19 Наурыз, 2011

Ақтүтек

583 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуықта ауа райының күрт өзгеретінін ешкім де болжай алмаған-ды. Сағат онға таяу Жол­нұсқау ауылының тұрғындары Шайсолтан Сәр­секов пен Мұратбек Ибраевтар зайыптарын жан­дарына алып, Өскеменде қайтыс болған туыс­тарының жаназасына қатысу үшін «Нива» көлі­гі­мен жолға шыққан болатын. Ақсуат-Күршім трассасына он шақырымдай жер қалғанда ба­ғанадан жаяу борасындатып тұрған жел кенеттен күшіне мініп, жақында ға­на жауған қарды бұрқыратып, тү­теп жөнелді. – Түтегенде ке­ремет, – деп еске алады Шайсолтан, – айнала түк көрінбей кетті. Мәшинеміз тұрған орнында айналып, батты да қалды. Сол отырғаннан бірнеше сағат бойы есіктен сығалай алмай, пұшайман күйге ұшырадық. Ақыры, боран сәл толастағанда бірер шақырым жаяу жү­ріп, бағымызға орай, ұялы телефон хабар ала­тын жерге дөп түстік. Қалта телефонымызбен Өскемендегі балаларға хабар беріп, жағд­айы­мыз­ды жеткіздік. Сөйттік те, әупірімдеп м­ә­шинемізге қайттық. Балалар Жолнұсқауға телефон шалып, мына төтенше жайдан құлағдар болған ауыл тұр­ғын­дары Т.Қадролдин, С.Туашев, Д.Әміренов, Б.Нұр­жақыпов, А.Ерболатов, Е.Сәрсеков, Б.Мә­мет­қа­лиев, Т.Ибраевтар екі «Уазикпен» қама­л­ған ауыл­дастарын іздеуге шығады. Бірақ олар­дың қар ба­сып қалған ізімен қуатты УАЗ-дар да жүре ал­майды. Бұдан соң олар қайта оралып, мұз ар­қы­лы Ақсуатқа жетеді. Онда белгілі азамат А.Нұ­риевқа жолығып, болған жайды баян­дайды. Айболат дереу екі катамаранмен А.Қа­йыр­ғазыұлы, О.Жұмағұлов деген азаматтарды жолға шыға­рып, өзі де жігіттермен бірге ат­танады. Сонымен бірге ол Күршімге телефон шалып, қатерлі жағдайды мәлім етеді. Бұл ха­барды алған бойда аудандық әкімдіктің төтен­ше жағдайлар жөнін­дегі маманы Т.Елшібаев дабыл қағып, УАЗ автомобилімен, ком­му­налдық шаруа­шы­лықтың трак­то­ры­мен жолға шы­ға­ды. Түтеген боранда түнімен ұйқы-күлкісіз маң даланы шар­ла­ған жоқшылар таңғы сағат бесте қарға малтығып, дәрменсіз күйде тұрған «Ниваның» үстінен түседі. Сөйтіп, ондағы төрт адам дер кезінде аман-сау құтқарылды. – Абырой болғанда бензиніміз толық еді, – дейді Ш.Сәрсеков, – соның арқасында үсікке шалынудан аман қалдық. Бензин таусылып қал­са, он жеті сағат бойы қар құрсауында отырған біздің тірі қалуымыз неғайбыл еді. Осы екі отбасының атынан күн-түн демей шапқылап, бізді ойлаумен болған, сөйтіп, аман алып қалған барша азаматтарға, аудан басшылығына шын көңіл­ден шыққан алғысымды білдіремін! Бар­лығына бақыт, игілік тілеймін! Мұндай қиын­шылықты ешкімнің басына бермесін, – дейді ол! Хасен ЗӘКӘРИЯ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.