– дейді Ресейде тұратын 90 жастағы Жібек Тұрласова
Нағайбақ ауданы Челябі облысындағы өндірісті Магнитогор қаласынан 50 шақырымдай бүйректе жатыр. Қазақтар шоғырланып отырған Арсланбай ауылы Нағайбақ ауданының орталығы Фершампенуаз селосынан қозыкөш қана жерде орналасқан. Одан бес шақырым жерде Нағайбақ селосы бар. Осы Нағайбақ ауылында немере інісі Абай Жапаровтың қолында тұратын Жібек Тұрласова әжеміз өткен қарашада 90 жасқа толды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, бір көзінің ауырып, көрмей қалғаны болмаса, әлі өңі тая қоймаған, сөзі де мірдің оғындай. Көненің көзіндей шежіре қария әңгіме айтқанда, өткен уақыт суреттерінің бәрін тізілдіріп көз алдыңа әкелгендей болады. Әңгімеміз бірден жарасты.
– Бұл өмірден көргенім де көп, білгенім де мол еді. Кәрілік кімді тұсауламады дейсің, қарағым. Тоқсаның да аяйын деп тұрған жоқ, бірақ бала кезімдегі көріністер жадымнан тым өше қоймаған секілді.
– Онда алыс жылдардың естелігін ести отырайық, әже.
– Қазақстаннан келсеңдер Сәбит Мұқановты білетін шығарсыңдар. Атағы жер жарды ғой. Сол кісінің алдында отырып, тақпақ айтқаным бар еді бала жасымда.
– Әже айтыңыз, мұнан артық қандай әңгіме керек!
– 30-шы жылдары мен ойын баласы едім, өткен ғасырда. Әкем жастай өлді, жетім өстім. Жоқшылықтан он жасқа дейін мектеп көрмедім. Дәл қай жылы екенін ұмыттым, бірақ сол 30-шы жылдардың ортасы екені анық. Менің 9-10 жасар кезім болатын. Бірде ауылға «жазушы Сәбит Мұқанов келді» дегенді естісімен, ауылдың тайлы-таяғы қалмай даурығып, оны көргенше асықтық. «Қызыл қазақ» ауылында ылғи қазақтар тұратын. Сауыққой ауыл еді. Мен бала жасымнан естігенімді қағып алатын зерек болып өстім. Ауылда алаңсыз өлең айтылады. Соның барлығын жаттап алатынмын. Еститінім тек Сталин туралы өлеңдер болушы еді. «Сталин – көсеміміз, Сталин деп өсеміз біз» деп ауыз жаппай айтып жүреміз.
Аты жер жарып тұрған Сәбит Мұқанов Ысқақ Божақов деген кісінің үйіне түсті. Ол кезде қазақтарда қазіргідей кең сарайдай үй қайда, тұқыл жер баспаналар ғой. Ысқақтың сондай үйінде Ағажай деген әйелі дастарқан әзірлеп жүрді. Анам мені ертіп барғанда дөңгелек жүзді, қараторы, ажарлы, қырықтың о жақ, бұ жағындағы кісі төрде отыр екен. Баламын ғой, ауыл ақсақалдары маған «ағаңа өлең айтып бер» деп итермеледі. Сәбит Мұқанов мені шақырып алып, оң тізесіне отырғызды. Сонда: «Келемін жоғарыдан маң-маң басып, қолымда шие баулы күміс қасық. Сәбеттің өкіметі құрылған соң, жарыққа жаңа шықтық көзді ашып» деп бастап тақпақ айтқаным есімде. Алдымдағы ересек балалардан үйренген тақпағым болса керек. Өлеңнің кімдікі екенін, қалған шумақтарын ұмытыппын. Сәбит менің арқамнан қағып, «бәрекелді!», деп мақтау сөздерін айтты. Содан ауылдың адамдары қауқылдасып, қонақпен дастарқан басында болды. Біз балалар ой-
ынға шығып кеттік.
– Сәбит Мұқановтың ауылда қанша уақыт болғанын білесіз бе?
– Ол кісі Қызыл қазақ ауылында бір-екі күн аялдады білем. Өйткені, Сәбитті жағалбайлылар бірден жібермеді. Оны ауылда Ысқақ көкемізден кейін «Қызыл қазақ» колхозының төрағасы Сәтен Боранбаев, бухгалтері Жұматай Ноқаев, менің әкемнің інісі Хасен Жапаров деген ауылдың ірі-басты кісілері үйіне шақырып, қонағасы берді. Баламыз ғой, бізді үлкендердің қасына кім жіберуші еді? Әйтпесе, Сәбитпен қаншама әңгіме айтылғаны хақ қой. Кейін, хат таныған соң Сәбит Мұқановтың шығармаларын қызыға оқыдым.
– Жібек әже, бір сөзіңізде Күләшті де айтып қалдыңыз ғой?
– Иә, сол 30-шы жылдардың ішінде Магнитогор металл комбинатына Күләш Байсейітова да келіп, концерт берді.Тура қай жылы келгені есімде жоқ, бірақ сол 30-шы жылдардың ішінде, бәлкім, аяғына қарай шығар. Соғыстан бұрын. Жетім қыз сонау Магнитогорға, Күләштің концертіне қайдан барсын. Ол кезде қазіргідей зырғыған автобус, машина қайда? Ауылдан шамасы жететіндердің барлығы шұбап атпен, арбамен барып келді. Содан кейін татар (нағайбақ) тіліндегі жергілікті «Сталин йолы билән» газетіне Күләштің суреті, оның концерті туралы мақала басылды. Мен содан оқыдым. Шашын маңдайдан қақ жарып тастаған, дөңгелек жүзді, сұлу әйел екен. Күләш Магнитогорға келіп-кеткеннен кейін «Қызыл қазақтың» бар қызы «Гәккуді» айтып, ауыз жимайтын болды. «Қобыз бен домбыраның арасында, балқыған қорғасындай қайран Гәкку» деп шырқайтынымыз есімде қалыпты.
Тілші шегінісі: «Сталин йолы билән» газеті демекші, Нағайбақ ауданын жайлап отырған тілі татар тіліне өте жақын, діні бөлек нағайбақ халқын Кеңес Одағы кезінде «татар» деп жазатын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін олардың өз алдына халық, ұлт болып тіркелуіне көп еңбек сіңірген осы «Қызыл қазақ» ауылының түлегі Қайырбек Сейілов есімді қандасымыз екенін де айта кетудің артықтығы болмас.
Жалпы, Жайық бойын жайлаған қазақтардың тарих-тағдыры арнайы мақаланың жүгі дер едік. Жібек әженің әңгімесінен Жайық бойындағы қазақтардың өмірі қай уақытта да малдың жайылымы, жер үшін күреспен өткен.
– Жібек әже, әңгіме барысында жетім өскеніңізді қайталадыңыз. Балалық шағыңыз ауыр кезеңдерге тап келді ғой?
– «Қыз Жібек» қиссасындағы Жібектің: «Әуелде түскен жерім Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» дейтіні бар ғой, сол рас. Аталарымыздың бай болғанын қайте-
йін, рахатын өздері көрді, сол малдың бар қорлығын балалары – біздер тарттық. Одан он беске енді шыққанымда соғыс басталып кетті де, көрмегенім жоқ. Несін айтайын, көрікті едім. «Ақ Жайықта тағы бір Жібек өсіп келеді» дейді екен ауылдың үлкендері мен туралы. Уақыт жібегін жүн қып жіберді, қарағым. Қазақтың қай әйелінің де шері өлеңмен шыққан ғой. Мен де: «Дүниенің қызығына кімдер тойған? Түріндей текеметтің ою ойған. Қыз Жібек арманына жете алмаған, Атымды әкем неге Жібек қойған?..», деп жылап алатын едім.
Соғыс кезінде аштан өліп бара жатқан соң, күнім үшін ауылдағы біреуге тұрмысқа шықтым. Ол мені адам емес, мал қатарында ұстады. Осы жердің ағашы қалың болушы еді, қасқыры жаудай. Өзі үйде жатып, мені отынға, шөпке жалғыз жібереді.Құдай аяған шығар, ол бір жарым жылдан соң кенеттен өлді де, одан кейін Молдабай деген жігітке өзім қалап шықтым. Көзім ашылды, жақсы тұрдық. Қуандық атты ұл, Қарапа атты қыз таптым. Бірақ тағдыр маған Молдабайды да көп көрді, одан 33 жасымда жесір қалдым, ауырып қайтты. Нашарлап жатып марқұм: «Жібек, сені жанымнан артық көріп ұнатып едім, енді кім құшақтар екен?» деді. Ол бұл дүниеден баз кешіп жатқанын, бетінің о дүниеге қарағанын айтып қамықты, балаларды дайындады. Сосын мен өмір бойы оған деген адалдығымды сақтайтынымды айттым. Сол сөзімді ұстадым да. Әйтпесе, маған қызыққандар көп болды. Ешкімге мойын бұрмадым, екі баламды өсіріп, аяқтандырдым. Бірақ тағдырдың жүгі мойнымнан ақыры түспеді. Ұлым қайтыс болды, қызым қазір инсульт алып, оны жалғыз қызы қарап отыр. Мені немере інім қолына алды. Әттең, дүние-ай, деймін.
– Сонда тоқсан жаста өмірден не түйдіңіз?
– «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген ғой халқымыз. Әйел соны ұстануы керек екен. Мен жарыма адалдық танытамын деп, өмір бойы өзімді бұғауладым. Сонда не таптым? Баладан қалдым, өмірімді қиындаттым. Ер болсын, әйел болсын Алланың берген сыйын бұл өмірде толық жаратуы керек екен, өмірдің жалғасатынына пейіл салмаппын. Әр адамның тағдыры, қателігі кейінгіге сабақ болсын, қарағым.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ – НАҒАЙБАҚ – ҚОСТАНАЙ