Сурет: primeminister.kz
Өз сөзінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Скляр алқа отырысы еліміздегі саяси трансформация мен жаңа Конституцияны әзірлеу аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті.
«Жаңа Конституция жобасы қоғамның белсенділігі мен саяси мәдениетін арттыру шараларын көздейтін, мемлекетіміздің дамуының сапалық жаңа деңгейін белгілейтін тұжырымдамалық жаңа құжат болып саналады», деді Р.Скляр.
Жиында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы бойынша алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындады.
Теміржол саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма теміржол желісі іске қосылды, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды, шамамен 320 млн тонна жүк тасымалданды.
Автомобиль жолдары саласында 13 мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылорда – Жезқазған (Қызылорда облысы аумағындағы), Қалбатау – Майқапшағай, Ұзынағаш – Отар жобалары аяқталды.
Азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ға жетті. Еліміздегі әуежайлар 30 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті, халықаралық маршруттар желісі кеңейтіліп жатыр.
Биылға арналған жоспарлар аясында теміржол саласында «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген», «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту жұмысын аяқтау, сондай-ақ «Бақты – Аягөз» жобасын жалғастыру көзделген. Бұдан бөлек, вокзалдарды жаңғырту жұмысын аяқтау, жолаушылар мен жүк вагондары паркін одан әрі жаңарту жоспарланып отыр.
Автожол саласында жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған» автожолында (Ұлытау облысы аумағында) жұмыс жүргізіледі. «Орталық – Батыс» жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі басталады. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл» жобаларын бастау жоспарланған.
Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде айлақтарды реконструкциялау, түбін тереңдету жұмысын аяқтау көзделген.
Әуе хабтары мен авиациялық инфрақұрылымды дамыту аясында Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтарын салу, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын және Ақтау әуежайының перронын реконструкциялау, Атырау қаласында жаңа терминал салу, Павлодар әуеайлағын жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру, сондай-ақ Катон-Қарағай, Зайсан, Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін отандық әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алып, әуе паркінің санын шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтуды мақсат етті. Бұл жолаушылар тасымалы сыйымдылығын арттыруға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, рейстер жиілігін көбейтуге жол ашады.
Алқа отырысының қорытындысында Роман Скляр көлік-логистика саласын одан әрі дамыту бойынша қосымша міндеттерді айқындап, нақты тапсырма берді.