09 Қаңтар, 2017

Бейбітшіл ұстанымның бедерлі белесі

447 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
image-3Жаһандану заманында өр­ке­ниет жалына жармасқан кез келген ел үшін сыртқы саясаттың орны ішкі саясаттан гөрі бөлек, сипаты өзгерек. Себебі, сыртқы саясаттың мақсаты – әлемдегі, жалпы, дүниенің әр қиырындағы мемлекеттермен жүйелі байланыс орнату, тиімді дипломатиялық қарым-қатынас орнықтыру. Яғни, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануы оның сыртқы саясаттағы бейбіт бастамаларын жүзеге асыруына мол мүмкіндік береді.   2017 жылы – еліміз үшін ай­тулы жыл. Себебі, биыл Қа­зақстан БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің Тұрақты емес мүше­сі ретінде өз миссия­сын бастады. 2016 жыл­дың 28 маусымы күні БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пә­тер­інде Қазақстан БҰҰ Қауіп­­сіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы Тұрақ­ты емес мүшесі болып сай­лан­ғаны баршаға мәлім. Сол тұста еліміз Тайланд мемле­кетінен озық болып, айқын ба­сымдықпен жеңіске жетті. Бұл – мемлекетіміз бағын­дыр­ған биік белестердің бірі. Биылғы жылдың 1 қаң­тарынан бастап, біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақ­ты емес мүшесі ретінде өз жұмысымызды бастап кеттік. Енді еліміз алдағы екі жыл бойы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі ретінде келелі мә­се­лелерге назар аударатын болады. Мәселен, Еура­зия кеңістігіндегі, Орта­лық Азия өңіріндегі эконо­микаға, экологияға, меди­цинаға, көші-қон саясатына, терроризм мен экстремизмге қатысты өзекті мәселелер ай­рықша назарда тұрмақ. Әсі­ресе, Орталық Азиядағы өңір­лік қауіпсіздік, оның ішінде Ауғанстандағы әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайды саяси тұрғыдан оңтай­ландыру секілді мәселелерге көп көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Өзіне жүктелген миссияны орындау барысында Қазақстан ядролық қарудың таралуын болдырмау, бейбітшілік пен ядролық қарусыз әлем құру идеясын ілгерілету бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің басқа да мүшелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтініне сенімдімін. Жалпы, сыртқы саясатқа мемле­кет тарапынан айрықша көңіл бө­лінсе, ол белгілі бір мөлшерде ішкі саясаттың да дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді. Мәселен, шетелден инвестиция тарту, әлем елдерімен өзара мүдделестік тетігін жандандыру, сауда-саттық, экономика, мәдени-рухани салаларды дамыту... Бұлардың барлығына тиімді де жүйелі жүргізілген сырт­қы саясаттың негізінде ғана қол жеткізуге болады. Ал ол сөзсіз, мемлекеттің ішкі саясаты дең­гейінің көтерілуіне әсер етпей қоймасы анық. Ендеше, сын­дарлы сыртқы саясат – елді ілге­рі­летуші бірден-бір локомотив. «Адамның күні – адаммен» деген сөз бар. Мұны бір мемлекеттің екінші мемлекетпен ара-қатынасына байланысты да қолдануға болады. Даму көшінен қалыс қалғысы келмейтін ел өзге мемлекетпен өзара түсіністік рәуіште қарым-қатынас орната білсе, одан ешкім ұтпаса, ұтылмасы анық. Әрине, әр елдің тек өзіне ғана тән даму жолы, бағыт-бағдары бар. Мемлекетіміздің қадамы нық болсын десек, біз өзге елдің жүріп өткен жолынан, бағыт-бағдарынан тәжірибе жинап, білмейтін тұстарымызды үйренуіміз керек. Бұл ел ішіндегі сан түрлі саланы дамытып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, өркениетті елдермен иық тірестіре алатындай деңгейге жетуге ықпалын тигізбек. Қазақстан – өзінің саяси ре­фор­маларының дұрыс жүргізі­луінің арқасында төрткүл дү­ниеге танылған мемлекет. Елі­міздің Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыттан бер­гі сыртқы саясаттағы бас­ты бағыты – көпвекторлылық. Оның артықшылығы неде? Көпвекторлылық дүние жүзіндегі барлық елмен жақсы пейіл-ниетте болу, сол арқылы әлем алдында абыройлы ел атану. Демек, көпвекторлылық – Қазақстан 25 жыл уақыт бойы басшылыққа алып келе жатқан басты бағдар. Еліміздің осы жылдар ішінде жүріп өткен жолына үңілсек, көпвекторлылық саясатының дұрыс таңдалып алынғанына, оның мемлекеттің дамуына көп пайдасын тигізгеніне көз жеткізе аламыз. Қазіргі таңда біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді жетекші құрылымдардың, басқа да исламдық қаржылық институттар мен бірлестіктердің белді мүшесіне, сондай-ақ, жаһанды толғандырып отырған мәселелер талқыланатын ауқымды үнқа­тысу алаңына айналдық. Бір сөз­бен айтқанда, Қазақстан – Батыс әлемімен де, Шығыс әлемімен де тиімді байланыс орнықтырып үлгерген Орталық Азиядағы бірден-бір беделді мемлекет. Мұндай деңгейге біз әлем ел­дерінің