Ақмешітке аяқ басқалы тілімізге мына тіркес орала береді: «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ». Сыр сүлейлерінің соқпағымен тамаққа салынып айтылатын осы әннің әуені де санамызға ұя салып алған. Бір кетпейді.
Аралдың ағеден жұрты қаншама азапты бастан өткерді. Арал туралы айтыла бастағанда алдымен өкініш аралас өксік келеді тамаққа. Сол өксік талай адамның көз жасы боп жерге тамды. Бірақ жанарлардан сорғалаған жаспен Аралды толтыра аласың ба? Көздің жасы көмек беретін болса, осы уақытта Аралдың айдыны шалқып жататын еді. Жүйелі жұмыс, нәтижелі жоба, нақты іспен ғана тартылған теңізге көмек береріміз хақ. Және ондай көмек жасалып жатыр. Мәселен, кіші Арал жобасы. Дегенмен, бүгінгі сөз Аралға жасалған нақты көмек туралы емес. Апатты аймақ жайында түсірілген деректі фильм турасында болмақ.
1989 жылы камерасын көтеріп Сергей Әзімов келді облысқа. Мақсаты – Арал туралы деректі фильм жасау. Теңіздің тартылғанын, халықтың үдере көшкенін, аймақ тұрғындарының тыныс-тіршілігін таспаға баспақшы екен. Қайғы әкеліп жатқан қасіретті бетпердесіз, бүкпесіз ашып көрсетуді міндет санапты. Өзі Аралдың қарақалпақ жағында дүниеге келген режиссер Тұран аймағындағы тартылып бара жатқан теңіздің тағдырына араша түспекші болған сияқты. Содан сол жылы «Жоқтау» деген деректі фильм өмірге келді.
Басын ашып айтатын мәселе: фильм жылап-сықтаудан тұрмайды. «Құрып барамыз, тіршілігіміз тоқтап қалды» деген пессимистік ой да жоқ. Әрине, әр сыныпта отырған төрт-бес бала, қаңыраған үйлер, қаңтарылған кемелер, жел суырған құм, арса-арсасы шыққан теңіздің табаны, ата кәсібінен айрылған халық, ауын арқасына ілген балықшы, бәрі-бәрі көрсетіледі. Бірақ негізгі идея басқада жатыр – жайсаң жұрт туған жерін қимайды. Өскен, өнген, өркендеген аймағын тастап кете алмайды. Алтын бесігін өзге бір жұмақтай жерге айырбастамайды. Рухы асқақ, өресі биік, туған жер туралы түсінігі елден ерек адамдар көрсетіледі. Олар «Аралдың шалқып жатқан кезін көрдік. Осы теңізден несібемізді тердік. Енді туған жер тығырыққа тірелгенде, тастап кетпейміз» дейді. Олар үшін Арал экологиялық апат аймағы емес, кіндік қаны тамған жер. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақал осы адамдарға қаратылып айтылған ба дерсің.
Жоқтау жырының қай кезде айтылатыны қазаққа белгілі. Азалы жыр қабырғаңды қайыстырар қайғыда айтылып, қабірдің басына бара алмаған қазақ әйелдерінің шерін тарқатуының бір жолы іспеттес. Әзімовтің фильміне «Жоқтау» деп ат беруінің сыры да осында жатқан сияқты. Фильм өмірге жолдама алғаннан кейін халықаралық кинофестивальдерден жүлде алып қайтты. Ел ерекше ықыласпен қарады. Қасіретті аймақтың қайғысын жете түсінгендей болды.
– Осыдан екі жыл бұрын «Жоқтау» фильмін көрдім. Аса үлкен тебіреніспен қарап шықтым. Шын толқыдым. Халықтың қайсарлығына тәнті болдым. Содан «неге осы фильмнің жалғасын түсірмеске?» деген ой келді. Сергей Әзімовке хабарласып, ойымды айтып едім, екеуміздің пікіріміз бір жерден шықты. Аралдың қазіргі жағдайын 20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Кіші Аралдың арқасында аймаққа жан кірді. Балық шаруашылығы жанданды. Халық елге қайта орала бастады. Сөйтіп, біз «Жоқтау» 20 жыл өткенде» деген фильм түсіру керек деген шешімге келдік,– деді облыс әкімі Болатбек Қуандықов фильмнің тұсаукесерінде.
