Елімізде адам денсаулығы ең басты назарда тұратындығы белгілі. Бұл Конституцияда, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексінде, Адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерде кепілдік берілген құқықтармен реттелген. Соған орай қазіргі уақытта ақ халатты абзал жандардың Гиппократ антына сай адал жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалынуда. Әсіресе, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен және небір техникалармен қамтамасыз етілген жаңа ғимараттар көп-теп салынды. Енді осы талаптарға сай білікті мамандар болса денсаулық саласында ешбір мін туындамауы керек секілді. Алайда, бүгінде дәрігерлік қызмет көрсету ісіне халықтан арыз-шағым жиі түседі. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, қолда заманауи жаңа құралдар жеткілікті болғанымен олардың тілін білетін және антына сай халыққа қызмет көрсете алатын ақ халаттылардың тапшылығы адам құқының бұзылуына әкеп соқтыратыны сөзсіз.
Ата Заңымыз азаматтардың заңда белгіленген денсаулығын сақтау, кепілдік берілген көлемдегі тегін медициналық көмек пен ақылы медициналық көмек және мемлекеттік, жеке емдеу мекемелерінде, сондай-ақ жеке медициналық тәжірибемен айналысатын адамдардан ақылы медициналық көмек алу құқығын көздейді. Бұл орайда халықтың денсаулығы республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты факторларының бірі болып табылады. Сондықтан да денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері ел азаматтарының денсаулығын қорғау, сапалы медициналық қызмет көрсету және оларды мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз ету конституциялық құқықтарын сақтау болып табылады.
Міне, осы мәселелерді басшылыққа алған Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов бастаған комиссия мүшелері және Астана қаласы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері кеше Астана қаласындағы №1 қалалық аурухананың оториноларингология және урология бөлімдерін аралады. Ондағы қызмет істейтін дәрігерлермен әңгімелесіп, емделіп жатқан науқастармен сөйлесті. Өзгелеріне қарағанда бұл аурухананың жәй-күйі оң көрінеді. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Барлық жағдай жасалған. Тек кең көсіліп қызмет істеуге қолбайлау болып тұрған ғимараттың тарлығы екен. Дегенмен, бұл мәселе де көп ұзамай шешімін таппақшы, дейді дәрігерлер. Ал жалпы мамандардың аздығын олар да жасырмайды.
Мемлекет басшысы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері дәрігерлермен және науқастармен әңгімелесу барысында азаматтардың денсаулығын қорғау және білікті медициналық көмек алуда конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, дәрігерлер мен басқа да медициналық қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуына, олардың Ресейде (Мәскеу мен Санкт-Петербургте), Еуропалық Одақ елдерінде, Израильде біліктіліктерін көтеру мәселелеріне көңіл бөлді. Сонымен қатар, сапар барысында комиссия мүшелері елордадағы №1 қалалық аурухананың оң жұмыс тәжірибесін еліміздің басқа да емдеу мекемелеріне таратуға ұсыныс жасады.
Үстіміздегі жылғы Жолдауда денсаулық сақтау мәселесіне ерекше назар аударылғаны белгілі. Осыған байланысты біз қазір қаладағы денсалық сақтау мекемелері мен ауруханаларды аралап, ондағы дәрігерлер мен науқас жандардың жағдайымен танысудамыз. Мұндағы негізгі мақсат – науқас жандардың ем алу барысында конституциялық құқықтарының қалай сақталып жатқандығына мән беру. Осы орайда ауруханада ем алып жатқан науқастармен сөйлестік. Олар қазіргі жағдай бұрынғыға қарағанда жақсарғанын айтады. Шешімін таппай жатқан проблемалар да баршылық екен. Солардың ішінде маман дәрігерлердің жетіспейтіндігі, жас мамандардың мұнда келмейтіндігі, ғимараттың тарлығы және т.б. мәселелер бар. Оларды шешу жолдарын қарастыруға көмек қолын созамыз. Жалпы, бұл іс-шара Президент Әкімшілігі мен біздің комиссияның 2011 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіліп отыр, –дейді Сағынбек Тұрсынов.
Сөйтіп, емдеу мекемесінде болған осы сапарда жиналған тың мәліметтер комиссияның Мемлекет басшысының қарауына ұсынатын «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» жыл сайынғы баяндамасының «Азаматтардың денсаулығын қорғауға және білікті медициналық көмек алуға конституциялық құқықтары» бөліміне енгізілмек.
Александр ТАСБОЛАТОВ.