18 Наурыз, 2011

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды бағдарламасы

453 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Біздер бос уәделер мен насихаттық оптимизмдерден әбден шаршадық. Қазіргі таңда билікке деген се­нім­діліктің деңгейі нақты нәтижелермен тікелей бай­ла­нысты. Ненің не екенін ашық айтатын, қоғамдағы әлеуметтік дерттерге нақты диагноз қоятын уақыт жетті. Мен жаңа әлеуметтік бағыттың негізі болатын ха­лық­тық үш бастаманы жарияламақшымын. Мемлекет­тің өзінің әлеуметтік міндеттерінен қашқақтауы үздіксіз жалғаса беруі мүмкін емес. Өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру – кез келген биліктің негізгі міндеті. Қазақстан үшін бұл – ұлттық табысты әділ түрде бөлу. Мемлекетімізде күнкөрістің ең төменгі көрсеткіші ба­за­лық әлеуметтік стандарт болып есептелетіні белгілі. Үкімет осыған бағыттала отырып, бюджет пен бүкіл әлеуметтік саясатты қалыптастырады. Бүгінгі таңда ол 15 338 теңгені құрап отыр. Аталған цифр ақылға да сыймайды әрі адамның тіршілік етуіне ешқандай сәйкес келмейді. Шартты және еш негізі жоқ бұл көрсеткіш халықтың үміті мен нақты өмір сүру деңгейін ақтамай отыр. Ол өзінің көлемі жағынан рационалды тұтыну көрсеткішінен кем дегенде үш есе кем. Жаңа әлеуметтік бағыт шеңберіндегі бірінші бастама – бұл күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін көптеген өр­кениетті елдерде қолданылатын стандарттар бойынша (яғни, медиандық тәсіл арқылы) анықтау әдісін енгізу. Бұл әдіс халықтың кем дегенде жартысы тұтына­тын тауарлар мен қызметтерді ең төменгі тұтыну бюд­жеті­нің құрамы­на қосуға негізделген. Күнкөрістің ең тө­менгі көр­сеткішін медиандық тәсіл арқылы анықтауға көшкен жағ­дайда, ол орта есеппен Қазақстан үшін адам басына шақ­қанда 200 000 теңгені құрайды. Мы­сал ретінде қарастырсақ, дамыған елдерде халықтың орташа табысының 40-50% табысы кедейліктің жоғарғы шегі болып есептеледі. Осылайша, күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін ұсы­нылған тәсілмен есептесек, біз қазіргі таңдағы билікке ың­ғай­лы болып отырған тұтынудың ең төменгі нормасының проб­лемасын емес, әлеуметтік теңсіздікті реттеу проб­ле­масын шешеміз. Мен мұны ең басты бағыт деп есептеймін. Қазір астаналық шенеуніктің мейрамханадағы бір кешкі асының құны ауылдағы бір отбасының айлық бюджетіне тең. Еліміздегі өмір сүру деңгейінің өлшемдері БҰҰ-ның Зимбабве секілді елдерге қоятын шарттарымен есептелмей, керісінше, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жоғары талаптарына жетуге талпыныс жасау қажет. Қарапайым тілмен айтсақ, «біз үшінші санаттағы елміз бе?» немесе «бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кіреміз бе?» деген сауалдарға жауап беруіміз керек. Қазақстандық күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін ұсы­нылып отырған медиандық тәсілмен есептеу жүйесі төмен­дегі әлеуметтік көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді:  Адам басына шаққанда күнкөрістің ең төменгі көрсеткіші 200000 теңгені құрайды.  Базалық зейнетақы төлемдері күнкөрістің ең төменгі көрсеткішінің 60%-ын құрауы тиіс. Яғни зейнетақы – 120000 теңгеге жетеді.  Зейнетақы төлемдері 300000 теңгені құрайтын ор­таша жалақының 40%-ынан төмен болмауы қажет. Өркениетті стандарттар еліміздегі орташа өмір сүру деңгейіне негізделген. Мұндай тәсіл бойынша жан басына шаққандағы орташа табыстың жартысындай немесе одан төмендеу табысы барлар кедейлер ретінде есептеледі. Еліміздегі түрлі есептеу жүйелерінде үнемі 90-жылдардың ба­сын­дағы аз қамтылған отбасылардың өлшемі негізге алы­нады. Алайда қазіргі Қа­зақстанды ол заманмен са­лыстыруға болмайды. «Форбс» жур­налының мәліме­тін­ше, әлемдегі ең бай адамдардың қатарына 7 қазақ­стандық кіреді. Яғни, олардың әрқайсысы­ның байлығы 1 миллиард АҚШ долларынан асып түседі (салыс­тыр­малы түрде қарастырсақ, дүние жүзіндегі ең бай ел Нор­вегиядан «Форбс» журналының тізіміне 4 миллиардер кірген). Соңғы 10 жылда Қазақстанның шикізат сек­то­рынан түскен жалпы табысы шамамен 200 миллиард долларды құрады. Дегенмен, әлеуметтік шығындарға бөлінетін қаржы­ның көлемі көбейген жоқ (2002-2009 жылдары 11-12%). Нәтижесінде қазақстандық жалған ресми статистика «Біз – кедейлерден тұратын бай елміз, біреулер екіншілердің есебінен байлыққа кенеліп отыр» деген бір ғана фактіні жасыра алды. Мен – екі жақты стандарттар негізінде құрылған «қазақ­стандық күнкөрістің ең төменгі көрсеткішіне» қарсымын. Мен – еңбекші халықтың лайықты деңгейде өмір сүруін қалаймын. Менің екінші бастамам – қазақстандық жоо түлектері­нің бірінші рет жұмысқа орналасуларына мемлекеттік кепілдік беруді енгізу. Қазақстанда жұмыс орындарын жасақтау барысына жүргізілетін мемлекеттік бақылау то­лық­тай жойылған, мемлекеттік жоспарлау саясаты мен өн­ді­ріс­тік күш­терді ор­на­ластыру мүлдем жоқ. Кәсіби мемлекетті қалыптастыру – елдің стратегия­лық дамуының негізгі басымдылығы. Бұл проблема – жү­зеге асырылу ба­ры­сы оның бастама­шы­ларын да, оған қатысушыларды да қанағаттандырмай­тын «Бола­шақ» бағ­дарламасы секілді шектеулі шаралармен шешілмейді. Бір адамға жылына 100 мың доллар көлемінде қаржы шы­ғындалған аталған бағдарлама­ның 15 жыл бойы жұмыс істеуі кезінде күтілген нәти­желер ақталған жоқ, керісінше, ол білімді жас­тарымыздың шетелге асу жолы болды. Басы артық оқу орындары, мамандығы бойынша жұмыс істемеу, дипломы бар жұмыссыздар, кәсіби біліктілігінен айы­рылу, жұмыссыздар саны мен білікті кадрларға деген сұра­ныс­тың сәйкес келуі, мұның бәрі – бүгінгі күннің пробле­ма­ла­ры. «Заңгер» дипломдарына ие күзетшілер – ащы да болса, шындығымыз. Бірінші жұмыс орнына кепілдік беру – жас маманнан жұмысқа орналасуы кезінде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс өтілін сұрау секілді кедергіден шығарар жол болып есептеледі. Қазақстан – халқы жас мемлекет, сондықтан әрбір азамат өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс! Ал енді қазіргі қоғамның «бас ауыртып отырған» негізгі проблемасына тоқталайық. Бүгінгі таңда Қазақ­стан­ның тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы тоқы­рау жағдайында тұр. Елімізде жүргізіліп отырған тұр­ғын үй саясаты құрылыс, ком­муналдық және энер­ге­ти­калық монополияларды байытуға ба­ғыт­тал­ған. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері мен бағалары өте жоғары және үздіксіз өсу үстінде, ал олар­дың са­па­сы бағаларына сәйкес келмейді. Халықтың комму­нал­дық төлемдерді төлеуге мүмкіндіктері азайып отыр. Үшінші бастамам ретінде тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық саласының тарифтері мен бағаларын азай­туды ұсынамын. Азаматтардың коммуналдық тө­лем­дерге төлейтін максималды шығындарының көлемі жалпы отбасы табысының 10%-ынан аспауы тиіс деп мемлекеттік деңгейде заңмен бекітілуі қажет. Мемлекетке коммуналдық төлемдерден түскен қаржы үйлер мен коммуналдық жүйелерді жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалуы тиіс. Сонымен бірге, тарифтер мен бағаларды азайту мақсатында, олардың өсуіне себепші болатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері­нен қосымша құн салығын алып тастау керек. Біз халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде және коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйесінің жағ­дайын жаңғыртуда мемлекеттің жауапкершілігін қалпына келтіруді ұсынамыз. Көп пәтерлі үйлерге жүргізілмеген күрделі жөндеу­лер үшін қордаланған мемлекеттік қарыздың сомасын ай­қындап, анықтауды қажет деп есептеймін. Мемле­кет­тің қарызы мен тозығы жеткен тұрғын үй қорын ұстап тұру ауыртпалығын халықтың мойнына жүктеуге жол бермеу керек! Біз мемлекетті тиісті төлемдерді төлеуге мәжбүр етеміз. Аталған үш бағыттың еліміздің саяси келбетін, оның даму жолын толықтай өзгертетініне және «әлеу­меттік мемлекет» деген конституциялық формулаға сәйкес келтіретініне кәміл сенімдімін. Біз, халықтық коммунистер, кедейлердің мүдделері үшін ғана күреспейміз. Біз жалпы кедейлікпен күресеміз! Біз байлықпен күреспейміз, керісінше, байлық пен мол­шылықтың сыбайлас жемқорлық, тонау және адам ресурс­тарын қанау жолымен емес, заңды жолмен келуі үшін күресеміз. Ортақ игіліктің жеке пайдадан жоғары болатынына сенімдіміз. Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқаты заманауи биліктің әрекет ету қабілеті мен оның саяси жауапкершілігінің басты бағамына айналуы тиіс деп есептейміз. Қазіргі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты – Адам болуы қажет. Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі мен сапасы еліміздің табиғи байлықтарының, интеллектуалдық және рухани құндылықтарының деңгейіне сәйкес келуі үшін, Мен бар күш-жігерімді сарқа пайдаланамын. Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарға республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан төледі.