Деректі фильм екі бөлімнен тұрады. «Жоқтау» 20 жыл өткенде» деп аталады бірінші бөлім. Онда осыдан 20 жыл бұрын түсірілген «Жоқтау» фильмі беріліп қана қоймай, Аралдың қазіргі бейнесі де салыстыра көрсетіледі. Режиссер 20 жыл бұрынғы жүрген ізін қайта басып, сол кездегі кейіпкерлерін тауып, сөйлетеді. Фильмнің негізгі кейіпкерлері Шудабай Ілиясов пен Әзиза Амановалар. Тақсыретті жылдары ел көшіп жатқанда бұлар туған жерден кетпей табандап отырып алған адамдар. Қайта жаңадан үй салып, осы жерден түлейтіндерін айқын танытқан. Ерлі-зайыптылар қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп отыр екен.
Фильм қай тұрғыдан алсаңыз да қос өрім болып өріледі. Аралға қатар құйған Жейхұн мен Сейхұн сияқты. Жиырма жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі кезеңді қатар көрсетуді қосөрім демеске болмайды. Одан бөлек, теңіздің Қазақстан беті мен Қарақалпақстан жағы да қатар көрсетіледі. Проблемасы бірдей айтылады.
Жиырма жыл бұрын Аралға су қайта оралады дегенге сенгендер аз еді. Дегенмен, ел басшылығының сындарлы саясатының арқасында теңіздің табанына су жетті. Кіші Аралдың екінші өмірі басталды. «Жоқтаудың» жалғасын түсірудегі негізгі идея да осы болса керек.
Фильмнің екінші жартысы балық шаруашылығының жандағанынан басталады. Бұл Аралға шын мәнінде тіршіліктің қайтып келгендей бейнесін сипаттайды. Ірі өндіріс ошақтарының салынып, жұрттың ата кәсібіне оралғанын жеткізеді. Аралдың жаназасының ерте шығарылғандығын көрсетеді. Экологиялық аймақтың түрленген, түлеген кезі нақты көріністермен әспеттеледі. Арал аймағында салынып жатқан экономикалық-әлеуметтік нысандар таспаға түсіп, әлеуметтің әлеуетінің артқаны баяндалады. Фильмнің шырқау шегі де жақсы жеткізілген. Қазақтың марқасқа ұлдарының бірі, көзі тірі классик Әбдіжәміл Нүрпейісов Аралдың адуын желіне қарсы жүріп келе жатыр. Өрекпи соққан жел жазушының шашын тарап, шапанын желбіретіп тұр. Атақты жазушы жазық далаға қарап тұрып: «Аралды көрген адамдар өлмей, Арал өлмейді» дейді. Рас, Арал өлмейді. Өйткені, фильм кейіпкерлерінің бірі Әзиза Аманова мынадай сөз айтады: «Мен теңізге аяғымды батырып дүниеге келдім. Енді теңізге аяғымды батырып отырып өмірден өтсем деп армандаймын». Бұны жалғыз Әзизаның ғана сөзі емес, бүкіл Арал аймағында туған адамдардың лебізі деп қабылдау керек.
...Ел ішінде мынандай аңыз бар. Осыдан 200 жыл бұрын ба екен, әлде, одан да көп уақыт па, белгісіз, Арал тартылыпты дейді. Теңіздің табаны құрғап қалған көрінеді. Бірақ Құдайдың құт қонған бір күнінде теңіз толыпты. Бір күннің ішінде. Таңертең тұрған адамдар тартылып жатқан теңіздің арнасынан асып-тасып жатқанын көріпті. Жаратушының құдіретін сезіпті.
Әлдебіреудің арман-аңсарынан туған аңыз болуы да мүмкін бұл. Бірақ соның өзінен Аралға деген қимастық, жанашырлық айқын сезіледі. Ең бастысы, сенім бар. Теңіз толады. Тек оған сену керек. Ал Арал жұрты оған кәміл сенеді.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда.