Облыстық ішкі істер департаменті жанындағы консультативтік-кеңес органының отырысында көші-қон мәселесі қаралып, бірқатар кемшіліктердің беті ашылды.
Жиын барысында көші-қон полициясының басшысы Еркетай Тұтқышев хабарлама жасап, атқарылған істер жайлы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, биыл 20 мыңға жуық шетел азаматы уақытша тіркеліп, екі мыңдай иммигрантқа жұмыс істеуге рұқсат берілген. Қазақстан азматтығын 178 адам, оның ішінде атамекенге оралған 74 қандасымыз алған.
Кеңес отырысында білікті кадрлардың тапшылығы атап көрсетілді. 3140 шетелдік көші-қон заңнамасын бұзып, 49 қылмыстық іс қоғалған. 80 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда, шекараны заңсыз кесіп өтіп, тіркеусіз жұмыс істеп жүргендер қарасы аз емес.
Ең сорақысы, заңнама арқылы тыйым салынғанына қарамастан қос азаматтығы бар 530 адамның өңірде емін-еркін тұрып жатқаны.
«Әй дер әже, қой дер қожа» болмағаннан кейін келімсектер кердеңдемегенде қайтеді?
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы.