10 Қаңтар, 2017

Дәрігер қабылдауына – электронды кезекпен

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
yelektrondy-kezekКімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды дейсіз? Мұндайда аттың басын емханаға қарай бұратыныңыз анық. Сол кезде алдыңыздан ұзын-сонар кезек шыға келеді. Осы сәтте біреулердің кимелеп алға шығып, дәрігердің қабылдауына кезегін сақтамай, кіріп кетуінен әртүрлі түсініспеушіліктер мен реніштер де туындап жатады. Кейінгі кезде Орал қаласындағы емханаларда мұндай көріністер азайып келеді. Яғни, аталған медициналық мекемелерге электронды кезек жүйесінің енгізілуі тұрғындар көңілін орнықтыра бастағандай. «Денсаулық» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында құрылған қанатқақты жо­баның басты мақсаты – келеңсіз кезек пен қолайсыз жағдайларды болдырмау. Бұл жоба емделушілер ағымын реттеуге бағытталған. Жаңа тәртіп бойынша дәрігердің қабылдауына келушілер электронды жәшіктен түбіртек алады. Мұнда көрсетілген нөмір табло мен экранда жарқ ете қалған кезде, дәрігердің қа­былдауына кіруге жол ашылды деп есеп­тей беріңіз, деді газет тілшісіне Ба­тыс Қазақстан облыстық денсаулық сақ­т­ау басқармасының басшысы Қами­дол­ла Ирменов. Облыс орталығындағы емханаларда ең бірінші тіркеу және жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімдеріне электронды кезек арқылы кіру жолдары белгіленіпті. Содан соң жаңа жүйенің ауқымы мен легі біртіндеп көбейе бермек. Сонымен бірге, емделушілерге өркениетті медициналық қызмет көрсетудің мұндай өміршең үлгісі емханалардың бөлімшелерін де қамтымақ. Әрине, қатып қалған еш­те­ңе жоқ. Өңірдегі денсаулық сақтау са­ласының басы-қасында жүргендер қа­нат­қақты жобаның тиімді және тиімсіз тұс­тарын таразыға тартып, соған сай әр ем­хананың ерекшелігі мен ыңғайына қа­рай электронды жәшіктер қоюды ойла­с­ты­рып отыр екен. Ал тұтастай алғанда, емханаға қа­ра­­лу­шылардың кезегін электронды түр­д­е рет­теудің артықшылығы мол екені тала­ссыз. Бұған қазірдің өзінде тұр­ғындар да, жобаны іске асырушылар да көз­де­рін айқын жеткізе бастаған се­кілді. Де­­генмен, осы арада І және ІІ топ­та­ғы мүгедектер, аяғы ауыр аналар және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің дә­рі­ге­р­­дің қабылдауына кезексіз кіру құқы сақ­талып қалғанын да айта кеткен жөн. Өмір бір орнында тұрмайды. Ол үне­мі алға жылжу үстінде. Сондықтан да осы өмір көшінен қалып қоймау үшін өңір­де емделушілерді кезекке смартфон ар­қылы қоюдың мобильді бағдарламасы да белгіленіпті. Бұл тәсіл қолданысқа электронды жәшіктің қызметі түбегейлі реттелген соң енгізілмек.  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ Суретте: Электронды жәшіктен түбіртек алу