18 Наурыз, 2011

«Ақ бұлақ»: әрбір үйге таза су!

1699 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Ауыз су бүгінде бірқатар елдерде басты мәселеге айналып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзінде бір миллиард адам ауыз суға зәру екен. 2005-2015 жылдарды БҰҰ Бас Ассамблеясы «Су – өмір үшін» халықаралық іс-қимылдар онжылдығы деп тегіннен-тегін жариялаған жоқ. Қазақстандықтарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі халыққа арналған биылғы Жолдаудың толығымен бір тарауын алды және де мемлекеттік саясаттың басты әлеуметтік бағыттарының бірі болып саналады. Қазақстанда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету ісінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл бағытта «Ауыз су» бағдарламасы бірінші рет іс-қимылдар нұсқаулығы міндетін атқарды. Ал 2011-2020 жылдарда іске асыруға бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы сол міндеттерді жалғастыратын болады. Миллиондаған қазақстандықтарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қандай шараларды жүзеге асыру керек екендігін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек ОРМАН айтып берді. «АУЫЗ СУ НӘТИЖЕЛЕРІ» – Анарбек Оңғарұлы, бүгінгі әңгі­меміздің басты тақырыбы кәдімгі су болғалы отыр.  Біреулер үшін жақын жерден суды тасып ішу келмеске кетсе, енді біреулер әлі күнге дейін сондай көздердегі суды пайдалануда. Ал «Ақ бұлақтың» басты мақсаты – қала және ауылдық елді мекендерді орталықтан­ды­­рылған САНПиН талаптарына сәй­кес келетін сапалы сумен қамтамасыз ету. Осы ретте, бағдарламаны жүзеге асыру қандай шаралардан басталмақ? – Таяуда ел Үкіметі 2011-2020  жылдарға арналған «Ақ бұлақ» атты жаңа бағдарлама қабылдады. Мұның алдында елімізде 2002-2010 жылдарды қамтыған «Ауыз су» бағдарламасы болды. Сауалыңызға жауап беру үшін әңгімені әріден, яғни бұрынғы бағдарламадан бастайын. Қалай дегенде де, «Ауыз су» бағдар­ламасының арқасында біз ауыз су жүйлерінің одан әрі нашарлай түсу үдерісін тоқтаттық.  2002-2010 жылдары 3,5 миллионнан астам тұрғындары бар 3 417 елді мекендердің сумен қамтамасыз етілу жағдайын жақсарттық. 13 288 шақырым су құбырлары тартылды. Суды тасымалдап пайдаланатын адамдардың саны азайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комите­тінің ақпараттарына сүйенсек, суды та­сымалдап пайдаланатын тұрғындардың саны 2002 жылғы 445 мың адамнан  2011 жылдың 1 қаңтарына қарасты 83 мыңға азайды. Бүтіндей алғанда, республика бойынша сумен қамтамасыз ету қызметтеріне қолже­тім­ділік 6,9 пайызға ұлғайды, су жүйелерінде жиі болып тұратын апаттар саны 2004 жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға азайды. Су құбыры желілерін салу мен пайдалану құнының оның негізіне салынатынына бай­ланысты су құбырлары желілерінің ұзақты­ғына орай оның өзіндік құнының арта түсе­тініне қарамастан, мемлекеттің қалалықтар үшін де, ауыл тұрғындары үшін де таза ауыз суға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ететінін атап көрсету қажет. Осы­лайша, 2004 жылдан бастап селода ауыз сумен жабдық­тауды субсидиялау жүзеге асырылуда. Сол арқылы тұ­тынушылар суды бір текше метрі 40 теңгеден аспайтын жеңілдікті баға бойынша алатын болады. СЫНАҚТАР ЖӘНЕ ҚАТЕЛІКТЕР ЖОЛЫМЕН –  Менің білуімше, «Ауыз су» бағ­дарламасын жүзеге асыру респуб­ликаның барлық өңірлерінде орын алған сумен жабдықтау проблемаларын нақты көрсетіп берді. Оны жүзеге асыруға жүргізілген талдаулар қандай қорытындыларға әкелді? – «Ауыз су» бағдарламасына әкімшілік етуде жіберілген кемшіліктер мен олқылық­тарға жасалған терең талдаулар оларды 2001-2020 жылдарға арналған ауыз сумен жаб­дықтаудың салалық «Ақ бұлақ» бағдар­ламасын жоспарлаған кезде ескеруге жағдай туғызды. Оны орындау барысында осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда шешілуі қажет болатын проблемалар анықталды. Осы­лайша, су құбырлары желілерін оларды үйлерге енгізбей және есептеу құралдарынсыз жобалау суды ұтымсыз пайдалануға