан. Басты мақсаты – Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында білім мен ғылым, мәдениет пен коммуникация салаларындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту болып табылады. Құрылым осыларды негізге ала отырып, адам ресурстарын дамыту, ғылыми-зерттеулер жүргізу, бірлескен мәдени бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, бұл құрылым ИКҰ-ға мүше елдер арасында дінаралық үнқатысу қызметін кеңейтуді өзінің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып келеді.
Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымның жетекші органдары – Бас конференциядан, Атқарушы кеңестен және Бас директораттан тұрады. Атқарушы кеңеске осы құрылымға қатысушы мемлекеттердің барлығы мүше болып табылады. Олардың қатары қазірге – 48. Ал ұйымның Бас директоры доктор Әбдел Азиз бен Осман ат-Туэйджри. Жұмыс тілі – араб, ағылшын және француз тілдері. 2003 жылдың қаңтарында Теһранда ұйымның өңірлік офисі ашылды. Оған Қазақстанмен қатар, 13 мемлекет кіреді. Ұйым 1984 жылдан бастап ЮНЕСКО-мен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.
Қазақстан Республикасының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымға кіретіндігі 1996 жылдың желтоқсанында Джакартада өткен Сыртқы істер министрлерінің ислам конференциясында ресми жарияланған еді. Содан бері біздің еліміз бұл құрылымның барлық ірі іс-шараларына тұрақты қатысып келеді. Арадағы байланыс өз деңгейінде деп айтуымызға болады. Мысалы, аталған ұйым Қазақстанның Ұлттық кітапханасындағы сирек қолжазбаларды қайта қалпына келтіруге көмек көрсетті. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «Қазақстанда исламның дамуы мен таралуы жөніндегі ғылыми зерттеулерді әзірлеу және жариялау» жобасының және Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының «Қазақстанда мұсылмандық архитектураны үйрену» жобасының жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсетті.
2003 жылдың 6-8 қыркүйегінде Триполиде (Ливия) Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымға мүше мемлекеттер Жоғары білім министрлерінің екінші конференциясы өткен еді. Жиын қорытындысында оған қатысушылар өндірістік үдерістерде жоғары білім мен ғылыми зерттеу салаларын интеграциялауға, ғылыми білім беретін мекемелер мен өнеркәсіп секторлары арасындағы байланысты қамтамасыз етуге, ғылыми технологияларды енгізуде жастар мен әйелдердің рөлін көтермелеуге қатысты бірлескен коммюнике қабылдады. Сондай-ақ, осы конференцияда ғылыми-зерттеулерді қолдау орталығы құрылып, ислам елдерінде ғылым мен технологияларды дамыту стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі консультациялық кеңестің жаңа құрамы сайланды. Оның құрамына Азия өңірінен Қазақстан кірді.
Ислам Конференциясы Ұйымындағы мамандандырылған институттың құрамына кіретін үшінші құрылым – Жидда қаласында орналасқан Халықаралық ислам жаңалықтар агенттігі (IINА). Агенттік 1972 жылы Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің 3-ші конференциясында қабылданған қарарға сәйкес құрылған. Оның тілшілері әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейді, сондай-ақ агенттік бүгінде өз тілшілерінің қатарын көбейте түсуді мақсат етіп отыр. Агенттік ИКҰ-ға қатысушы елдердің мүдделеріне ортақ жаңалықтар мен репортаждарды араб, ағылшын және француз тілдерінде күнделікті жариялап отырады. Бұл ақпарат құралының кітап шығаруға да мүмкіндігі бар. Мәселен, бұдан бірнеше жыл бұрын агенттік Босния мен Герцеговина және Сомали елдері туралы кітаптар шығарған.
Негізінен ІІNA өз жаңалықтары мен ақпараттарын Катар жаңалықтар агенттігі арқылы араб, ағылшын және португал тілдерінде араб әлемімен қатар, Азия, Америка және Еуропаның 700 елді мекеніне таратып келеді. Сонымен бірге, агенттік жаңалықтар бюллетенін мүше мемлекеттерге электронды пошта бойынша күн сайын жіберіп отырады. Бұлардан бөлек ІІNA Панафрика жаңалықтар агенттігінің қызметін (РАNA) пайдалану арқылы өздерінің жаңалықтар бюллетенімен Африкадағы елдерді де қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде агенттікте бұқаралық ақпарат құралдарында жеке секторды дамытуға байланысты реформалар қолға алынып жатыр. Ондағы мақсат – агенттікті ИКҰ-ға қатысушы елдердің тәжірибелер алмасатын орталығына айналдыру, мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін нақты көрсету, жыл сайын мұсылман әлеміндегі ерекше маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғалар туралы кітаптар шығару, мемлекеттер арасында ақпараттар алмасуға ықпал ету.
Мамандандырылған институттың төртінші құрылымы – Ислам елдеріне телерадио хабарларын тарату ұйымы (ISBO). Бұл ұйым 1975 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның қызметі – әлем жұртшылығын ислам өркениетінің құндылықтарымен таныстыру, ислам мұраларының маңызын насихаттау, шетелдіктерді араб тіліне үйрету, радио және теледидар бағдарламаларымен алмасу, сондай-ақ ислам мәдениетін насихаттау. Ал ISBO-ның штаб-пәтері Жидда қаласында орналасқан.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.