Жас, тәуелсіз Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасу сәтінен бергі уақыт аралығы оқиғалар мен асқаралы асуларға толы. Ұлттық әл-ауқаттың өсуі, экономиканың өрлеуі, азаматтық тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуы – қазақстандықтардың мақтанышы. Ертеңгі күнге үмітпен қарауға негіз болатын басқа да жайлармен қатар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы айрықша тәнті етеді. 16,2 миллион халқы бар мемлекетте көптеген ұлттар мен діндердің өкілдері тату-тәтті қатар өмір сүріп жатыр. Республиканың серпінді сыртқы және ішкі саясаты жаңа жетістіктерге жетудің негізін қалауда. Тұрақтылықтың және соның арқасында келген экономикалық өсудің арқасында Қазақстан халықаралық саясатта да көп нәрсеге қол жеткізді. Соның ішінде әлемнің белді ұйымдарымен ынтымақтастық ыңғайындағы табыстары да қомақты.
Қазақстан Республикасы Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам конференциясы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты көптеген маңызды мемлекетаралық құрылымдардың мүшесі болып табылады. Аталған бағыттардың барлығы бойынша да қазақстандық дипломаттар талмай жұмыс істеуде. Табысты жұмыс істеуде. Оған мысал ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы мен Астанада ұйымның тарихи Саммитінің өткізілуі сияқты жарқын жайларды айтуға болады. Биыл республиканың ИКҰ-дағы төрағалығы басталады, таяу арадағы маңызды оқиғалардың қатарында Ислам конференциясы ұйымы саммитіне дайындықты және қонақжай қазақ жерінде өтетін ШЫҰ саммитін еске алу жөн.
Оның үстіне республика талай рет әртүрлі халықаралық құрылымдардың құрылуына бастамашы болды. Ел дамуының тағдырын шешкен аса маңызды қадамдардың бірі Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылуы. 1992 жылы Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінен жаңа тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде сөз сөйлегенде осынау бейбітсүйгіш құрылымды құрудың жолдары туралы ойларымен бөліскен еді. Идея айтылғаннан оны жүзеге асырған 2002 жылға дейін он жыл өтті. Оның есесіне бүгінде АӨСШК үш миллиардтан астам халқы бар, әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен бір бөлігін беретін 20 мемлекеттің басын қосатын ұйым. АӨСШК-нің басты мақсаттарының бірі – Азия өңірінде өзара сенім мен жемісті ынтымақтастықты нығайту үшін жағдай жасау.
Қазақстан Республикасының осы ұйымдағы төрағалығы өткен жылдың жазында аяқталды, төрағалық кезінде АӨСШК-нің негізгі құжаттарында айқындалған ынтымақтастықтың барлық бес пункті бойынша нақты жұмыс жүргізілді. Олар – экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, экологиялық бағыттар, сондай-ақ жаңа қыр көрсетулер және қатерлермен күрес саласы. АӨСШК-де әскери-саяси саладағы проблемалар арнаулы пунктке бөліп көрсетілген.
Ядролық қаруды таратпау режімі, энергетикалық қауіпсіздік, есірткі трафигімен күрес, жаңа қыр көрсетулер мен қатерлерге қарсы тұру жөніндегі нақты іс-шаралар белсенді түрде қарастырылып, пысықталады. Өз құзыреті шеңберінде кеңес АӨСШК мүшесі – Ауғанстанның бейбіт дамуына гуманитарлық көмек көрсету арқылы септеседі. Ауған жағы өз кезегінде АӨСШК-нің есірткінің заңсыз айналымымен күрес тұғырнамасын дайындау ісіне белсене қатысты. Тұтастай алғанда АӨСШК шеңберінде жүзеге асырылған саяси үнқатысу мен әртүрлі іс-шаралар Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне көмектесетіні күмәнсіз.
Алайда, АӨСШК мен басқа да кез келген өңірлік құрылымның қызметіне тоқталғанда жаһандану жағдайында бірде-бір ұйым қауіпсіздікті жеке-дара қамтамасыз ете алмайтынын түсіну маңызды. Сондықтан да әртүрлі мақсаттарды субөңірлік, өңірлік және жаһандық деңгейде шешу ісімен айналысатын халықаралық қоғамдастықтар жүйесі қажет.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Дегенмен ШЫҰ-ның тарихи өзегі одан біршама бұрынырақ, 1996-1997 жылдарда әскери саладағы сенімді нығайту мен шекара маңындағы қарулы күштерде екі жақты қысқарту жөніндегі келісімдерге қол қою нәтижесінде «Шанхай бестігі» дүниеге келген кезден басталады. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан енген еді. 2001 жылы Өзбекстан қосылған соң бірлестік өз атауын Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп өзгертті.
Ұйымға кіретін елдердің жалпы аумағы Еуразия аумағының 60 пайызын құрайды. Халқы тығыз орналасқан Қытайдың арқасында, ШЫҰ-да, іс жүзінде, бүкіл планетадағы адамзаттың ширек бөлігі тұрып жатыр. Ұйымның ерекшеліктерінің бірі мәртебелік тұрғыдан оның НАТО сияқты әскери блокқа да, АРФ АСЕАН сияқты қауіпсіздік жөніндегі ашық тұрақты кеңеске де жатпайтынында, ол аралық ұстанымды ұстанады. Ұйымның басты міндеттері – мүше елдерді біріктіретін кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікпен, сепаратизммен, экстремизммен, есірткі трафигімен күресу, экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми және мәдени өзара іс-қимылды дамыту.
Жақында Алматыда болып өткен ШЫҰ конференциясында Таяу Шығыс пен Африкадағы «әлеуметтік дәме революциялары» делінетіндер жөнінде көп айтылды. Саясаттанушылардың пікірі бойынша, бүгінде әлем өте күрделі жағдайда тұр – мүдделерді геосаяси қолдау жүйесі күйреуде. Талай адамдар тәртіпсіздіктер лаңкестік ұйымдардың өсуіне әкеліп соқтыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Араб Шығысында болып жатқан оқиғалар кездейсоқ орын алған оқиғалар емес. Өйткені, бүгінде сонда болып жатқан оқиғалар астарында әлеуметтік-экономикалық негіздер бар екені айдан анық. ТМД елдері үшін бұл оқиғалар, бақытымызға орай, қарым-қатынасқа кері әсер етпейді», – деді ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев.
Африка мен Таяу Шығыс ШЫҰ-ның мүддесі саласына енбейтінімен, Алматы конференциясына қатысушылар жағдай ШЫҰ Мемлекет басшыларының Астана Саммитінде – тікелей форумда немесе екіжақты кездесулер аясында талқыланатынын жоққа шығармайды. Ауған проблемасы да жоғары аталғандардан аз алаңдаушылық туғызбайды. Конференцияға қатысушылар Ауғанстанды әлемдік қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіретін ошақ деп біледі. Атап айтқанда, мемлекеттердің сыртқы шекараларының шеңберінде есірткіге қарсы белдеу құру ұсынылады.
«Отыз жыл соғыс жүрді. Кедей ел болғандықтан, шаруалар тіршілік үшін өздеріне пайдалы нәрсені өсіреді. Мұнда күресті ел ішінде ғана емес, есірткі трафигінің Еуропаға жолын қиындату үшін шетелдерде де жүргізу керек. Сатып алушылар болмаса, трафиктің жолы да қиындай түседі, сонда біздің шаруалар есірткінің орнына басқа дақылдарды өсіруге мәжбүр болады», – деп конференцияға қатысып отырған АИР консулы Азиз Рахман Фаик проблемаларымен бөлісті.
Ал жаздың басында Астанада өтетін мерейтойлық саммитте конференция барысында жарияланған ұсынымдамалар, сарапшылардың болжамдары бойынша, ШЫҰ-ның нормативтік-құқықтық құжаттарының негізіне алынады.
Республика ИКҰ-ға 1995 жылы мүшелікке өтті және сол уақыттан бері оның құрамындағы басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын жоғары қарқынмен белсенді арттырып келеді. Ұйыммен арадағы төрт негізгі бағыт 42 мүше елмен экономикалық байланыстарды қамтыса, олардың қатарында сауда-саттық, көлік, туризм және қаржы салалары бар. Кейбір пікір алшақтығына қарамастан, ИКҰ діни мақсаттарды көздемейді. Негізінен ұйым мұсылман қоғамының деңгейін көтеріп, оны жаңғыртуға ұмтылатын мүддені қарастырады. ИКҰ-ның басты міндеттерінің бірі ислам әлемін ХХІ ғасыр қауіп-қатерлеріне бейімдеуді мақсат тұтады. Сондай-ақ ИКҰ қызметінің қазіргі кезеңдегі маңызды мәселесі ұйым кеңістігінде әйелдердің құқын ілгері жылжыту болып табылады. Аталған тақырыптағы аса маңызды шара ИКҰ-ның 2012 жылы Астанада өтетін мұсылман әйелдері істері жөніндегі халықаралық конференция болады.
Қазақстандық төрағалықтың маңызды белестерінің бірі сондай-ақ дінаралық үнқатысуды қайта жаңғырту. Өйткені, Астана қашанда Батыс пен Шығыс ынтымақтастығының жақтасы болып келеді. Енді Қазақстанның төрағалығының арқасында екі жақ іс жүзінде жақындай түсуге мүмкіндік алады.
«Өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Батыс пен Шығысты жақындатуға қабілетті екенін көрсеткеніндей, ұйым жаңа төраға – Қазақстанның жетекшілігімен қайта жаңғырады деп сенгіміз келеді, – деп жазады пәкстандық саясаттанушы Сайма Камаль. – ИКҰ – құрамында 57 мемлекет бар халықаралық бірлестік және онда Қазақстан шешуші мемлекеттердің бірі ретінде қарастырылады. Дәл осы мемлекет ұйымды табыс биігіне шығаруға және екі маңызды халықаралық ұйым – ИКҰ мен ЕҚЫҰ-ны жақындатуға қажетті әлеуетке ие».
Қазақстанның өткен жылы ғана ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені республиканың осы лауазымдағы қызметі артта қалды деуге негіз бермейді. Іс жүзінде, төрағалық үш жылға созылады. Яғни, ұйым ережесі бойынша жұмыс ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа бір жыл қалғанда басталады және кейін болашақ, іс басындағы және өткен төрағаларды байланыстыратын «үштік» негізінде жалғасады. Демек, Қазақстан биыл да бұрнағы жылдағыдай аталған халықаралық беделді ұйымның алдыңғы шебінде болып табылады.
Республиканың ЕҚЫҰ-ға төрағалық лауазымына сайлануы – бұл өз табыстары арқылы салмақты халықаралық танымалдыққа ие болған бүкіл елдің, барлық Қазақстан халқының еңбегі. ЕҚЫҰ-ға төрағалық саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға ықпал етеді. Бұл билік жүргізіп отырған және республиканың қоғамдық-саяси өмірін одан әрі демократияландыруға бағытталған реформаларға сәйкес келеді.
Қазіргі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 2007 жылы Мадридте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіні туралы шешім шығарылғаннан кейін былай деп атап өтті: «Біз қазірдің өзінде басқа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз деген болар едім. Сондықтан бұл шешім біздің нақты табыстарымызды қуаттап қана қоймай, сондай-ақ біздің еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы дамуының жаңа кезеңін айқындап берді».
Жағдай шын мәнінде осылай қалыптасып отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы лауазымында өзіне интеграциялық рөлді – ШЫҰ, АӨСШК, ИКҰ сияқты өзге өңірлік бірлестіктермен өзара іс-қимылда басты байланыстырушы буын функциясын алып, олардың күш-жігерін бүкіл Еуразия кеңістігіндегі маңызды саяси және экономикалық проблемаларды шешуге жұмылдырды. Және Қазақстанның табысы – бұл бүкіл Орталық Азияның табысы, бұл – бүкіл ТМД-ның табысы, бұл – ЕҚЫҰ-ның төрағасы болған алғашқы азиялық ел, алғашқы посткеңестік ел, алғашқы түркі әлеміндегі ел және басым бөлігі дәстүрлі Ислам мәдениетінің ареалында жатқан ел.
Сонымен қоса, Қазақстанның төрағалығымен ұйымның өзі де Батыстың Азияда болып жатқан үдерістерге ақпараттануы мен қатыстылығын жоғарылатуға, өңірдегі мемлекеттермен қазіргіден де тығызырақ әріптестік қарым-қатынас қалыптастырып, Ауғанстанмен шекарада үлкен мөлдірлікті қамтамасыз етуге тамаша мүмкіндік алды. Барлық халықаралық қоғамдастық мүдделілік танытып отырған қауіпсіз, тұрақты және болжамды Орталық Азия құру үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануына бір тамаша факт оң әсер етті: ТМД елдері 12 президент деңгейінде және Еуропалық Одақ Қазақстанның төрағалығы бойынша тұтастай бірізді оң баға берді. Бұл Еуропалық Одақ пен ТМД елдері арасында ешқандай қайшылықтар кездеспеген бірден-бір құжат болып табылады.
Тұтастай алғанда, республиканың әлемдік тарих барысына ықпал ететін ұйымға халықаралық қатыстылығы қырлары хақында айтар болсақ, былай деуге болады: Қазақстан «қайдағы бір түпкірде» жатқан абстрактілі, потенциалды контрагент немесе әріптес емес, істес болуға болатын сенімді және болжамды әріптес ретінде қарастырыла бастады. Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейінгі өте қысқа мерзімде республика халықаралық қатынастардың толыққұқықты субъектісі болды және оңтайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, тұрақты жетілу үстіндегі азаматтық қоғам институттарының жүйесі бар, жаһандағы нарықтық экономикалы ел ретінде табиғи түрде дамып келеді.
Надежда ПЕТРОВА.
«Известия», 2011 жылғы 15 наурыз.