11 Қаңтар, 2017

Ел кезіп, еңіреген әуен

338 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

bir-tagan

«АДК» сауда үйінің екінші қаба­тындағы дәмханадан бір кесе шай ішкім келіп, әп-әдемі үйшік тәрізді кассаға қарай бұрылдым. – Екі жүз теңге, – деді күндей күлім­деген жап-жас қыз бір стақан қайнаған су мен жұп-жұқа қағаз пакетке оралған бір шымшым құрғақ шайды ұсынып жатып. «Қымбаттау екен», деген ой келді маған. Бірақ, мына қарындасымның сүп-сүйкімді көзі «алыңыз, ішіңіз» деп шуақ шашып тұрғандай. Қалтамда «ұсақ» қалмапты. Өмірім­де әмиян ұстап көрген жан емеспін. Себебі, ұмытшақпын. «Бір жерде қалдырып кетермін...» деген күдік үнемі сақтандырып отырады. Екі мың теңгелік ұсындым. – Ой, аға, «ұсағыңыз» жоқ па? – деді қарындасым. – Жоқ... Ал, шай болса, құйылып қойды. –Жарайды. Алыңыз, – деді қарындасым іштей бір шешімге келгендей басын шұлғып. - Біздің есебімізден... – Ой... Ұят болды ғой!.. – Жо-о-оқ, – деп күлді ол. – Бүгін бір ағамды шаймен сыйлағаныма өте қуаныштымын. – Рақмет, айналайын. Шынымды айтсам, бүгінгі көңіл-күйім онша емес-ті. Бір кесе шай тек сылтау ғана еді. Себебі, бұл жер кейде осылай, өзіңмен-өзің оңаша отырып, ойланғанға жақсы. Айналадағы адамдар... Жо-жоқ, олар сізге бөгет бола қоймайды. Аздан соң мына залдағы музыкаға да бойыңыз үйренеді. Иә, айтпақшы, бүгінгі музыка бір­түрлі... Басқаша. Күндегі әуендерге мүлде ұқсамайды. Ащы ішектей созылған ұзын-сонар, белгісіз бағытқа бет алған мұңлы, шерлі жолаушының көңіл-күйіндей... Жан сыздатар сағыныш бар секілді өзегінде. Бірақ, біз үшін бөтен, бейтаныс сағыныш. Тосын күй. Иесіз үйде қамалып қалған аш мысық­тың тас қабырғаны мияулап тырнағанындай... Кенет залдың төр жағындағы шағын сахнада отырған үш үндіс жігітіне көзім түсті. Тап бір, «Ин­чучун­ның ұлы – Виннету» фильмін­дегі кейіптерімен «АДК»-ға сал­танатты түрде кіріп келе салған­дай. Шаштары ұзын, қасы-көздерін әлдебір шөптердің қызыл-сары-жасыл сөлдерімен бояп алған. Жер астындағы бір қараңғы қапасқа қарай шақырған қиыр-шиыры көп үн. Сызылған сағыныш. Созылған зар. Жан дүниеңізді тырналайды... Елінен, жерінен, тілінен айырылған жұрттың көз жасы. Кешегі оттың қоламтасы. Қара қазанның қаспағы. Енді тек музыкасы ғана ел кезіп, еңіреп, зарлап жүр... Залдағы жұрттың көбісі – өзіміз. Қарагөз қазақтың жастары. Бірінен бірі өткен сымбатты, сұлу қыз-жігіт­тер. Өкінішке қарай, бәрі де өзге тілде сөйлейді. «Япыр-ау, неге ұқпайсыңдар?! Мына музыка не деп күңіреніп тұр? Біз болсақ, өз елімізде, өз жерімізде өмір сүріп жатқан жоқпыз ба?!» деп айқай салғың келеді. Бірақ... Айтылмай жүрген сөз бе еді сол. Тек, естілмей жатқан жоқ па. Бүйте берсек... Кенет тап-таза қазақша сөйлеп, бір стақан шай ұсынған жаңағы сүп-сүйкімді қыз елестеді көз алдыма. Тәубе дедім іштей. Содан соң, жалма-жан сөмкемді ақтарып, ақын досымның таяу­да ғана сыйлаған жаңа кітабын іздей бастадым. Мен қайтып оралған кезде ол да музыка тыңдап, мұңайып тұр екен. – Сізге сыйлаймын, – дедім ақырын ғана қолымдағы кітапты ұсынып. – Ой, – деп таңырқап қалды ол. – Сіздің кітабыңыз ба? – Жоқ. Ақын досымның кітабы. – Рақмет, – деді ақ құба өңіне қызыл арай жүгіріп.  

Киелі таудан келген ақын

  Жаз ортасы. Егін орағы жүріп жатқан кез. Шақырайған шілденің күні от бүркіп тұр. Өрт қаупінен сақтанған комбайндар астық алқабына түнге қарай шығады. Ал күндіз комбайншылар үсті брезентпен жабылған темір бастырманың астында шалқасынан түсіп, қалғып-шұлғып, терлеп-тепшіп, ми қайнатар мынау аптаптың жеті атасынан түк қалдырмай сыбап, қақырынып-түкірініп жатады. Бірде қосқа орталық жақтан азық-түлік әкелген «көк қасқа» машинамен Өмір ақын келді. Басына торкөз шляпа киген, орта бойлы, қызыл шырайлы, арық, жіңішке, тарамыс кісі екен. Қолтығына қысқан құндақтаулы домбырасы бар. Түскі тамаққа жиналған механиза­торлардың алдына шығып, басын иіп, бір-екі ауыз сөз айтты да, бригадирдің күркесінен бір орындық алдырып, құйрық басты. Қолына домбырасын алып, құлақ күйін келтірді. Сөйтті де, әу деп, бастап кеп жіберді. ...Сар далаға бір бұлбұл ұшып келген секілді. Көмейінен ән мен жыр сорғалап, сары алтындай жарқыраған астықты алқаптың үстінде қалықтап, құйқылжыта сайрайды. Оу, халқым, Егінің­ді орарсың, Малың­ды да бағарсың. Ақының келді, құлақ сал, Марқайып бір қаларсың, – дейді домбырасын қағып-қағып жіберіп. Әуелде, бұл ақынды мұнда қандай жын қуып келді деп мысқылдап отырған жұрт енді өзін-өзі ұмытып, өзге бір дүниеге көшіп бара жатты. Күн астында қаңтарылған комбайндар, тер мен шуаш иісі мүңкіген қос, май сіңген күпәйкі, көңірсіген керзі етік ерекше бір еңбек құралына айналып, көз алдарында сүйкімі артып, қадірлі затқа айналды. Ең қызығы сол, отқа тотыққандай қарайып, ерні кезеріп, езуінен «примасын» тастамайтын тракторшы жігіттер өздерінің отан қамбасын нанға толтырып жатқан нағыз еңбек ерлері екенін сезінді. Жүздеріне қан жүгіріп, бір-біріне қарап жымиып, еңсесін көтеріп, айна­ла­ға ат үстінен қарағандай паң­данып қалды. Сол күні ақын біздің ауылда қонақ болып, түннің бейуағына дейін жыр тола­ды. Ақын түскен үйге барғандар да, бар­ма­ғандар да құлақ құрышы қанған­ша тегін концерт тыңдап, рахатқа батты. Сіз білмейсіз, білсеңіз де, ұмытып қалған боларсыз. Біздің ауылда бұрын шарбақ, қоршау деген нәрсе болмайтын. Есігінің алдында бау-бақшасы жоқ, бір жұтым суға зар болып отырған үйлердің әулісінен бір-екі түп қарағаш көрсеңіз, соған да тәубә дейтінсіз. Ақын түскен үйдің абыр-сабыр боп жатқаны ошақтағы оттың жалп-жалп етіп жанғанынан байқалады. Әу деген даусы түнгі ауада алысқа самғап кетеді. Көгенбай көкем айтқандай, «Так што, тапшанда жатып-ақ тыңдай беруге болады». Жалықпайсың. Ақын ел туралы, жер туралы, егін егіп, мал бағып жүрген ерлер туралы жырлады. Ұзағынан толғады. Шаршайды-ау деп ек, шаршамады. Қайта жырлаған сайын арқаланып, даусы ашыла түсті. Жыр дегеніңіз көктемгі бұлттардай түйдек-түйдегімен ағылды. Бір кезде біздің өзіміз шаршап, көзіміздің қалай ілініп кеткенін байқаймай да қалдық... Ертеңіне бүкіл ауыл ақынды ортаға алып, құрметтеп, қошеметтеп шығарып салды. Қаладағы автобазадан астық тасуға келген «көк қасқа ЗиЛ»-дердің бірінің кәбіңкесіне отырып, Киелі тау жаққа қарай тартып кете барды... Содан кейін ол біздің жаққа көктем­де автоклубпен келді. Отар-отар­дағы қойшыларды аралап, Аңқи жайлауы­ның ашық аспанын, Ақжар ауылының сақпандағы жастарын, бөрте қозының маңыраған үнін, Адырбай қойшының малсақтығын жырға қосты. Бұл жолы да ел ақынға алғысын айтып, иығына шапан жауып, қимай-қимай қоштасты. Содан кейін, біз сияқты қарапайым пенделер онша түсіне бермейтін бір қызық заманалар басталды. Диқан егінінен, қойшы малынан айыры­лып, кетпені мен таяғына сүйеніп қал­­ды. Ел күйзелді. Жер тозды. Егін қу­ра­ды. Комбайншылармен бірге ком­байн­­­дар да бөлініп, жекеменшікке өтіп кетті. Өмір ақынның ендігі айтқан ынты­мақ туралы, бірлік туралы жырлары біздің өлкеге тау жақтан ескен желмен бірге ілесіп жетіп жатты. ...Кейін ел ес жиып, сабыр тапқан шақта өздерінің баяғыдай бай-кедей болып тағы да екіге бөлініп шыға кел­гендерін көрді. Сөйтті де, ежелгі әдеті бойынша «Кедей бай, бай құдай болуға» таласып, мәңгілік бітпес бәсе­ке­ге түсті. Ел ақынды ұмытты... Міне, сол кезде Киелі тауды құша­ғына алған қап-қара мақпал түнді дүр сілкінтіп қосауыз мылтықтың гүрс ете түскен даусы естілді. Өмір ақын өзін өзі атып өлтірді. Таудағы оқ шөлге келіп жаңғырықты... Сол күні біздің ауылдағы бір кейуана «Ақынынан айырылған ел, ақылынан да айырылғанын біле ме екен, Құдай-ау!» деп кемсеңдеп, ақ жаулығымен бетін басып, ұзақ жылады. Нұрғали ОРАЗ