Таяу күндері қазақстандық боксшы қыздар Ұлт кубогы халықаралық турниріне қатысу үшін Сербияға аттанады, деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.
«Дайындық қалыпты режімде өтуде. Қазіргі уақытта біз Алматы облысындағы АИБА академиясында жиын өткізудеміз. Сербияда өтетін халықаралық турнирде біздің бірінші нөмірлі боксшыларымыз, оның ішінде Рио Олимпиада ойындарына қатысқан Дариға Шәкімова мен Жайна Шекербекова өнер көрсетеді. Сербия турнирі жаңа жылдағы алғашқы жарыс және онда қалай және немен жұмыс істеу қажеттігін көру керек болып тұр. Бұл 2017 жылғы басты жарыстар алдындағы тексеру десек те болады», - деді қыздар құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк.
Халықаралық турнирде Қазақстан намысын қорғайтын боксшы қыздар:
48 келі - Алина Тұрлыбаева мен Алуа Балқыбекова,
51 келі - Жайна Шекербекова,
54 келі Дина Жоламан,
60 келі - Айжан Қожабекова мен Назым Ищанова,
64 кг Мәдина Нұршаева,
69 келі Валентина Хальзова,
75 келі - Дариға Шәкімова,
81 келі Мөлдір Базарбаева,
81 келіден жоғары - Ләззат Күнгейбаева.