06 Қаңтар, 2017

Тұлғаға тағзым

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеншілер астанасында Қарағанды облысының құрылғанына 80 жыл толуына арналып ғибраты мол шара ұйымдастырылды. Бұл күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында осыдан жарты жыл бұрын өмірден өткен өңірге белгілі тұлға, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовтің жеке көрмесі жұртшылыққа есік ашты. Аталған көрмеге облыс басшылығы, Сұлтан Қапарұлымен бірге қызметтес болған ардагерлер, марқұмның балалары қатысты. Шара барысында қонақтар С.Досмағамбетов туралы деректі фильмді көріп, атпал азаматтың жеке мұрағаттық қорынан алынып, көрмеге қойылған түрлі құжаттар мен наградалар және жеке қолданыста болған жәдігерлермен танысты. Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қоғам қайраткері Сұлтан Досмағамбетов туралы өзекжарды лебізін жеткізді. Сұлтан Досмағамбетовтің 60 жылға жуық өмірі Қарағанды облысының тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан. Ол 1969 жылы Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды және осы қызметті 1982 жылдың мамыр айына дейін атқарды. Сол жылдары Сұлтан Қапарұлы болашақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен иық тіресе бірге еңбек етіп, облыстың қарыштап дамуына күш-жігерін аямай жұмсады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баев «Стальной профиль Казахстана» кіта­бында: «С.Қ. Досмағамбетов облыстық атқару комитетінің төрағасы болған жылдарда Металлургиялық комбинат ұжымының жұ­мысына барлық қажетті жағдайды жасап отырды», деп жылы лебіз білдіреді. 1982 жылы С. Дос­­­ма­ғамбетов Қара­ғанды педагогикалық дене тәрбиесі инс­ти­­тутының ректоры болып таға­йын­далып, ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарды. Жезқазған және Қарағанды облыстары біріккен кезде балама негізде Қарағанды облыстық мәсли­хатының хатшысы болып сайланды және осы лауазымда 1999 жылдың аяғына дейін жұмыс істеді. Сұлтан Қапарұлы мен зайыбы, білікті заңгер, ұлағатты ұстаз Роза Балбатырқызы екеуі өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Қыздары Раушан Сұлтанқызы медицина ғылым­дарының докторы, профессор, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты болса, ұлдары Ерлан Сұлтанұлы экономика ғылымдарының кандидаты, «ЕврАзЭС іскерлік кеңесі» қауымдастығы өкілдігінің басшысы, Қарағанды қаласындағы Украинаның Құрметті консулы болып қызмет етеді. Тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағамбетов көрмеге қойылған заттардың барлығы да музейдің меншігіне өтетінін айтты. Сондай-ақ, ол жеке мұрағаттық материалдарды жинастыруда Сұлтекең балаларының көп көмек тигізгенін ризашылықпен атап өтті. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»