Биылғы Жолдаудағы мақсат-міндеттерді мүлтіксіз атқару жөнінде Білім және ғылым министрлігінде алқалы жиын өтті. Алғашқы сөзді министрліктің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсілов алып, «Сапалы білім Қазақстанның индустриялануы мен инновациялық дамуының негізі болуы тиіс» деген басты қағиданы алға тартып, сол бойынша іргелі мекеменің атқаратын жұмысы мен алда тұрған міндеттерін саралады. 2020 жылға дейінгі білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша іс-қимылдарды да алға тартты. Алқа жиынында академик М.Жұрынов, Тұран университетінің ректоры Р.Алшанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайымов, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі М.Дудкин Астана қаласындағы №40 мектептің директоры Е.Іргебай т.б. ойларын ортаға салды.
Алқа жиынын қорытындылаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Жолдаудың аясында шешімін табатын істерді жан-жақты бағамдап, он жылға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша атқарылатын жұмыстарға еліміздегі және әлемдік дамудағы өзгерістер енгізіліп отыратынын, әр жыл сайын жаңарып жатқан өркениет көшінен қалмау керектігін атап өтті. Әсіресе, университеттерде білім мен ғылымның ұштас жүргізілетінін ғылыми-зерттеу институттарының бөлек екенін, алдағы уақытта біртіндеп зерттеу университеттерінің де ашыла бастайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ғылым саласындағы өзгеріске байланысты Ұлттық ғылыми кеңестің құрылатынын, оған білім-білігі мықты азаматтарды тарту қажеттігін назарға салды. Жастар тәрбиесіне келгенде ескі сүрлеумен бұл жауапты істі оқу орындарының басшылары орынбасарларына тапсырып қоймай, тікелей өздері айналысу қажеттігін қадап айтты. Ал жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселесінде бәрін халықтың сұранысы шешетінін, қажет мамандарды дайындап жатқан жоғары оқу орындарына қашанда жол ашық екенін алға тартты. Ол сонымен қатар, түркітілдес мемлекеттердің біздің Отанымызда шаңырақ көтерген академиясына, тәуелсіз мемлекетіміздің 20 жылдығына білім-ғылым саласында жүрген әр азамат өзінің үлесін қосу керектігін де білдірді.
Сүлеймен МӘМЕТ.