18 Наурыз, 2011

Мекемтас Мырзах­ме­тов: Елбасыға ризашылығым зор

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Н.­Ә.На­зар­баев өткен аптаның соңына қарай жұмыс сапары­мен еліміздің Оңтүстік өңірінде болып қайтқанынан газет оқырмандары құлағдар. Сапар барысында Елбасы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы соғып, ол жерде жатқан ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етті, құран оқытты. Елбасы осы сапарының соңында, Түркістан қала­сындағы жаңадан салынып, былтыр күзде ғана пайда­ла­нуға берілген Тарихи-мә­де­ни этнографиялық орта­лық­тың әсем ғимаратында қа­зақтың бір топ зиялы­ла­рымен кездесу өткізді. Кездесуде мемлекеттік тіл, дін мен діл, ұлттық идеология мен жастарды елжан­ды­лық­қа тәрбиелеу жөнінде жан-жақты ашық әңгіме болды. «Абайтану» ғылыми-зерт­­теу орталығының ди­рек­то­ры, филология ғылым­да­ры­ның докторы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзах­ме­тов те осы кездесуге қа­ты­сып, сөз сөйлеген еді. Біз көрнекті ғалымның сол кездесуде сөйлеген сөзін ықшамдап, оқыр­ман назарына ұсынып отырмыз. Бүгінде Қазақстан да­му­­дың қайталанбас өзіндік ерекше жолына түсті. Енді еліміз сандық көрсеткіш­терді артқа тастап, сапа­лық өзгерістерді меңгере бас­та­ды. Яғни, дамудың күрделі, сапалық белгісіне нық қа­дам басқан жаңа мемлекетке айналу үрді­сі­не көштік. Бұл жайдан-жай құбы­лыс емес деп білемін. Бұл – келелі, жүйелі жетіс­тіктер­дің тарихи көріністері. Өл­ше­мсіз ерен еңбектің нәти­жесі. Соның арқасында Қа­зақ­станның әлемде өзіндік орны бар екендігін және одан өнеге-үлгі алуға бола­тындығын дүние жүзі мой­ындап отыр. Бұл – асылық айтқан сөз емес, бүгінгі күн шындығы. Бұл сөзіме дәлел де, дәйек те жеткілікті. Сол көп жетістігіміздің бірі – «Мә­дени мұра» бағдарламасы. Ешбір елде жоқ, дер уа­қы­тында қолға алынып, жүзе­ге асырылып жатқан, төл мәдениетіміз үшін теңдессіз жоба! Осы бағдарлама үшін де, оны жасатып, қабылдат­қаныңыз үшін де, құрметті Елбасы, Сізге айтарымыз тек рахмет қана! Бұл бағдарлама өлгені­мізді тірілтіп, өшкенімізді жандырғандай болды, ескіргеніміз жаңарып, жоғал­ға­нымыз табылып жатыр. Енді Президент өзі бас болып көрсетіп берген осы үл­гімен жергілікті жерлерде де мол рухани құнды­лық­тар жинақтала басталды. Мысалды мен бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы жөнінен айтайын. «Қазына­лы Оңтүстік» айдарымен өт­кен жылы осы өңірдің фоль­клорын, ауыз әдебие­тін, аңыздары мен жыр­ла­ры­н, басқа да рухани құн­ды­лықтарын арнайы ғылы­ми орталық құрып, жинақ­тай бастаған едік. Осы рухани құндылықтардың бас-аяғын шамалап есептеп қарасақ, келешекте 300 томнан асатын түрі бар. Бұл шын мәнінде халықтың баға жетпес орасан байлы­ғы дер едім. Былтырғы жыл аталған кітаптардың 20 то­мын жарыққа шығардық. Ол кітаптар қыздың жиған жү­гіндей болып көрме­де тұр. Жалпы, тарихи тұрғыдан қарағанда, қас-қағым мерзімде 20 жылға толып отыр­ған өскелең мемлекетіміз озық елдердің өзіне үлгі-өне­ге бере алатын жағдайға жетуі – халқымыздың, оны бас­қарып отырған Президен­тіміз, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің ұлы табысыңыз. Әл­бет­те, мұның тарихи нарқы мен парқын бүгінгі біз пай­ымдай алмай жатқан шығар­мыз. Оларға баға беру бола­шақтың еншісінде. Бірақ, бүгінгі ұрпақ, әсіресе, аға буын ретінде біздің айтары­мыз, ең бастысы – тәуел­сіздікті бағалай білуіміз керек. Тәуелсіздік – өзіңіз әр­дайым айтып жүргендей, теңдесі жоқ құндылық. Осынау барша жетістік­тің жолбасшысы болғаны­ңыз үшін, қадірлі Елбасы, ардагер ақсақал, көпті көр­ген қарт ғалым ретінде сізге деген өз басымның алғысы зор. Бәріміз бұқараның қа­лың ортасында жүреміз, ел-жұртпен күнделікті әңгіме­лесіп, пікірлесіп жүреміз. Содан көрген-білгенімді сөз ретінде жасырмай айта кетейін: мен ғана емес, өзіңізге деген халқымыздың риза­шы­лығы, қарапайым ақ тілегі шексіз. Біз осыған күнде­лікті көз жеткізіп жүрміз. Бүгінгі кездесу қатысқан адамдардың есінде ұзақ уа­қыт қалатыны сөзсіз. Өйт­ке­ні, бұл арада біздің де кө­кейі­мізді көптен қозғап жүр­ген өнегелі де өрелі әңгіме болып жатыр. Қоғамды тол­ғандырған, бізді толғантып жүрген өзекті пробле­малардың бәрін Сіз сезіп-біліп отырады екенсіз. Бәрін қолмен қойғандай жіктеп-жіліктеп, оларды шешудің жолдарын да нұсқап, мінеки, алдымызға жайып салып отырсыз. Рахмет! Біз де халқыңыздың өзі­ңізге деген ақ тілегіне қосы­ла отырып, еліңіздің көшін бастап, алдағы мақсаттарға жетелей беріңіз демекпіз.