15 наурызда Теһранда Қазақстан елшісі Б. Әміреев Иран Президенті М.Ахмадинежадқа Сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсімнен кейін болған пікір алмасу барысында М. Ахмадинежад Иран Қазақстанды арада терең тарихи байланыстар орныққан, бауырлас және достас мемлекет ретінде қарастыратындығын атап көрсетті. Ол Қазақстан мен Иран екі елдің мүддесімен қатар, кең өңірлік серіктестік үшін іске асыруға тұрарлық орасан зор экономикалық әлеуетке ие, ірі аймақтық державалар екендігін баса көрсетті. Осыған орай ол екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың талмас талпыныстары үшін үлкен алғысын айтып, бұл қатынастардың болашақта да үздіксіз жалғасын табатындығына үміт білдірді.
Өз кезегінде Б.Әміреев Қазақстан әрқашанда Иранды дәстүрлі түрде тату-тәтті көршілік байланыстар орнаған достас мемлекет және маңызды әріптес ретінде қарастыратындығына тоқталды.
Қазақстандық дипломат екіжақты өзара әрекеттестіктің маңызды мәселелерінің бірі Каспий теңізі мәртебесінің түпкілікті шешілуі және Орталық Азия елдері мен Иран арасындағы сауда айналымын ұлғайтып қана қоймай, сонымен бірге, Таяу Шығыс аймағы және Парсы шығанағы мемлекеттерін Ресеймен және Еуропа елдерімен тікелей байланыстыруға мүмкіндік туғызатын Өзен – Гызылгай – Берекет – Этрек – Горган темір жолын тезірек іске қосу екендігін айтты.