11 Қаңтар, 2017

Әдебиетімізді әлем танысын десек

845 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Қазақстанның мәде­­ниет саласында өзін өзгеге таны­ту­­дан гөрі өзгені өзімізге таны­туға ар­­нал­­ған қарекет басым ба деп елең­­дей­­сің. Әлем әдебиетінің туын­ды­­ларын том-томдап қазақ тілі­не тәр­­жі­маладық. Арнайы аудар­ма бас­­пасы ашылып, шетел классик­тері­­нің 100 туындысын ана тілімізде сөйлеттік. 

aldan-smayyl

Ал біздің бай рухани қазынамызбен әлем қашан сусындамақ? Қазақ ақын­дары мен жазушылары ғаламмен еркін тілдесетін уақыт жеткен жоқ па? Олар, қазақ дарындары, Ақтамберді мен Махам­бет, Абай мен Мағжан, Қадыр мен Мұқ­ағали, Әбіш пен Оралхан – адамз­атқа ортақ ой айта отырып, ұлттық ерекшелігін сақтаған таланттар. Осы және басқа дүлдүлдеріміздің тол­ғауы тоқсан туындыларын шет ел­дер­дің тіліне көркемдік деңгейін төмен­­дет­пей аудару арқылы қазақ хал­­қын, оның кестелі ой-сезімін, мар­жан­­дай асыл сөзін, ізгілікпен нұрлан­ған жан дүниесін танытамыз. Жаһан Еура­зияның кіндігінде Азия мен Еуропа­ның жоғары талғамына сай көркем әдебиет тудырған аса талантты халық бар екенін білетін болады және құрметтейді. Ал әзірге қазақ әдебиеті әр кезде, әр деңгейде түрлі тілдерге там-тұм­дап аударылған азын-аулақ шығар­малармен шектелген. Роман-поэмалары халықаралық беделді тілдерге түпнұс­қадағы көркемдік деңгейі сақталып тәр­жімаланған ақын-жазушы жоқ та шығар. Олай дейтініміз, олардың туын­дылары осы уақытқа дейін әуелі жолма-жол аударылады, содан кейін орыс­тың не ақыны, не жазушысы сол аудар­маны үстінен редакциялайды. Мұндай тәржімадан шыққан дүниенің түпкі идеясы мен мән-мазмұны толық ашылмайды, шұрайлы тіл солғындап, қазақ сөзінің астарындағы ой-сезімдер жоғалады. Қазақстан Жазушылар одағы Аст­ана филиалында қызметте жүргенде Мәс­кеудің төрт ақын-жазушысы іздеп келді. – Сіздерде Жазушылар одағы сақ­тал­ған ба, сақталса қандай мүмкін­діктері бар, мемлекетпен қарым-қаты­насы қай дәрежеде, білейік деген оймен жүрміз, – деді олар. Әлгі сауалдарына кеңірек жауап бердім де, талайдан көкейімде жүрген бір мәселені қозғадым. – Орыс тіліне қазақтың талай талантты ақын-жазушыларының шығарма­ла­ры аударылды. Әуезовтен бастап бүгін­гі Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұрат­беков­­ке дейін тәржімаланған. Солардың туын­ды­ларын оқыдыңыздар ма? – дедім. – Бәрін оқымайсың ғой, – деді өзім қатарлы біреуі. – Мен шет ел әде­биетін зерттеп жүргендіктен, осы сала­да докторлық қорғағам, сіздердің жазу­шыларыңыздың кейбірін білемін. Олар, бәлкім, туған тілінде тамаша әңгіме-роман тудырған шығар, ал орыс тіліндегілері, көңіліңізге алмаңыз, ортанқол дүниелер. – Сірә, аудармасы сапасыз болған ғой, – деп алдаусыраттым оны да, өзімді де. – Көркем аудармашыларды арнайы даярлау керек екенін баяғыда Мак­сим Горький көтерген – деді ол. – Әде­биет институтында кезінде жеке бөлім де болды. Бірақ, белгісіз себеппен жабылғ­ан. Бәлкім, орыс тілін кешегі Кеңес Одағындағы елдер ғана емес, Еуропаның біраз жері білгендіктен бе, орыс классиктерін ағылшындар мен француздар және басқалары бізсіз-ақ аударып жатқандықтан шығар. – Сол бөлімді қайта ашу қажет пе, жоқ па? Қалай ойлайсыз? – деп әрі қарай елге тарттым. – Әрине, ашу керек, – деді ол. – Орыс ауанын орыс шайыры ғана мөл­діретіп аудара алады. Басқа ұлт ақыны орыс тілін жетік білсе де орыстың рухын білмейді. Шындығында да солай. Ұлттық қанмен және ананың сүтімен берілетін рухын өзге ұлттың ұлы қайдан ұқсын. Сондықтан Алматы­дағы әл-Фараби немесе Астана­дағы Л.Н.Гумилев атындағы универ­ситеттердің бірінде ағылшын, неміс, француз, испан, қытай мен жапон, орыс тілдерінде көркем шығармаларды тәржі­малайтын кәсіби аудармашылар даярлауды қолға алу керек. Сонымен қатар, Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінің жанынан қазақ әдебиетінің кітапханасын ашайық. Сол кітапханаларға бүгінге дейін өзге тілдерге аударылған көркем, ғылыми-көпшілік және тарихи шығармалар жинақ­тал­са, осы туындылар бойынша түрлі деңгейде конференциялар өткізіп тұрса, біздің сырт мемлекеттердегі руха­ни шаңырақтарымызға айналар еді. Байыбына барсақ, аудармашылық еларалық маңызды қызмет. Тәржімашы – өркениеттерді табыстырып, мәдениет­терді бауырластыратын от тілді, орақ ауызды елші. Ұлы Абай ғаламат аудар­ма арқылы Пушкин мен Гетені алты Алаштың ақынына айналдырды. Біз кәсіби қазақ аудармашысын даярлау арқылы Мұқағали мен Фаризаны әлемнің ақындары етеміз.

Алдан СМАЙЫЛ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты