Әлемнің сұңғыла саясаткері Збигнев Бжезинскийдің «Екінші мүмкіндік» («Second Chance») атты сараптамалық туындысы 1989-2009 жылдар аралығында Америка Құрама Штаттарының президенттері Джордж Герберт Буш, Уильям Клинтон және Джордж У.Буш кезіндегі ішкі-сыртқы саясатына бағытталған. Автор өз сараптамасын АҚШ-тың 41-ші президенті Джордж Герберт Уокер Буштан бастайды. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені, Кеңес Одағының жойылған кезі де, керісінше, АҚШ-тың планета бетіндегі ең қуатты державаға айналып, халықаралық ықпалының күрт өскен кезі де дәл сол президенттің Ақ үйде билік құрған 1989-1993 жылдар аралығында орын алған болатын. Ал одан сәл бұрын ғана әлемді бейбіт тепе-теңдікте ұстап тұрған Варшава Шарты Ұйымы мен НАТО әскери блоктарының алдыңғысы ыдырап, соңғысы сақталып қалғандықтан, халықаралық жағдай жер жүзінде бірден ушығып, арты ғаламат өзгерістерге ұласып кеткен болатын.
АҚШ-тың сыртқы саясат саласының әккі идеологы Збигнев Бжезинский аталған туындысында, жоғарыда аталған үш президентке жеке-жеке тоқтала отырып, олардың мемлекет басқарудағы шеберліктерінен гөрі, әсіресе, осал тұстарына, одан да нақтырақ айтқанда, Америкаға XX ғасырда тағдырдың өзі сыйлаған тарихи мүмкіндікті уыстан шығарып, АҚШ-ты әлем олимпінің дара билеушісіне айналдыра алмағандығын өкінішпен еске алады. Содан соң, бұл сәтсіздікті үш президенттің үшеуіне де тән басты кемшілік деп ашық сынайды, бірақ үлкен Буш пен Клинтоннан гөрі билік тізгінін олардан кейінірек ұстаған кіші Бушқа ерекше шүйлігеді.
Айтса айтқандай-ақ, дәл сол кездерде НАТО бұрынғыдан да күшейеді, керісінше, Кеңес Одағы тарих сахнасынан оқыс жойылып кетеді деген ой ешкімнің де қаперіне кірмеген болатын. Сондықтан да болар, алғашында бұл заманауи өзгерістерді АҚШ-тың 40-шы президенті Рональд Рейганның іскерлігінің тікелей жемісі деген пікір қалыптаса бастаған. Алайда, Збигнев Бжезинский келтірген дәйектерге мән берсек, АҚШ-тың планета бетіндегі ең басты қарсыласы Кеңес Одағының түбегейлі күйреуіне тек Рональд Рейганның ғана емес, одан бұрынғы 40 жыл ішінде билік тізгінін ұстаған АҚШ президенттері Гарри Трумэннің де, Дуайт Эйзенхауэрдің де, Джон Кеннедидің де, Ричард Никсонның да, Линдон Джонсонның да, Джеральд Фордтың да, Джимми Картердің де, Джордж Герберт Буштың да, тіпті, Ресейдің бірінші президенті Михаил Горбачев пен сол кездегі Ватикан басшысы Иоанн Павел ІІ-нің де, Польшаның кәсіподақ қозғалысының көсемі Лех Валенсаның да сүбелі үлестері бар екеніне анық көз жетеді.
Шындығында да, 1990-жылдары келмеске кеткен Кеңес Одағынан кейін саяси-экономикалық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да АҚШ-қа тең келетін бірде-бір мемлекет жоқ-тын. Өйткені, НАТО блогының аса қуаттылығын былай қойғанның өзінде, әлем құрлықтары мен мұхиттарының қай нүктесінде болса да Америка қарулы күштерінің үстемдігі айқын сезілетін. Сондықтан ендігі жерде әлем алпауытына айналған Америкаға тек өзінің ұлттық қауіпсіздігін құнттаумен шектеліп қалу аздық ететінін сезіп, Вашингтон билігі өзіне енді және үш жаһандық миссияны қоса жүктеп алған-ды.
Олардың біріншісі – геосаяси тепе-теңдігі өте құбылмалы және жекелеген ұлттық мүдделер тым белең алып, күшейе бастаған сәтте терең ықпалдасқан жаһандық жаңа жүйе құру үшін, ең алдымен, басқару тетіктері мен бағыт-бағдар тәсілдерін барынша жетілдіру және орталық билікке тәуелді қарым-қатынастарды қалыптастыру болатын.
Екіншісі – аймақтық жанжалдардың асқындап кетпеуі үшін шиеленістерді ауыздықтау немесе тоқтату, терроризм мен жаппай қырып-жоятын қаруларды таратудың алдын алу және азамат соғыстарынан әлсіреген елдерде бейбітшілікті сақтау үдерістерін күшейту.
Үшіншісі гуманитарлық салада шектен шығып бара жатқан теңсіздікті қалыптаса бастаған жаңа болмыс пен жаһандық санаға сәйкес ауыздықтаудың тиімді жолдарын қалыптастыру және қоршаған орта мен экологияға қауіп төндіруі мүмкін сын-қатерлердің алдын алу болатын.
Алайда, бұл айтылғандардың сыртындағы автор туындысының басты пафосы әлемді тек Америка ғана оң жолға бастайды және солай істеуге Америка Құрама Штаттары міндетті. Әйтпесе, адамзаттың күні қараң болады. Содан соң, бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана мүмкіндігі бар. Сол соңғы, яғни екінші мүмкіндік тек Американың ғана қолында деген пайымды бүкіл әлемге паш ету болатын.
Үлкен Бушқа деген Бжезинскийдің көзқарасы оң болғаны байқалады. Себебі, бұл президенттің дипломатиялық тәжірибесі өте мол болатын. Ақ үйге дейін ол АҚШ елшілігінің Қытай Халық Республикасындағы бейресми басшысы, сондай-ақ, Американың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі, Орталық барлау басқармасының жетекшісі болған. Оның ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Брент Скоукрофт болсын, Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер болсын, Қорғаныс министрі Ричард Чейни болсын өте ысылған әрі кәсіби мамандар еді.
Солай бола тұрғанмен, З.Бжезинский үлкен Буштың Таяу Шығыстағы саясатының оң нәтиже бере алмағанын ашық сынайды. Біріншіден, Кувейтті Саддам Хусейннен азат еткеннен кейін, қолында үлкен мүмкіндігі бола тұра, Израиль мен Палестинаның арасындағы шиеленісті шешуге күш салмады деп кінәласа, екіншіден, С.Хусейнді жеңгенімен, Америка қарулы күштерінің Таяу Шығыста қалып қоюы осы аймақта үлкен жиіркеніш тудырғанын да жасырмайды. Сонымен қатар, кітап авторы аталған президенттің Қытаймен жүргізген саясатын да, посткеңестік Ресеймен жүргізген қарым-қатынасын да түкке алғысыз болды деп мінейді.
Кітап авторының Билл Клинтонға арнаған тарауы «Жақсы ниеттің белсіздігі» деп бекер аталмаса керек. Бұл тақырыптың астарынан Клинтонның жұмсақтығына деген кекесін байқалады. Бжезинскийдің пікірінше, Билл Клинтонның халықаралық тәжірибесі аз болғандықтан, басында сыртқы саясаттың тізгінін кеңесшілеріне ұстатып жіберіп, өзі тек ішкі саясатқа көбірек мән берген. Бұл кемшілігін жою үшін ол сыртқы саясаттағы негізгі жұмысына президенттік билігінің соңғы екі жылында ғана кірісе бастағандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі кеңесшісі мен Мемлекеттік хатшының көмегіне көбірек сүйенген. Сонымен қатар, алдыңғы президенттермен салыстырғанда Клинтон өз саясатын жаһандану тұжырымдамасының негізінде жүргізген, себебі, жаһандануды күллі адамзаттың жарқын болашағы деп қабылдаған. Сосын, Клинтонның ядролық арсеналды қысқарту туралы Ресеймен мәмілеге келу идеясын да, Еуропамен экономикалық және саяси ықпалдастықты күшейту туралы бастамасын да туынды авторы АҚШ-тың ұлттық мүддесіне нұқсан келтірген әлсіздік деп бағалайды. Себебі, мұндай саясатпен АҚШ планетаның жеке-дара билеушісі бола алмайды деп пайымдайды. Солай бола тұрғанмен, президент Клинтонның кезінде НАТО мен Еуропалық одақтың кеңейе бастағанын жақсы нышанға жориды.
Кіші Буш президент болған кезеңге бағытталған кітап тарауын З.Бжезинский «Апат билігі» деп атаған. Себебі, Джордж У.Буш президент болып сайланған 2001 жылы АҚШ алдымен Ауғанстанға, одан соң Иракқа басып кірген болатын. Бұл дәуірді З.Бжезинский жаһандық ауқымдағы геосаяси апат деп ашық сынайды.
Қатарынан екі маусым президент болған кіші Буш билігінің бірінші төртжылдығында сыртқы саясаттың тұтқасын содан сәл бұрын президенттікке талпынған белгілі тұлға, бұрынғы армия генералы Колин Пауэллге ұстатып, өзі ішкі саясатпен айналысқан. Бірақ 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған әйгілі уақиғадан соң, Ақ үй сыртқы саясаттың нағыз ордасына айналып, Джордж Буш Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшілерінен гөрі азулы Вице-президент Ричард Чейни мен Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің ақыл-кеңесіне көбірек жүгінген.
З.Бжезинский кіші Буштың кешірілмес қателерінің бірі ретінде Иракқа Американың демократиялық құндылықтарын таңбақ болғанын атайды әрі президенттің бұл тірлігін ешбір негізі жоқ авантюризмге балайды. Өйткені, президент Буштың Таяу Шығысқа өгей құндылықты Палестина мен Египетке де орнатпақ болған тірлігінен еш нәтиже шықпағанын жасырмайды.
Сонымен, аталған президенттік үштіктің 15 жыл бойы жүргізген ішкі-сыртқы саясаттарын сараптай келе, З.Бжезинский Америка мектептеріндегі оқушылардың білімін бағалау жүйесінің үрдісімен үлкен Бушқа «B» (4), Билл Клинтонға «C» (3), ал кіші Бушқа ең төменгі «F» (1) деген баға береді де, сараптамалық туындысының соңында: «Біздерде екінші мүмкіндік бола ма?» деген риторикалық сауал қойып, оған сенімді түрде «Иә» деп жауап қайырады. Сөйтеді де, бұл жауабының дұрыстығын нанымды дәйектермен нықтай түседі.
Саясаткер әлемде бірде-бір мемлекеттің АҚШ-тың қолынан келетін зіл-батпан міндетті еңсере алмайтынын ескертеді. Себебі, әлемдегі ең іргелі экономиканың иесі де, ең қуатты қарулы күштердің иегері де, қолданыстағы ғылыми жаңалықтар мен технологиялық басымдықтардың иесі де – Америка. Демек, күллі әлем халықаралық жүйенің тепе-теңдігін бұлжытпай ұстап тұратын осындай қуатты күшке мұқтаж. Егер мұндай рөлден АҚШ бас тартатын болса, онда әлгі жүйе күйреп, шашылып қалады. Сондықтан Америкаға планета көшбасшысы болу үшін ең маңыздысы қалыптасқан заңға сәйкес президенттердің алмасып тұрғаны емес, одан әлдеқайда салмақты, әлдеқайда терең және әлдеқайда ауқымды стратегиялық өзгерістер қажет дей келіп, Збигнев Бжезинский өзінің туындысында АҚШ-тың әлеуметтік үлгісіне байланысты әдетте өзге саясаткерлердің батылы бара бермейтін бір қырын ашық сынап өтеді.
Саясаткердің ойынша, АҚШ-тың бүгінгі таңда қалыптасып отырған әлеуметтік үлгісі планета жұртшылығының көпшілігіне ұнай бермейді. Өйткені, әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық теңсіздік күннен-күнге ұлғайып келеді. Оның үстіне, АҚШ планетаның табиғи және энергетикалық ресурстарын қалауынша және ешқандай бақылаусыз пайдаланып отыр. Содан соң, бүгінгі әлем америкалықтардың шектен шыққан ысырапшылдығын емес, ең алдымен, адами құндылықтарды, әділеттілікті, прогресс пен ақылға қонымды ішкі-сыртқы саясатты бағалайды. Сондықтан, Америка Құрама Штаттары әлем көшбасшылығын өзіне кері қайтаруға мүдделі болса, күллі әлемге ең алдымен өзінің әлеуметтік үлгісінің әділеттілігін, ымыраға дайын екенін, өзін өзі шектей алатынын, менмендігін тізгіндеп, адамзат мүддесімен есептесе алатынын дәлелдеуі қажет. Сондықтан Америка өзінің екінші мүмкіндігін әлемнің тұрақты көшбасшысына лайық болуға жұмсауы керек. Олай болмаған жерде үшінші мүмкіндікке жол жоқ. Збигнев Бжезинский түйген ойдың соңғы түйіні осыған саяды.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері