Америкалық Yahoo интернет-компаниясы Verizon компаниясына толықтай өткен кезде атауын Altaba деп өзгертеді. Бұл туралы ВВС хабарлады. Аталған келісімнен кейін компанияның басшылығы да өзгереді. Атап айтсақ, қазіргі топ-менеджерлерінің бірі, атқарушы директор Марисса Майер орнынан кетеді. Washington Post басылымының хабарлауынша, оның орнына директорлар кеңесінде қызмет еткен Эрик Брандт келеді.
Компания жаңа атауы не себепті Altaba болатынына әлі ресми түсініктеме берген жоқ. Бірақ Wall Street Journal бұл сөз "альтернатива" және Alibaba сөздерінен құрастырылды деп болжап отыр.
Yahoo! интернет бизнесін Verizon компаниясы наурыз айында толықтай сатып алмақ. Естеріңізге сала кетсек, Verizon Communications телекоммуникациялар компаниясы Yahoo интернет-компаниясын 4,83 млрд долларға сатып алатыны туралы 2016 жыл жаз айында хабарлады. Ал Yahoo 1995 жылы ашылған. 20 жылдан астам уақыт бойы ол іздеу жүйесі мен басқа да интернет қызметтерді қамтыды. Бүгінде аудиториясы айына 1 млрд адамды қамтиды.