себепкер болған. Сол сияқты қолда бар желілер мен ғимараттар тозуының кей жерлерде 60 пайызға және одан да көп деңгейге жеткені анықталды. Ауыл ішінде тарату желілерінің болмауы немесе олардың жеткілікті дамымауы да теріс рөл атқарды. Жобалар бойынша, өткен жылдарда  пайдаланушылар үшін соңғы су көздері даладағы колонкалар болған. Олар қыста қатып, жазда қоқысқа толып, кейбір жерде мүлдем істемей қалған. Сондықтан жаңа «Ақ бұлақ» бағдарламасын дайында­ғанда, суды әрбір үйдің ішіне кіргізу және оны су өлшегіш құралдарымен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл су беруші ұйымды әрбір пайдаланушымен тікелей жұмыс істеуге міндеттейтін болады. Оған қоса, су төлемі пайдаланған су көлеміне қарай анықталатындықтан, өлшегіш құралдардың орнатылуы пайдаланушылардың өз мүдделері үшін тиімді екені дәлелденіп отыр. Шымкент қаласында су өлшегіш құралдары орнатылғаннан кейін су шығыны бір адамға шаққанда тәулігіне 40-45 литрге азайған. Ал енді «Ауыз су» бағдарламасының түпкілікті қорытындыларына келсек, бүгінгі күні құрылысы салынып, әлі де іске қосыл­маған нысандар бар. Оған оларды пайдалануға беру кезінде осы нысандарда  айқындалған кемшіліктер себеп болған. Су пайдаланушы ұйымдар  салынған нысандар­дан осы күнге дейін кемшіліктер табуда. Олардың бәрі бізге келеді, біз бүгінгі иелерімен, оларды жобалаған­дармен және жергілікті әкімдіктермен кездесіп, анықталған мәселе­лерді жұмыс бабында шешіп отырамыз. Жалпы, өткен жылдардағы су жүйелерін жобалау жұмыстарының сапасы төмен болып шықты. Жобаларда айқындалған бірқатар кемшіліктер оған дәлел. Мысалы, «Ауыз су» бағдарламасының орындалу барысын талда­ғанда су көздері анықталмаған жобаларға немесе пайдалануға келмейтін сапасы төмен су көздерін есепке алған жобаларға тап болдық. Сол сияқты өткен жылдарда салынған су жүйелерін тапсыру мерзімінде аймақтарда пайдаланушы ұйымдардың жоқтығы анық­талды. Мысалы, Ақмола облысы Софиев, Романов, Қызылжар селоларында жаңадан салынған су жүйелерін тапсыратын ұйым табылмай, әлі күнге дейін олар құрылыс ұйы­мының есебінде тұр. Нәтижесінде, құрылыс ұйымы салынған жүйелерді сақтап қалу үшін бірнеше жыл бойы шығынданған. Бұл жағдай елімізде су саласындағы мамандардың тапшы­лығын тағы да көрсетіп беріп отыр. Су құбырлары жүйесін пайдаланатын ұйым­дарды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселесі де өткір тұр. Су пайдаланушы ұйымдардың материалдық-тех­никалық жарақталуының нашарлығы салдары­нан сумен жабдықтау жүйелері құрылғыла­рында жиі апаттар орын алып, олар уақытында жөнделмей жатады. Оның соңы ауыз судың екінші қайтара ластануына, су құбырлары желілерінің тозуына және су беру кестесінің бұзылуына соқтырады. Ауыз су мәселесі су ресурстары аз аймақ­тарда анағұрлым өткір күйінде тұр. Бұл бағытта су тапшылығының алдын алу үшін өзендер бойында қажетті көлемдегі су қоймаларын салу керек. Сонымен қатар, жаңа бағдарламада жерасты суларының көлемін анықтау жұмыстарына үлкен назар ау­да­рылып отыр. Қазіргі уақытта Су ресурстары комитеті су ресурстары аз аймақтарға суды басқа жақ­тан жеткізу жолдарында қарасты­рып жатыр. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы қала халқын 100 пайыз және ауыл халқын 80 пайыз сапалы ауыз сумен үзіліссіз қамтамасыз етуге қызмет етпек, со­нымен бірге ауыз сумен жабдықтауға қатысты пайда болған барлық мәселелерді шешуі тиіс. ОЛҚЫЛЫҚТАРСЫЗ ЖӘНЕ ШЫҒЫНДАРСЫЗ – Оны жүзеге асырудың негізгі саты­лары қандай және оны сапалы жүзеге асыру  қалай қамтамасыз етілмек? – «Ақ бұлақ» бағдарламасы 4 миллион тұрғындарды қамти отырып, 3 845 ауылдық елді мекендердің 80 пайызын таза сапалы сумен қамтамасыз етуді көздейді. Бағдарлама екі сатыда жүзеге асырылады. 