10 Қаңтар, 2017

ШҚО-да үш тілділікті енгізу мәселелері талқыланды

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ШҚО-да үш тілділікті дамыту жөніндегі 2016-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында мектептерде тілдерді оқыту үшін сағат саны көбейтілді, бірыңғай оқулықтар алынып, үш тілді білім беруді енгізу үшін басқа да жүйелі шаралар қабылданды, деп хабарлады облыс әкімдігі. Мысалы, ШҚО әкімдігінің 2016 жылғы 8 шілдедегі қаулысына сәйкес, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымдарында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуға оқу жоспары бөлігінен сағат саны көбейтілген. Сондай-ақ жаңа жылдың басынан бері қазақ тілінде оқытылмайтын мектептер үшін сөйлеу қызметінің төрт түрі бойынша деңгейлік даярлық бағдарламаларына сәйкес профессор Ф. Оразбаева әзірлеген қазақ тілі оқулықтары алынған. Облыстың барлық білім беру ұйымдары «Cambridge University Press» баспасының ағылшын тілі оқулықтарымен қамтамасыз етілген. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен орыс тілінде оқытылмайтын мектептер үшін орыс тілі оқулықтарын дайындау туралы меморандум жасалған. Бүгінгі таңда орыс тілінің мұғалімдері орыс тіліне деңгей бойынша оқыту жөніндегі оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқаларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Жоспар аясында тілдерді оқыту кезінде сыныптар 10-12 оқушыдан аспайтын кіші топтарға бөлінеді. Мұғалімдер үшін оқыту курстарын ұйымдастырумен қатар сараланған материалдық көтермелеу көзделген. 2017 жылдан бастап Кешенді жоспарды іске асырудың екінші кезеңі басталады, ол оқыту курстарын жалғастыру, ағылшын тілінің үздік мұғалімдері арасынан жаттықтырушыларды даярлау, сөйлеу қызметінің төрт түрі бойынша оқушылардың тілдік коммуникативтік біліктіліктеріне диагностика жүргізу, оқушыларға үш тілде қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және пән мұғалімдерін кәсіптік ағылшын тілін және пәндерді ықпалдастырылған оқыту әдістемесін оқыту сияқты шараларды көздейді.