12 Қаңтар, 2017

Қазақстан сыртқы саясатының биік белесі

399 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
_0214Өткен жылдың 28 маусымында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануы үлкен саяси оқиға болды. Осынау биік белеске еліміздің жүргізіп келе жатқан бейбіт сыртқы саясатының арқасында жетіп отырмыз. Бұл –халықаралық қоғамдастық тарапынан елімізге білдірілген зор сенім. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт бастамалары халық­аралық қоғам­дастық тарапынан ұдайы қолдауға ие болып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның сая­си аренадағы беделінің өсе түсуіне жол ашуда. Мұның бір дәлелі – еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше­лігіне сайлануы. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қыз­метіне үлкен дайындықпен кіріс­ті. Басты ұстаны­мын, нақты бағытын айқындап алды. Не­гізінде, еліміздің ізгі ниеті, бейбітшіліктен өзге қалауы жоқ пейілі әлемдік қо­ғамдастыққа бұрыннан белгілі. Сонда да болса, мемлекетіміздің осы игі мұраттар жолын­дағы салиқалы саясатын күні кеше, дәлірегі, 2017 жылдың 10 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңесіне арнаған Саяси үндеуі арқылы тағы бір рет жаһанға паш етті. «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті ны­ғайту жөніндегі Қазақстанның тұжы­рымдамалық көзқарасы» атты бұл Үн­деуде 2017 жылғы 1 қаңтардан бас­тап еліміздің алдағы екі жылда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастағаны айтыла келіп, Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануымыз халықаралық қоғамдастықтың елімізге және оның бейбіт саясатына, қазақстандық бастамалар мен БҰҰ-ның әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде рөлін күшейту бойынша ұсыныстарға көрсетілген зор сенімі екені атап көрсетілген. Үндеуде: «Қазақстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, Кеңестің толық күн тәртібі бойынша әділ және бейтарап қызмет атқаратын болады. Біз Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен тең негізде ынтымақтасуға, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға жетуге және бәтуаластықты қалыптастыруға ниет­тіміз, – деп жазылған. Бұл шын мәнін­де, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясындағы қызметін нақтылай түседі. Сонымен қатар, Үндеуде Қазақ­стан­ның Кеңесте атқаратын қызметі кезінде өз миссиясының басты қағидаларын ескере келіп, жеті басым бағыт басшылыққа алынатыны нақты көрсетілген. Онда  ха­лықаралық қоғамдастық үшін өте маңызды жағдаяттар жеткілікті түрде қамтылған. Жалпы, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы үшін көптеген жұмыстар жүргізілді. Мұны айтпай кетуге болмайды. Сондықтан біз өткен шаққа аз-кем шолу жасағанымыз жөн. Өйткені, бүгінгі табыстарымызды сөз ету үшін алдымен оның тарихи бастауларына соқпай өту қисынсыз болар. Баршамызға мәлім, 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданса, 1992 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты Өкілі тағайындалды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігін құру туралы Президент Жарлығына 1992 жылы 5 маусымда қол қойылды. Ал Қазақстанда БҰҰ-ның өкілдігі 1993 жы­лы 16 ақпанда ашылды. Осы кезең­дер­ден бастап Қазақстан-БҰҰ қарым-қаты­насы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тараптардың ынтымақтаса жұмыс істеуінің нәтижесінде қол жеткізілген табыстар аз емес. Әсіресе, ортақ мүдде орайындағы өзара сенімнің нығая түсуі көңілге жылылық ұялатпай қоймайды. Осы сенім, нәтижелі қарым-қатынас халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктегі ең басты жауапкершілікті арқалаған беделді халықаралық ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның мүшелікке өтуін қамтамасыз еткені анық. Кезінде Елбасы еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуы үшін Сыртқы істер министрлігінің алдына нақты тапсырма қойғаны белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД, ШЫҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және ЕАЭО сияқты көптеген маңызды интеграциялық бірлестіктердің құрылуына бастамашы болғанын, елімізде бірінші рет ЕҚЫҰ және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиттері өткізілгенін, мұның барлығы біздің халықаралық қоғамдастықта жоғары беделге ие болуымызға мүмкіндік бергенін айта келіп, алда тұрған күрделі міндеттерді айқындап берген болатын. Әрине, Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік миссиясы елімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ондағы орын үлкен дайындық пен бәскелестік күреспен келгенін де ұмытпауымыз керек. Мұны Елбасының және отандық дипломатияның жеңісі деп бағалаған жөн. Негізінде, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 15 мемлекет болса, соның бесеуі тұрақты мүше болып табылады (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Фран­ция). Тұрақты емес мүшелікке өту үшін БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің үш­тен екісінің дауысына ие болу керек. Қуанышқа орай, халықаралық ауқым­дағы мәселелерді шешуде өзіндік орны бар Қазақстанның кандидатурасын дауыс беруге қатысқан БҰҰ-ға мүше 193 мем­лекеттің 138-і қолдады. Осылайша, Орта­лық Азия елдері ішінде Қазақстан бірін­ші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мү­шелікке сайланды. Бұл әлемнің көп­теген елімен дипломатиялық қарым-қа­тынас орнатқан еліміздің асқақ беделін айқындай түсті. Осы жерде атап өтейік, соңғы рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет – Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған еді. Кеңестің он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас Ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Оларды сайлау өңірлік қағидаттар бойынша жүргізіледі. БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мысалы, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына 9 рет қабылданса, Үндістан – 6, Германия 3 мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлде сайланбаған 60 мемлекет бар. Ал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Бе­ларусь пен Әзербайжан мүше болды. Олар­дың қатарына Қазақстан қосылып отыр. Біздің еліміз Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмас­тырды. Міне, енді Қазақстан әлемдік барлық саяси үдерістерге тікелей қатыса алады. Демек, алдағы 2 жыл көлемінде әлемдік саясаттың өрбуі біздің елмен тікелей байланысты болмақ. Сондай-ақ, Қазақстан аталған Кеңеске мүше болуы арқылы Еуразия кеңістігінде, Орталық Азия өңірінде назардан тыс қалып келе жатқан өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығаруға үлкен мүмкіндік алып отыр. Елімізге әлемдік қоғамдастықтың жоғары сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты екенін айтқан жөн. Қазақстан жаһанға өз экономикасына көптеп инвестиция тартуға, сауда-саттық пен мәдени-рухани байланыстарды арттыруға байланысты мәселелерді оңтайлы шешіп келе жатқан мемлекет ретінде де белгілі. Міне, мұның барлығы Қазақстанның абыройын асырып, БҰҰ төрінен лайықты орын алуына жол ашты. Бұл – тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халық­аралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия өңірінің де табысы. Сонымен, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құқығын иеленген Қазақстан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін осы бір жауапты міндетті атқаратын болады. Дүрбелеңге толы аса күрделі жаһандық жағдайда Қазақстанның осындай беделді әрі жауапты миссияны абыроймен атқаратынына қазақстандықтар кәміл сенеді. Еліміз бейбітшілікті, қауіп­сіздік пен орнықты дамуды жақтай­тынын өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді, дәлелдей бермек. Қорыта айтқанда, еліміздің БҰҰ Қа­уіпсіздік Кеңесіне сайлануы – бүкіл Қазақстан халқының табысы. Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші. Бұл – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған мемлекеттер қатарына ену, қауіпсіз және өсіп-өркендеген болашақ құру жолындағы тағы бір тарихи қадамы. Ілияс ҚОЗЫБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі