Еліміздің азық-түлік бағдарламасының алтын қазығы болып отырған ауыл шаруашылығы саласының көтерер жүгінің барған сайын көлемі ұлғайып, жауапкершілігі де арта түсіп отыр. Егін шаруашылығындағы органикалық егіншілік мәдениетін заманауи талаптарға сай дамыту алдымыздағы айқын талаптардың бірі болып табылады. Оны технологиялық талаптар бойынша орындай білсек, ғылыми тұрғыдан ізденіс пен зерттеуді тереңдете түссек олқылық атаулыдан арыларымыз анық. Сондықтан да осыған орай органикалық егіншіліктің бүгіні мен ертеңі жайлы ой толғап, өз ұсыныс, пікірімді ортаға салуды жөн көрдім.
Атап айтқанда, егіншілік өнімін өз мәнінде молайту нәтижесінде әлемдік қауымдастық азық-түлік мәселесіне қатысты проблемаларды шешуде үлкен табыстарға жетіп келеді. Дей тұрғанмен, аса жоғары маңызы бар осы бағыттағы жетістіктермен қатар, түбегейлі шешімін таба алмай отырған проблемалардың да туындап отырғанын жасыра алмаймыз. Соның ішінде экологиялық сипаттағы мәселелер алдыңғы қатарда тұр. Әлемнің көптеген елдері егіншілікті қарқынды жүргізгенімен, жаһандық деңгейдегі экологиялық дағдарыста тұрған аймақтар қатарына енді. Америкалық эколог Барри Коммонсом «Бәрі де өзіміздің үйлестіре білуімізге байланысты» деген түйінді тұжырымдаманы дұрыс айтқан. Біздің планетамыз қандай үлкен болып көрінгенмен, онда болып жатқан процестердің барлығы өзара байланыста. Мәселен, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде қолданылатын пестицидтер (ДДТ) Антарктиданы мекендейтін пингвиндердің бауырынан табылған. Ал, Чернобыль АЭС радионуклидтері Украина, Белоруссия мен Ресейдің ғана емес, сонымен қатар ГФР, Швеция, Норвегия және басқа да батысеуропалық елдерде тұратын әйелдердің сүтінің құрамынан табылғаны таңдандырмай қоймайды.
Соңғы кездері адамзаттың қисынсыз әрекеттерінің салдарынан жерлердің шөлейттену үрдісі үдей түсті. Адамзаттың даму тарихы кезінде өнімді болған жерлердің 1 миллиардтан астамы шөлейтке айналып кетті. Табиғатты үнемді пайдаланбаудың, ауаны, су мен топырақты химиялық ластаудан, сонымен қатар бүлдіргіш табиғи процестердің салдарынан әлемде жыл сайын 6 миллион гектар жер шаруашылық айналымынан шығып қалуда. Тағы 20 миллион гектар жер ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға жарамсыз жағдайда. Мұның өзі топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін экономикалық тұрғыдан көл-көсір қаражатты талап етеді. Осы қауіпті жаһандық экологиялық күйзеліс, топырақтың азуы мен тозуынан ғана емес, сондай-ақ, экологиялық тұрақсыздықтан, тіпті табиғи көріністердің бүлінуінен де анық байқауға болады.
Өзінің шаруашылық қызметі процесінде, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында көптеген агро тәсілдер пайдаланылады. Олар – минералды тыңайтқыштардың бастапқы мөлшерін, аурулардан, зиянкестер мен арамшөптерден қорғаудың химиялық заттарын енгізу. Жыл сайын әлемде миллионнан астам пестицид өндіріледі. Минералды тыңайтқыштармен бірге пестицидтерді әлемдік деңгейде өндіру үнемі өсіп келеді. Пестицидтер, ыстағыштар және тағы басқалары негізінен топырақта ыдырамайды әрі топырақта өсімдік ландшафына көп ретте кері әсер етумен болады.
Әрине, химиялық заттарды енгізу ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді. Алайда, химиялық тұрғыдан тосқауыл қоюмен қатар, топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминді заттарын бұзады. Нақты химиялық амалдарды қолдану нәтижесінде топырақтың қайта құрылымы жүзеге асады.
Ісік ауруларын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметтеріне сәйкес, адамдарда пайда болатын ісіктердің 85 пайызын қоршаған ортаның теріс факторларымен байланыстыруға болады. Планетамыздағы халық саны ұдайы өсуде, сонымен бірге азық-түлікке деген қажеттілік те үнемі ұлғаюда. Тұқымдық инженерия әдісімен ауылшаруашылық дақылдарының жаңа, жоғары өнімді сорттары мен жануарлардың тұқымы шығарылып, кеңінен қолданылуда. Бүгінгі таңда гендік өзгертілген ағзаны тамаққа жүйелі түрде пайдалану адамда биологиялық жаңа белгінің пайда болуына алып келетіндігін кішкентай балаға дейін біледі. Сондықтан да, заманауи агроландшафтарда экологиялық жағдайларды жақсарту мәселелері, топырақ құнарлылығын сақтау мен жаңғырту, дақылдардың өнімділігін арттыру мен ауыспалы егістіктердің алуантүрлілігімен экологиялық қауіпсіз агроэко жүйелерді жасау арқылы өсімдік шаруашылығын жүргізу қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық таза өнім алу мақсатында жалпы егіншіліктің органикалық жүйесін жүргізу, экологиялық тұрақты және қауіпсіз технологиялар мен амалдарды қолдану қажеттігі туындауда.
Органикалық ауыл шаруашылығын зерттеу институты (FiBL) және Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының (IFOAM) мәліметтері бойынша, әлемде органикалық егіншілікке пайдаланылатын жерлердің көлемі ұдайы артуда. Соңғы 16 жылда олардың көлемі 4 есеге ұлғайды және 2016 жылы 48,7 миллион гектар алқапты құрады. Органикалық өндіріс туралы статистикалық мәлімет 172 елден келіп түседі. Әлемде барлығы 2,3 миллионға органикалық өндірушілер сертификатталған, олардың төрттен үш бөлігі дамушы елдерде орналасқан.
Органикалық өнімнің негізгі мөлшері де әлемнің жоғары дамыған индустриялы елдерінде саудаланады. Жалпы тұтыну жағынан шамамен 78 пайызы Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне тиесілі. Қазақстан үшін де экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің және сатудың тиімділігі зор. Осы бағытты берік мақсат ұстанып, әлемдік нарықта нық орынға ие болуға ұмтылу керек.
Кезінде экономикалық байланыстардың үзілуі, шаруашылық жүргізу формасының ауысуы, минералды тыңайтқыштардың қымбаттауы салдарынан 1990 жылдан бастап республикада 672,1 мың тонна минералды тыңайтқыш өндірілген. Өндіріс көлемінің де, танаптарды пайдаланудың да ауқымы күрт төмендегені байқалады. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 2015 жылы Қазақстанда минералды тыңайтқыштарды пайдалану гектарына 5 кило әсер етуші зат шамасына ғана жетті. Ал, бұл көрсеткіш дамыған елдерде 300-400 килодан құралды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында біздің республикамызда ауыл шаруашылығын жүргізудің басым бағыты органикалық егіншілік болып табылатынын үнемі айтып жүр. Бұл сала әлем бойынша қарқынды түрде дамып келеді.
«Жасыл экономиканы» қалыптастыру Қазақстан дамуының стратегиялық векторы негізінде Президентіміз былай деген: «Біздің елімізде жерлердің 90 пайызы химикаттармен ластанбаған. Сондықтан да, бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болатын таза органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге мүмкіндік бар. Азық-түлікке деген сұраныс 2050 жылы 40 пайызға артады және «жасыл экономика» индустриялық революцияның негізі болады», деген болатын Мемлекет басшысы. Осы тұрғыда бірқатар міндеттер де алдымызға қойылды. Олар – егіншілік мәдениетін өзгерту, мал шаруашылығын жандандыру, ет, сүт және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болу. Қабылданған шаралардың нәтижесі ретінде 2050 жылға дейін ауылшаруашылық өнімі еліміздің ІЖӨ үлесінде 5 есеге артуы тиіс.
Қазіргі кезде елімізде органикалық өнім өндірудің статистикалық мәліметтері жүргізілмейді. Бұл бағыт Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Дегенмен, зерттеулер барысында анықталғандай, жалпы көлемі 300 мың гектар алқапта өсімдік шаруашылығының органикалық өнімдерінің экспорты жүзеге асырылады.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-да 1996 жылдан бастап егіншілікті биологияландыру бағытында ауылшаруашылық дақылдарын өсіруді зерттеу бойынша кешенді сынақты зерттеулер жүргізілуде. Ол ең алдымен, топырақ құнарлылығына орай өндіріс қарқыны ықпалының теріс әсерін төмендетуді, сонымен қатар, заманауи жер пайдалану жағдайларында кеңінен қолдану мүмкіндігі мен оңтайлы жүзеге асыруды қарастырады. Институт ғалымдары сидералды дақылдарды, өсімдік қалдықтарын және биологияландыру амалдарын (биогумус, көң, сабан және т.б.) қолдану негізінде егіншіліктің органикалық жүйесін, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы суармалы және тәлімі топырақ жағдайларында егіншіліктің органикалық жүйесінде топырақ құнарлылығын реттеудің ғылыми негіздерін әзірледі.
Қазақстанның жыртылатын жерлері қорының 80 пайыздан астамын тәлімі жерлер құрайды. Елдің оңтүстік-шығысында тәлімі жерлер сұр топырақ және ашық-сұр топырақтардан тұрады. Олар төмен табиғи құнарлылығымен сипатталады, ашық сұр топырақтардағы гумус құрамы шамамен 0,6-1,2 пайызды құрайды. Кәдімгі сұр топырақта – 1,5-1,8 пайыз, ал ашық қоңыр топырақтарда 1,9-2,4 пайыз шамасында болады. Институт ғалымдары алғаш рет топырақты ең төменгі және нөлдік өңдеу амалдарын зерттеді. Осылайша, алынған мәліметтер негізінде ауыспалы егістіктердегі биологияландыру амалдары экономикалық және экологиялық тұрғыдан өзін-өзі ақтады. Бірақ, біздің республикамызда органикалық өндірісті кеңінен дамыту үшін әлі де көптеген шаралар қажет.
Осынау маңыздылығы жоғары мәселелер өмірдің өзінен туындап отырған қажеттіліктер. Егер оларды іс жүзінде өндіріс ауқымында пайдаланатын болсақ, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе алатынымыз анық. Бұған тек ынта мен ықылас қажет. Сонда ғана таза органикалық егіншіліктің атап айтуға тұрарлық биік деңгейінен көрінетін боламыз.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы