Кеше Қазақстан президенттігінен үміткер Ғани Қасымов Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған Мәңгілік алау мен Ауғанстан және басқа елдер аумағында әскери іс-қимыл кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тәжім етті.
Сол арада ол қазіргі кезде еліміздің жастарына берілер әскери-патриоттық тәрбиенің мән-маңызына тоқтала келе, бұл мәселе өзінің сайлау алдындағы саяси тұғырнамасында үлкен орын алатындығын айтты. Біз өз тарихымызды, ерлік рухымызды, елімізді жаудан қорғаған, қыршын жастай кеткен боздақтарымызды ұмытпай, солардың өнегесін әрқашан есімізде ұстауымыз керек. Сол сұрапыл соғыста біздің әкелеріміз бен аталарымыз жарты дүниенің азаттығын қорғап қалған. Ресей президенті өткен жылы біздің қазақстандық 100-ші және 101-ші бригадалардың соғыстағы ерлігіне құрметін білдіріп, үлкен кесене орнатқаны тегін емес. Біз өз жастарымызды осындай ерлік дәстүрлерінде тәрбиелеуіміз керек. Сондай-ақ осы Ұлы Отан соғысының, Ауғанстан соғысының және Отан қорғау орайындағы басқа да әскери тапсырмаларды орындаған бір кездегі от кешкен өреңдердің қазіргі әлеуметтік, зейнетақылық, тұрмыстық жағдайы әрдайым біздің қоғамның, биліктің, Үкіметтің назарында болуы міндет, деп сабақтады сөзін үміткер.
Бұдан кейінгі әңгіме Офицерлер үйінде, Запастағы әскери қызметшілер одағының кеңсежайында жалғасты. Одақ төрағасы, генерал-майор Айтқали Есенғұлов 30 мың адамдық отставкадағы офицерлер қосыны Патриоттар партиясының жақтасы екендігін тілге тиек етті.
А.Есенғұловтың, Даманск оқиғасына қатысушы офицер Виктор Барсуковтың айтуынша, қазіргі таңда запастағы әскерилердің тіршілікке тірелер түйткілдері аз емес көрінеді. Олардың зейнетақыларын автоматты түрде индексациялап тұру, ерекше жағдайдағы жұмыстары үшін өтемдік жеңілдіктер белгілеу, офицер мәртебесін анықтайтын «Ардагерлер туралы» заң әлі күнге қабылданбауы шешілмеген мәселелер қатарында аталды. Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Жұмажан Ерғалимов ауған соғысына қатысушыларың мәртебесі әлі күнге айқындап анықталмағандығына тоқталды. Ауғандықтарға беріліп отырған жеңілдіктер тым мардымсыз.
Ендігі бір түйткілді жағдай сол, офицерлер үйінің мәрмәр ғимараты қазір, шынтуайттап келгенде, офицерлерге тиесілі емес, әлдебір акционерлік қоғамға жалға беріліпті. Офицерлер өз мерейтойларын, мерекелерді, жерлеу рәсімдерін мұнда өткізе алмай, басқа мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Осы және жоғарыда аталған басқа да жайларды президенттіктен үміткер Ғани Қасымов алдағы уақытта өз назарында ұстайтындығын мәлімдеді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.