1-саты – 2011-2015 жылдарды, 2-саты 2016-2020 жылдарды қам­титын болады. Бағдарламаның 1-сатысы 2 миллионнан астам тұрғыны бар 2000 ауылдық елді мекендерді қамтиды. Ал бағдарламаны 2-сатыда жүзеге асыру 1 миллион 934 тұрғыны бар 1 845 ауылдық елді мекендерді қамтуды қарастырады. Бағдарлама жобалық-сметалық құжаттарды сапалы деңгейде әзірлеуді қамтамасыз ететін жаңа көзқарастар негізінде дайындалған. Олар: ауылдық елді мекендерді зерттеу, жобалақ-сметалық құжаттар әзірлеу, жобалар тізімін бекіту, инвестициялық жобаларды іске асыру, пайдаланушы ұйымдарды құру. Осылайша, бағдарламаны орындаудың ал­ғашқы жылдары келесі жылдар үшін негіз қалайтын болады. Сонымен бірге бағдар­ламаны  орындаудың әрбір сатысы оны сапалы орындау үшін қажетті шешуші талаптарды қамтымақ. Мысалы, ауылдық елді мекендерді зерттеу  жұмыстары су жүйелерінің ағымдағы жағдайын бағалаудан, су көздерін анықтаудан, жобалық-сметалық құжаттардың СНиП (құры­лыс нормалары мен ережелері) та­лаптарына сай екендігін тексеруден, жобалық-сметалық құжаттарды зерттеу жұмыстарына сәйкестен­діруден, өткен 2010 жылдың жо­ба­ларын есепке алудан және маман­данды­рылған жобалау ұйымының тапсырыс беруші үшін техникалық тапсырмаларды әзірлеуден тұрады. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу та­лаптары озық технологияларды, жабдықтар мен материалдарды, ауылдық елді мекендерді толық есепке алуды, мемлекеттік сараптамадан өтуді қамтитын болады. Жерасты суларының әлеуетін де естен шығаруға болмайды, болашақта ондай көздер барынша молынан пайдаланылмақшы. Жерас­ты сулары қорларына зерттеу жүргізу сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеушілерге қойылатын талап­тардың бірі болмақ. Ауылдық елді мекендерді зерттеу жұ­мыстарының нәтижелері бойынша респуб­ли­калық және жергілікті бюджеттер арқылы қаржыландыру үшін жобалардың бірегей тізімі бекітіледі. Тізімді арнайы құрылған ведом­ствоаралық комиссия жыл сайын қалыптас­тырып және бекітіп тұрады. Бағдарламада мемлекет пен бизнес арасын­дағы әріптестік негіздері де ескерілген,  ол сумен жабдықтау жобаларының инвести­циялық тартымдылығын арттыра­тын бо­лады. Ол үшін бірнеше өңірлерде мемлекет пен бизнестің бірлескен баста­малары бойынша қанатқақты жобалар іске қосы­лады. Бүтіндей алғанда, «Ақ бұлақ» бағдар­ламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтуды жақсарту үшін 450 миллиард  теңге қаржы қарас­тырылған. Оның ішінде 300 миллиард теңге – республикалық бюджеттен, 150 миллиард теңге жергілікті бюджеттерден бөлінеді. 2011 жыл ішінде 228 ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау нысандарын, соның ішінде 136 ауылдық елді мекендерде аяқталып келе жатқан нысандар да бар, қайта жаңғырту және салу жоспарланған. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен – 24 033 мың теңге, жергілікті бюджеттерден 4 835 мың теңге қарастырылған. 9 топтастырылған су құбырларын жаңар­ту жұмыстарына, 6 топтастырылған су құбырларының құрылысына, 12 топтас­ты­рылған су құбырларының жобалық смета­лық құжаттарын дайындау жұмыстарына 8 699 мың теңге қарастырылған. «Ақ бұлақ» бағдарламасы өз алдына барынша қисынды және өмірлік қажетті міндеттер қояды. Оның біріншісі және ең бастысы әр үйде тәулігіне 24 сағат бойы судың болып тұруы. Су өлшегіш құрал­дарымен қамтамасыз ету 100 пайызды құ­рауы керек, ол ең басты табиғат байлығына ұтымды және ұқыпты қарауды қамтамасыз етеді.  Пайдаланушы ұйымдардың саны артып (олар әрбір аудан орталығы мен ірі елді мекендерде болады), жеке капиталдың қатысуындағы су шаруашылығы кәсіпорын­да­рының саны ұлғаятын болады. Жерасты суларының әлеуеті 3 мыңнан астам селоларда іске қосылмақшы. Биылғы жылы 300-ден астам ауылдық елді мекендерде жерасты суларының орындарына барлау жасау міндеті тұр. Іске қосылған барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган­дардың жұмыс­тарын үйлестіру, сол сияқты жеке секторды бел­сенді араластыру бағдар­ламаны жергілікті жерлерде табысты жүзеге асырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Миллиондаған ауыл тұрғындары­ның тұрмыс деңгейлері мен жағдай­ларын жақсарту үшін «Ақ бұлақ» бағдар­ламасының маңызы орасан зор. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.