10 Қаңтар, 2017

Атырау облысында жастарға 220 пәтер салынуда

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырау облысында жастарға арналып барлығы 220 пәтер болатын үйлер салынып жатыр. Олардың 120 пәтері биылғы наурызда аяқталады деп жоспарланған, ал қалған 100 пәтерлі үйдің құрылысы енді басталды. Үйлер жас отбасыларға арналған "Жас Отау" бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатыр. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев әкімдікте өткен кезекті жиналыста айтты, деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Дегенмен, аймақ басшысы бұл пәтерлердің аздық ететінін, жастарға деген қолдауды барынша үдету қажет екенін жеткізді. "Үй алып, үй болуға мұқтаж адамдар көп. Олардың бәріне қолдау көрсетіп жатырмыз. Солардың ішінде жастарға да арнайы көңіл бөлуіміз керек. Себебі, жастар - қоғамның локомотиві. Биыл 120 отбасы үйлі болады. Бұл ең алдымен олардың болашақ ұрпағына деген қамқорлық", - деді Ноғаев. Оның айтуынша, қазір бұл жобаны іске асыруға Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласы ниет білдіріп отыр екен. Облыс әкімі жастарды біреуден көмек күтпей, аянбай еңбек ете білуге шақырды. "Сіздерде біздің ойымызға келе бермейтін идеялар өте көп. Ойларың тың. Қазіргі технологиялардың көпшілігін сіздер секілді жастар ойлап шығарған. Бойларындағы потенциалды пайдаланып, өздерің жарып шығуларың керек", - деді аймақ басшысы. Айта кетелік,былтыр Атырауда "Дипломмен ауылға" бойынша 41 жас маман бюджеттік несие алып, 113-і көтерме жәрдемақы алған. Сонымен қатар, 298 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 27 жас кәсіпкердің алған несиелері субсидияланып, 23 кәсіпкердің несиесі кепілдендірілді. Биыл Атырау қаласында "Жастар Сарайының" құрылысы жоспарланып отыр.