16 Наурыз, 2011

Жайылымның тамыршысы

586 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақ қашанда «Шығар биігің тұғырлы болсын!» деген сөзді бо­ла­шағынан мол үміт күттіретін тұл­ғалы азаматтарға арнап айтады. Халқымыздың осы дана сөзін еске алған сайын бұ дүниеден озғанына екі жылдың жүзі болған досым, үлкен ғалым Қасым Асанов көз алдыма келеді. Қазіргі Атырау облысының Құр­манғазы ауданы, Өтері ауы­лында қа­рапайым отбасында 1931 жылы 1 қаң­тарда дүниеге келген Қасымның балалық шағы сол облыстағы Ба­лық­шы ауданы, Тасқала ауылында өтеді. Алматыға 1947 жылы жеткен ол сол келгеннен бірден Қазақтың ау­ыл шаруашылығы институтына оқу­ға түседі. Оқуды бітірген соң жа­лындап тұрған жас маманды үкі­мет пен партия 1952 жылы Маң­ғыстау республикалық ауылшаруашылық институтының бас маманы қыз­ме­тіне, кейін, яғни 1955 жылы ауыл­ды көтерейік деген үндеуге бай­ланысты Алматы облысына жібереді. Бұл кездері Қасым Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруа­шы­лық академиясын тәмамдап, Қазақ ауылшаруашылық институ­тын­да аға оқытушы болып қызмет етіп жүрген болатын. Содан не керек, колхоз-совхоздарды көтеру үшін барын салып 15 жылдай ең­бек етті. О баста таңдап алған мамандығының арқасында Қасым Әбуұлы ауыл шаруашылығының барлық ұңғыл-шұңғылымен жете танысып, болашақ ғылыми жұмыс­тарының арқауына айналатын бай тәжірибеден өтті. 15 жылғы ерен еңбек, маңдай тер босқа кетпеді. Социалистік Ең­бек Ері атағына ие болып, «Алтын жұл­дыз» және Ленин орденімен мара­пат­талды. Әділ де білікті бас­шы ретінде бағалаған колхозшылар өз бас­шыларының қоладан жасал­ған мү­сі­нін колхоз орталығына қойдырған. Бұл халықтың жүрегін шын жарып шық­қан аса үлкен құрметтің белгісі еді. Шаруашылықты кітаптан немесе басылым беттерінен ғана білу емес, практика мен теорияны ұш­тас­тырғанда ғана меңгеруге бола­тынын, сонда ғана ғылыми жұмыс­тар­мен айналысып, ауыл шаруа­шы­лығына қажетті, оның ең ұр­ым­тал мәселелерін дөп басып, оны әрі қарай өркендетуге септігін тигізетін ғылыми жұмыстар туындатуға болатынын Қасым Асанов шын мәнінде дәлелдеді. Асфальтта өс­кен ғалымдармен салыстырғанда, оның ашқан жаңалықтары мен ғы­лыми әдістемелік ұсыныстарының арасы жер мен көктей болатыны да содан болса керек. Ауыл шаруа­шы­лығына жетік маман осының бәрін місе тұтпай, тағы да білім жетілдірсем деген оймен 1969-73 жылдары докторант, кейіннен К.А. Ти­мирязев атындағы Мәс­кеу ауыл­шаруа­шы­лық академиясының аға ғылыми қызметкері бол­ды. 1972 жылы док­тор­лық дис­сер­та­ция­сын қорғады. Заман ағымының та­­мырын тап басып, ой-сананың өрісін ке­ңей­ту үшін Қасым Әбу­ұлы ұлт­тың өсу, өркендеу, қа­лыптасу кезеңдеріне көз жүгіртіп, ата-баба жай­ла­уының көз алдында тозып бара жатқанына жаны ауырды. Тірші­лік­тің қатал талаптарын те­рең түсінуге тырысып, көз ілеспес жылдамдық­пен өтіп жатқан зы­мы­ран уақытта «атом заманында өмір сүріп жа­тыр­мыз, бізге мал жа­йы­лымдарынан гөрі атом станса­ла­рын салу маңыз­дырақ» деген жа­лаң көзқарастың жетегінде кетіп бара жатқан билік басында­ғы­лардың назарын қарапай­ым жұрт­ты асырап отырған жер жағдайына аударуды өзінің парызы деп есептеді. «Біз Кеңес одағы жайылы­мы­ның 55 пайызына иеміз. Табиғат­тың бұл сыйына тек тұ­ты­нушы ретінде қарайтын болсақ, енді 20 жылда балаларымыз бен немерелерімізге дым қалмайды» деп жазды ол орталық басылымдар бетіндегі мақалаларында. Ол 1987-2003 жыл­дары «Азық және жайылым» ғы­лыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры болып қызмет атқарып жүрген кезінде өзінің жанайқайын осындай мақалалар арқылы да билік басындағылар назарына жиі салып отырды. Асановтың жетекшілігімен республикалық мақсат­тық ғылыми-техникалық «Азық және жайылым» бағдарламасы жа­салып, нәтижесін­де, респуб­ли­ка­ның жайлау, суары­ла­тын және жайылым жерлерінде өн­діріс мәселелері шешілді. Академик Асановтың тікелей жетекшілігімен, аймақтарда демеу пункттерінің желісі пайда болып, Каспий теңізі, Волга және Орал жағалауындағы аудандардың жайлау шаруашылығын жақ­сарту бойынша жобалар әзірленді. Атырау қаласында Азық өн­ді­рісі және жайлау ғы­лыми-зерттеу инс­ти­ту­тының батыс бөлімі құрылды. Қасым Әбу­ұлы жетекшілік еткен жылдары тек Қазақ­станда ғана емес, со­нымен қатар алыс жә­не жақын шетелдерге де танылып үлгерген Қазақ азық өндірісі және жайлау ғылыми-зерттеу институты ірі ғылыми орталыққа айналды. Қ.Асанов халықаралық ICARDA ғы­лыми орталығы, Калифорния университеттері, Колорадо және Вашингтон халықаралық даму ор­талығы, және Ұлыбритания жерді пайдалану институты, Қытайдағы дала институты ғалымдарымен бір­лесіп өткізетін жайлау экологиясы бойынша ғылыми-зерттеулер бағ­дар­ламаларының жетекшісі болды. Айтулы ғалым 150 ғылыми ең­бектер, азық өндірісі және жайлау шаруашылығының маңызды мәсе­лелері бойынша 11 монография, көп­теген оқулықтар жариялады. Ол елімізде алғашқы «Қазақ­стан­ның жайлау шаруашылығы» оқу­лы­ғының авторы болып табылады. Оқулық қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығып, Жапонияда ағылшын тілінде басылды. Ұжым басқарудың ауыртпа­лы­ғын, оның жауапкершілігін абзал азамат қана арқалайтыны белгілі. Оған тәуекел деп кіріскен бас­шы­ның жанторсығы қашанда терең ой, елім, жерім деп соққан ыстық жүрек, адал ниет болуы тиіс. Осы­ның бәрі Асановта бар еді. Адал да, жанкешті еңбегінің арқасында ол Алматы облысы, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы, Сайрам ауданы, Алматы облысы, Талғар ауданы­ның Құрметті азаматы атақтарына ие болды. Қазақстан ғылымын көп­те­ген халықаралық конгрестер мен конференцияларда паш ету құқы­ғына ие болып, қазақ ғылымының флагманы ретінде ол халықаралық жиындарда қазақстандық ғылым­ның жетістіктерімен таныстырды. «Жайылым шаруашылығына тү­бегейлі өзгеріс жасау үшін оны кешенді түрде игеру қажет. Ғы­лыми-өндірістік «Жем-шөп және жайылым» бірлестігі зерттеу, тә­жірибе жұмысын жүргізе отырып, жайылымды кешенді игерудің үлгі­сін ұсынды. Бұл үлгіге бұрынғы мал қыстаулары негізге алынған. 1200-1500 бас саулық қойды бағуға мүмкіндік беретін өндірістік және тұрғын үй нысандары, кепілді суы бар, жан-жағы қоршалған мәдени жайылымды біріктіретін кешен болуға тиіс. Ол айналадағы ортаны қорғау талаптарына сай келеді», деп жазыпты ол 1991 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мал шаруа­шы­лығын дамытып, өркендету жө­нін­де реформа жасамақшы. Міне, Асановтардың ғылыми-зерттеулер­ге негізделген ұсыныстары мен әд­істемелері дайын тұр. Министрліктегілер тек назар аударып, тәжі­ри­бе жүзінде енгізсе болғаны. Қасым Асанов 2008 жылы бұ дүниеден озды. Жақсы адам, адал дос, білікті маман, ғұлама ғалымнан тағдыр­дың жазуымен айырылып қалған кез­де барып, оның орнын еште­ңе­нің де, ешкімнің де толтыра ал­май­тынын жан-дүниеңмен сезінесің. Ал Қасымның асыл жары Дария Оразқызының мәңгілік сағынышқа айналған өткен өмір белестерімен өмір сүріп, Қасыммен өткерген әрбір жылды, күнді жан жүрегі елжірей еске алумен келе жатқанын жақсы түсінемін. Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.