барлығына теңдей бағыт­талған көпвекторлы сая­саты­мыздың арқасында қол жеткіз­дік. Қазақстан – БҰҰ-ның бел­ді мүшесі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның маңызды сессияларына сан мәрте қатысқанына тарих куә. Қазақстан Президенті ауқымды жиындарға қатысып қана қоймай, биік мінберлерде тұрып, халықаралық қауіпсіздікке қатысты өзекті бастамаларды көтеріп, ой-пайымдарын жаһан жұртына жеткізе білді. Былтыр Елбасы Вашингтонда Ядролық қауіпсіздікке қатысты өткен IV Саммиттің биік мінберінде тұрып, «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап, ғаламдық маңызы бар мәселелерді ортаға тастады. Елбасы айтқан ой-пайымдардың идеялық өзегі – соғыстың алдын алу, әлем болып ядролық қару-жарақтан бас тарту, жаһан бойынша сынақ полигондарын жабу. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігін алған уақыттан бері үзбей көтеріп келе жатқан мәселесі. Себебі, еліміз Семей сынақ полигонын жабу арқылы дүние жүзіне бейбітсүйгіш ел ретінде танылды, әлем лидерлерінің санасына «соғыс өртін тұтатпау, керісінше, оны өшіру әр елдің өз қолында» екенін ұялата білді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі – жаһан жұртына тасталған үндеу. Ал оның мақсаты – ядролық қарусыз әлем құру. Манифестің маңызды болғаны соншалық, ол БҰҰ Бас Ассамблеясы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжатына айналып үлгерді. Алдағы уақытта біз ауқымды іргелі ұйым артқан сенім үдесінен шығу үшін осы бағыттағы жұмыстарымызды нәтижелі түрде жалғастыра беруіміз керек. Өткен жылы Астанада «Яд­ролық қарусыз әлем құру» та­қы­рыбында халықаралық конференция өтті. Оған көп мемлекеттен делегаттар келіп, Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту ба­ғытында көтерген бастамаларын қолдап, өз тараптарынан ри­зашылықтарын жеткізді. Жалпы, ХХІ ғасыр­да­ғы әлемдік және аймақ­тық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде ядролық қауіп­сіз­діктің алар орны ерекше. Өйткені, бүгінгі күні әлем­нің әр түкпірінде түрлі қақ­тығыстар, қарама-қайшы­лықтар орын алуда. Лаң­кестік ұйымдар халықты үрей­лендіріп, жарылыстар ошағы көбеюде. Сол лаң­кестердің қолына әлгі қару түсетін болса не бола­ды? Онда жалпы адамзат­қа қауіп төнбей ме?! Міне, сол себепті де бұл мәсе­леде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың рөлі орасан. Ен­­деше, ғаламдық қауіп­сіз­дікті аймақтық қауіп­сіз­дік мәселелерімен ұштас­­тыра білген Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­ларының бағалануы – заңды­лық. Алдағы уақытта Қазақ­стан терроризм мен экстре­мизге қарсы саясатты ашық түрде жүргізіп жүрген ел ре­тінде бұл бағыттағы жұ­мыс­тарды одан әрі бел­сен­ді түрде жалғастыра бермек. Бұдан бөлек, Қазақ­стан Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымы сынды жетекші құрылымдардың да толыққанды мүшесі. Мәселен, ШЫҰ елімізге экономикалық жағынан айтарлықтай септігін тигізіп келеді, Жібек жолын қайта жандандыру бағытында инвестициялар тартылып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы аясында еліміз аумағында қаншама жол­дар төселіп, жолға қа­­жетті қызмет көрсету ин­фра­құ­рылымдары салынды. Сондықтан бұл ұйым аясындағы ынтымақтастық біз үшін өте тиімді әрі пайдалы. Ислам елдер­ін­дегі ауқымды саяси, эко­но­микалық құрылымдармен, оның ішін­де Ислам инвес­тициялық қорымен, Ислам даму бан­кімен өзара байланысты жан­дандырудың да біз үшін берері көп. Себебі, араб ел­дерінің, оның ішінде Сауд Арабиясы, Катар, Оман, Иран мемлекеттерінің ин­вести­ция жағынан мүм­кіндігі мол. Біз сол мүм­кіндікті құр жібермей, өз елімізге ин­вестиция тартып, экономика­мызды дамыта беруіміз керек. Жалпы, жақын бола­шақта Қазақстанның сыртқы сая­саттағы жұмыстары күр­деленіп, жаңаша қарқын ала түспек. Өйткені, бізді меже­лі міндеттер күтіп тұр. Биыл­дың өзінде елімізде тарих парағына жазылатын ауқым­ды оқиғалар өтеді. Мәселен, ЭКСПО-2017 халық­ара­лық маман­дан­дырылған көрмесі. Оған қан­шама елден арнайы делегациялар келіп, қатыспақ. Демек, мұндай жауапкершілікке толы ке­зеңде абырой биігінен көрі­ну Қазақстан үшін сын бол­ғалы тұр. Егер, дәл осындай сын сағатынан сүрінбей өт­сек, онда бұл еліміздің өсіп-өркендеуіне, сыртқы сая­­саттағы рөлін нығайтуға, эко­но­­миканың дамуына жол ашар еді. Қазір, Құдайға шүкір, са­лыстырмалы түрде айтар болсақ, Қазақстан көп елден көш ілгері. Ен­дігі мақ­сатымыз – кем-кетік жері­мізді толтырып, дамы­ған ел­дердің қатарынан ойып тұ­рып орын алу, сол арқы­лы мемлекет абыройын асқақ­тату. Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі