Бұрнағы күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым бастаған бір топ студент Қазақстан Республикасының президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізовпен кездесті.
Танымал эколог Мэлс Елеусізовтің Астанадағы көптеген жоғары оқу орындарының ішінен атбасын арнайы Еуразия ұлттық университетіне бұруында үлкен мән жатыр. Оның себебін де айта кетейік. Сырттай оқытатын бөлімі жоқ Қазақстандағы жалғыз оқу орны болып табылатын университетте бүгінде он мыңға жуық студент білім алуда. Студенттердің 75 пайызы мемлекеттік грант иегерлері. Сондай-ақ, университет өткен жылы әлемдегі ең үздік 500 университеттің құрамына енген. Бұл жөнінде кездесу барысында мәлім еткен университет ректоры Бақытжан Жарылқасынұлы Мэлс Елеусізовтің қадамына сәттілік тіледі.
Сұрақ-жауап түрінде өткен жиын кандидаттың саяси тұғырнамасы мен әлемдік және экологиялық мәселелерге арналды. Сұрақ қоюшылардан алғашқы болып, университет ректоры Б.Әбдірайым сөз алды. Ол «Табиғат» экологиялық одағының төрағасына біздегі ауыз су мәселесінің кезек күттірмейтін мәселе екендігін алға тартып, оның шешілу жолдарын, халыққа тиімді болатын жақтары жайлы айтып беруін сұрады. Оған жауап ретінде Мэлс Хамзаұлы ауыз су мәселесінің алдын алу үшін ең алдымен кез келген азамат суды үнемдеп пайдалану керектігін айта келе, керемет мысал келтірді. Палестина мен Израиль елдерінде мынадай заң қолданыста екен. Айталық, ауыз суды үнемдеу мақсатында бұл елдерде әрбір азамат күніне көп дегеннің өзінде 20 литр су жұмсайтын көрінеді. Сондай-ақ, осы сауал төңірегінде Мэлс Елеусізов: «Ауыз судың жұмсалуы артып, халық арасында қажеттілік тудыратын болса, ол мұнайдан да қымбат болмақ», – деп турасын айтты.
Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға М.Елеусізов әлемдік деңгейдегі температураның 0,5 градусқа жылынғанын, ол егер тағы 3 градусқа жылынатын болса, адамзат өміріне қауіп төндіретінін мәлім етті. Әлемдік деңгейдегі жылудың артып келе жатқандығын күнделікті өмірде адам баласы сезіне бермейтіндігі, соның кесірінен жер сілкіністерінің артып келе жатқандығы сияқты көпшілік біле бермейтін көптеген мәліметтер ашық айтылды. Және де экологияны таза ұстаудың ең қарапайым әрі тиімді әдісі ағаш отырғызу екендігі де осы кездесу барысында кеңінен сөз болды.
Бұл күнгі кездесуде түрлі мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер саяси тақырыптарға қоса, экологиялық мәселелер мен оның шешілу жолдары жайлы ақпараттарға қанықты. Сонымен бірге, кездесуде Қазақстандағы Каспий және Арал теңіздерінің проблемалары да қозғалды. Жиын соңында университет басшысы танымдық негіздегі дәріс пен саяси бағыттағы көптеген сауалдарға жауап бергені үшін кандидат М.Елеусізовке студенттер атынан алғыс білдірді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.