Кеше Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 10 жыл толуы қарсаңында осы ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің мәжілісі өтті.
ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Қытай Халық Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Лян Гуанле, Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрі Әбиболла Құдайбердиев, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антонов, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі Шерали Хайруллоев пен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрінің халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Рустам Ниязов қатысты.
Мәжілісте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволары ынтымақтастығының даму барысы, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке байланысты мәселелер қаралды. Сонымен бірге онда өңірді тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген іс-қимылға қарсы тұра алатын сенімді механизмді құрудың маңызды әрі ол көп жоспарлы міндеттердің бірі болып саналатынына, бұл бағыттағы негізі сүйеніш жауынгерлік дайындықтың деңгейін көтеру мен әскери білімді жетілдіру екендігіне баса мән берілді. Осы мәселеге байланысты ҚР Қорғаныс министрі Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әртүрлі салаларда қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне, тұрақтылығы мен өзара іс-қимылына назар аударатынын атап өтті. Ал жиынға қатысқан басқа елдер министрлері болса, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы зор әлеуетке ие, ол өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті тиімді түрде іске асыруға, сонымен бірге қорғаныс саласын реформалауда өзара іс-қимыл танытуға, әскери кадрларды әзірлеуге ерекше ықпал ететінін айтты. Мәжілісте тағы да әскери саладағы сенім шарасы мен тұрақтылықты күшейту, өңірдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту, лаңкестікке қарсы күресті жетілдіру мәселесі көтерілді. Жиын соңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің 2012-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары бекітілді.
Ал кеше және арғы күні Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков ҚХР Ұлттық қорғаныс министрі Лян Гуанлемен және қырғызстандық әріптесі Әбиболла Құдайбердиевпен өткізген кездесуінде ШЫҰ аясындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қытай министрімен кездесуде қорғаныс ведомствосының басшысы еліміздің ШЫҰ аясында ҚХР-мен ынтымақтастыққа барынша маңыз беретінін, соның шеңберінде тұрақты түрде лаңкестікке қарсы бірлескен әскери жаттығулардың, халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ақпарат алмасу мен кеңесулердің өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ал Қытай Қорғаныс министрі былтыр Мәтібұлақ полигонында өткен «Бейбіт миссия – 2010» жаттығуларын жоғары бағалайтынын, осы жаттығулар ШЫҰ қарулы күштерінің бірігіп кез келген қауіпке тойтарыс бере алатынын көрсеткенін айтты. Сонымен бірге ол Қытайдың ШЫҰ аясында барлық мемлекеттермен терезесі тең саясат жүргізетін өзара сыйластық пен ынтымақтастықты нығайтудағы ұстанымын білдірді. Ал Қырғызстан Қорғаныс министрімен өткен кездесуде тараптар «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы қайтарымсыз әскери көмек көрсету туралы келісімге» қол қойды. Осы жерде ҰҚШҰ мүше мемлекеттерге әскери мамандар даярлау жөніндегі келісім аясында осыған дейін 70-ке тарта қырғыз әскери қызметшілерінің қайтарымсыз негізде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жоо-ларында білім алғанын, ал қазір көрші елдің 110 әскери қызметшісінің еліміздің әскери оқу орындарында білім алып жатқанын атап өткен жөн.
Дастан КЕНЖАЛИН.