Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін XXVIII қысқы Универсиадаға арнап жаңадан салынған спорт нысандарының қатарында «Алматы Арена» көпфункциялы мұз сарайы да бар. Ол әлемдік деңгейдегі спорт кешені болып табылады. Алдағы студенттік спорт ойындарының ашылу және жабылу салтанаты осында өтеді. Бұдан бөлек, бұл сарайда Универсиада бағдарламасындағы мәнерлеп сырғанау, керлинг турнирлері өтеді.
Спорт кешені белгіленген мерзімнен 3 ай бұрын пайдалануға берілді. Қазіргі таңда мұнда іске қосу, жөндеу жұмыстары және оның айналасын көріктендіру жүргізілуде. Ондағы қазақстандық қамту үлесі 60 пайызды құрайды.
Кешеннің жобасын отандық мамандар жасады. Жобалаушы ретінде «Стройтекс» компаниясы» ЖШС іске қатысса, құрылысын «Базис-А» компаниясы жүргізді.
Сәулетшілер кешеннің ғимараты әдеттегі қолданыстағы ангарлық типтегі спорт нысандарына мүлдем ұқсамайтынын және қаланың, әсіресе, түнгі кезде ерекше әсем көріктендірушілердің бірі болып табылатынын атап көрсетті.
Сарайдың сәулеттік түпкі ойы әйнек пен бетонда ерекше көрініс тапқан және кереге, көк мұз, мұздағы өрнектер сияқты көркемдік бейнелердің синхрондық үйлесімін бейнелейді. Ол мынадай мәндерге ие: «Кереге» – киіз үй конструкциясының бөлігі. Көшпенділердің түсінігі бойынша киіз үй төрткүл дүниенің шағын көрінісі болып табылады және халықтың әлемнің барлық құрылымына деген көзқарасын көрсетеді. «Мұз» – қатып қалған судың динамикасы, рух беріктігі мен ниеттердің мызғымастығын білдіреді. «Мұздағы өрнектер» – спортшылардың конькилерінен қалған іздер. Көркемдік бейнелер бірыңғай мәдени-эстетикалық композицияға тұтасып, мұз аренасы ғимаратының ерекше сәулетін құрайды.
«Алматы Арена» 3 блоктан тұрады. «А» блогы – 12 000 көрермен орындарына арналған әмбебап спорттық-көріністік мұз аренасы. «Б» блогы – дене шынықтыру-сауықтандыру кешені бар жаттығу мұз айдыны. «В» блогы – жүзу бассейні.
«Алматы Аренаның» құрылысы 2 жылда аяқталып, рекордтық мерзімді көрсетті.
«Алматы Арена» – сейсмикалық тұрақтылық жағынан 10 баллға есептелген бірегей құрылым. Ғимараттың іргетасы монолиттік, ешқандай деформациялық жігі жоқ екендігі де осындай сипаттағы нысандар үшін бірегейлігін көрсетеді. Мұз сарайын жобалауға Қазақ сейсмикалық құрылыс ғылыми-зерттеу институтының мамандары белсенді атсалысып, көмек берді. Жобалау және жоспарлау кезінде «Айсберг» (Сочи), «Хартвалл арена» (Хельсинки), «Жаңа арена» (Краков) «О2» (Прага) сияқты атақты заманауи спорттық нысандардың құрылысын салу мен пайдалануға беру тәжірибелері қолданылды.
Нысан ауқымды әлемдік спорттық іс-шараларды барынша қолайлы өткізуге арналған, соның бірі 2017 жылғы қысқы Универсиада болып табылады. «А» негізгі блогында жаттықтырушылар мен жарыс төрешілеріне арналған жеке аймақтар қарастырылған. Командалар үшін барлық жағдайы жасалған 14 киім ауыстыратын бөлме бар. Допинг-бақылау сынамаларын тапсыру және сақтауға арналған арнайы бөлмелер бөлінген. Мәнерлеп сырғанау қатысушылары үшін гримдеу бөлмелері қарастырылған. Мұздың жоғары сапасын 4 жоғары өндірістік мұз тазалайтын көлік қамтамасыз етеді.
Универсиада әлемдік масштабтағы оқиға болып табылады және жалпы саны 1 миллиард адам телекөрерменді құрайтын ондаған мемлекеттерде көрсетілетін болады. Сол себепті кешен журналистер жұмысына барынша ыңғай жасаудың есебімен жобаланған. Мұз сарайының жанында жылжымалы телевизиялық стансаларға арналған арнайы алаң қарастырылған. Мұз аренасында журналистерге арналған ложа, комментаторлық кабиналар, баспасөз орталығы және бірнеше микс-аймақтар бар.
Аренаға кірген беттен-ақ көрермендер үшін барша жайлылық сезіледі. Ғимараттың солтүстік және шығыс жақтарында 2 аялдамалық кешен бар. Көшелік және жерастылық тұрақтары да жеткілікті. (546 көшедегі және 113 жерастылық көлік орындары, Б блогында 1 орын, оның ішінде 60 орын халықтың қимылы шектеулі тобына арналған). Жеке 1 және 2 қабатқа кіру жолдарының пандустары көрермен легінің спортшылар, журналистер, төрешілер және қызмет көрсетуші қызметкерлермен қиылыспайтындай етіп жобаланған. Ғимарат қоғамдық тамақтану орындарымен, вендинг-аппараттармен жабдықталған. Соның ішінде «Алматы Аренаның» қонақтарына қызмет көрсету үшін кешеннің үш қабатында А блогында 2 футкорт, 4 буфет және 2 кафе, Б блогында 1 кафе, 1 буфет орналасқан.
Көрермен орындары секторларға бөлінген. Олимпиялық отбасы деп аталатын, яғни Универсиада қатысушыларының отбасы мүшелеріне арналған сектор, FISU және халықаралық спорт федерациялар басшылығының секторлары, сондай-ақ VIP-сектор бар.
Арена осындай құрылысқа арналған ең жоғарғы стандарт бойынша жабдықталған. Әлемнің ең жақсы өндірушілері жасаған концерттік дыбыс пен концерттік жарық орнатылған. Қауіпсіздік мәселелеріне аса мән берілген. Мұның бәрі көрермендер мен жарысқа қатысушыларға спорттық іс-шаралардан ұмытылмас әсер алуға сенім сыйлайды.
Спорт кешенінің басты ерекшелігі оның көп функционалдылығы болып табылады. Арена болашақта мұз үстіндегі жарыстардан басқа да іс-шаралар өткізуге болатындай етіп жобаланған. Хоккей корты көптеген ойын және жеке спорт түрлеріне (волейбол, баскетбол, футзал, күрес, бокс т.б.) арналған алаңдарға өзгертіле алады. Ол үшін мұз бетінде спорттық жабынның арнайы технологиясы қарастырылған.
Сонымен қатар, кешеннің техникалық жабдықталуы көрнекті концерттік-сауықтандыру іс-шараларын өткізуге мүмкіндік береді. Кешеннің көз тартарлық ерекшелігі – жүк көлігінің тікелей мұз айдынына кіре алу мүмкіндігі. Осылайша концерттерді ұйымдастыру үшін орындаушылар өздерінің концерттік арнайы жабдықтарын ешқандай уақыт жоғалтпай және артық шығынсыз әкеліп, монтаждай алады.
Мұз сарайын жобалаушылардың алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі – кешенді әрі қарай табысты пайдалануға беру есебімен жасау еді. Кешен жыл сайын 600 000 келушілерді тартуға қабілетті. Ол бастапқы кезеңнен-ақ қалаушылардың барлығына, соның ішінде жастарға дене шынықтыруды дамыту және денсаулық мәдениетіне жақын болу мүмкіндігін беруге есептелген.
Кәсіби жаттығушылық үдерісті жоғары деңгейде ұйымдастыру және мұзда көпшілік сырғанауды өткізу үшін кешен жыл сайынғы негізде көпшілік пайдалануға қолжетімді болатын жаттығу айдынымен жабдықталған.
«Алматы Аренада» тек қана мұз ареналары ғана емес, сондай-ақ, заманауи фитнес орталығы да бар. Оған әртүрлі спорт түрлерімен айналысуға арналған 7 кең зал және балалар мен ересектерге арналған екі бассейн кіреді.
Алматы қаласының тұрғындары, балалы отбасылар, жастар міндетті түрде өзіне ұнайтын спорт түрін (конькиде сырғанау, хореография, би, бокс, күрес, үстел теннисі, жаттығу залдары, бассейндер, фитнес, СПА және басқалары) өздеріне қолайлы форматта (абонемент, бір рет қатысу, демалыс күнінің отбасылық бағдарламалары, ашық есік күндері, т.б.) және қолжетімді баға бойынша табатындығы сөзсіз.
Өзіндік функциясы мен техникалық жабдықталуы бойынша мұз сарайы әлемдегі ең кемел құнды ғимараттардың бірі болып табылады. Бұл ретте, әсіресе, Алматы қаласы орналасқан климаттық жағдайды, қысқы және жазғы температура деңгейінің үлкен айырмасы мен ауа райының түрлі құбылыстарын ескеру жөн болады.
Жалпы алғанда, Универсиада аясында жаңа мұз кешендерінің құрылысын салу бірқатар маңызды мәселелерді шешеді:
– спорттың бірнеше түрінен халықаралық жарыстарды ұйымдастыру үшін ультра озық алаңдарды құру;
– елімізде спорттағы жоғарғы жетістіктерді дамыту, кәсіби жаттығу процесін жоғарғы деңгейде ұйымдастыру;
– бұқаралық спортты ілгерілету және дамыту, көпшілік тұтынушының жоғары класс нысандарына қол жеткізуі, халықтың спорт мәдениетін арттыру;
– халықтың әртүрлі топтары үшін жоғары кластағы демалыс орталықтарын, оның ішінде отбасылық демалыс орындарын құру.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»