Дубайдағы кезекті Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесі «Ақыл-ойларды жұмылдыра отырып, жарқын болашаққа жетеміз» деген тақырып аясында өтеді. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықтың бүгіні мен болашағы жөнінде газет оқырмандарына Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама ШӘРІП әңгімелеп береді.
– Қайрат Қайырбекұлы, Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы қандай деңгейде дамуда?
– Осы жылы біз Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуының 25 жылдығын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде Әмірліктер Қазақстан үшін араб және мұсылман әлеміндегі сенімді әріптеске айналды. Қазіргі уақытта екі ел арасында аса қарқынды және жемісті саяси үнқатысу орнаған, жаһандық өзекті мәселелерді шешуге қатысты ұқсас ұстанымдар бар. Сондай-ақ, экономика саласында маңызды инвестициялық жобалар табысты түрде жүзеге асырылуда.
Мерейтойлық жыл Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне жасайтын ресми сапарымен басталады. Әмірліктер басшылығының шақыруымен Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы 16 қаңтарда Әбу Дабиде өтетін X мерейтойлық «Болашақ энергиясы» әлемдік саммитіне қатысады. Ал 15-17 қаңтар аралығында болатын сапар шеңберінде Қазақстан – Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 6-шы бірлескен отырысы өткізіледі және бірқатар маңызды құжаттарға қол қою жоспарланып отыр. Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасында консулдық мәселелер бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ Экономика министрлігінің арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ Жер үсті және су көлігі федералды агенттігі арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, тағы басқа да екіжақты құжаттар бар.
Таяу Шығыс елдері ішінде Әмірліктер Қазақстанның ең ірі инвесторы болып табылатынын ерекше атаған жөн. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2005-2016 жылдар аралығында БАӘ-ден еліміздің экономикасына тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұған қоса, БАӘ өтеусіз негізде Қазақстандағы әлеуметтік нысандардың құрылысына 100 млн АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Достық байланыстардың айқын айғағы ретінде БАӘ Қайырымдылық қорының грантына Астанада өткен жылы салынған қазақ-әмірліктер орта мектебін атауға болады.
– Астана мен Әбу Даби арасындағы серіктестікті әрі қарай дамыту үшін қандай нақты қадамдар жасалуда?
– Сауда-экономикалық ықпалдастықтың нақты салаларына келетін болсақ, біріншіден, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін БАӘ-ге экспорттауды алуға болады. Соңғы жылдары Әмірліктердің инвесторлары мен серіктестері Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне ерекше мән беруде және олардың пікірінше, екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың басқа бағыттары үшін негіз болады. Сондай-ақ, бұл ел Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру жөніндегі бастамасын белсенді түрде қолдады. Өткен жылдың сәуір айында БАӘ Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігінің делегациясы аталған Ұйымның Бас ассамблеясының құрылтай сессиясына қатысты.
Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) жаңа органы аталған Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы саласындағы және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша күш-жігерлерін үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ұйым агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бағдарламалар мен стратегиялар әзірлеуге, мұқтаж мұсылман елдерге техникалық көмектер көрсетуге және аштыққа қарсы нақты шараларды іске асыруға үлес қосады. Жалпы, Астанадағы Ислам ұйымының қызметі Қазақстанның мұсылман әлеміндегі беделінің күшеюіне мүмкіндік береді, сондай-ақ, елімізді ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің нарықтарына жетекші азық-түлік экспорттаушы ретінде күшейтетінін атап өткен жөн.
Соңғы жылдары Әмірліктер ғарыш саласын игеруге және зерттеуге баса назар аударып отыр. Осыған байланысты бұл ел ғарыш саласын дамыту бағдарламасын қабылдады және Федералды ғарыш агенттігі мен Мұхаммед бен Рашид әл-Мактум атындағы Дубай ғарыш орталығы құрылды. БАӘ құрылуының 50 жылдығын атап өту шеңберінде 2021 жылы Әмірліктер Марсқа жасанды жер серігін ұшыруды жоспарлауда. Қазақстан ғарыш технологиялары бар 30 мемлекеттің және жоғары технологиялар бойынша 10 мемлекеттің арасына кіретінін ескере отырып, біз бірлескен жағдайда Әмірліктердің 2021 жылы Марсқа ғарыш зондын ұшыру жөніндегі өршіл жоспарын сәтті жүзеге асыруға көмектесе аламыз.
Өткен жылдың мамырында екіжақты ынтымақтастықтың жағдайын зерделеп, алдағы бірлескен іс-шараларды анықтау үшін БАӘ Федералды ғарыш агенттігінің төрағасы Халифа ар-Румейси бастаған делегация жұмыс сапарымен Астанада болып қайтты. Сапар қорытындысы бойынша ҚР ИДМ-нің Аэроғарыш комитеті мен БАӘ-нің Федералды ғарыш агенттігі арасында Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, елдер арасында ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін құқықтық негіз қаланды.
– Астана мен Дубай қалалары ЭКСПО-2017 және ЭКСПО-2020 халықаралық көрмелерінің өтетін орындары ретінде таңдалғандығы жайдан-жай емес. Осы ретте Әмірліктердің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға дайындықтары қай деңгейде?
– БАӘ Таяу Шығыстағы араб елдерінің арасында Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растаған бірінші мемлекет болды және өзінің ұлттық павильонының комиссарын тағайындап, қатысу туралы келісімге қол қойды. Ал Әмірліктер тарапына жалпы көлемі 1000 шаршы метрден асатын ең ірі павильонның бірі бөлінді. Баршамызға мәлім, қазіргі таңда Әбу Даби баламалы энергия мен экологиялық таза технологиялардың халықаралық орталығына айналды. Ел басшылығы табиғи қазбаларының негізінде қаланған экономиканың ауытқуын ескере отырып, өз экономикасын, сондай-ақ, энергетикалық құрылымын әртараптандыруға қатысты нақты жобаларды қолға алуды жалғастыруда.
Әмірліктердің «Масдар» компаниясы мұнайдан тыс экономика секторларын күшейту және мұнай нарығынан тәуелділікті азайту бағытында ең маңызды рөл атқарады. БАӘ астанасының маңайында бой көтерген «Масдар-сити» қазіргі кезде автокөліксіз, күн мен желдің баламалы энергиясымен қамтылған және өз қалдықтарын қайта өндіріп пайдаланатын әлемдегі тұңғыш экоқала болып табылады. Күндіз сақталынған күн энергиясы түнгі уақытта электр қуатын шығару үшін пайдаланылады және экоқалаға тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Масдар» компаниясы 2013 жылы Әбу Дабиден 120 шақырымдай жерде орналасқан Заид қаласында жалпы алаңы 250 гектар немесе 285 футбол алаңын құрайтын «Шамс-1» күн электр стансасын да іске қосты. Оның қуаты 100 МВт құрайды және оның іске қосылуының арқасында атмосфераға зиянды заттардың таралуы 175 мың тоннаға азайды. Жалпы, ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберінде биылғы жылғы 6 қыркүйекте Әмірліктердің Қазақстандағы Ұлттық күнін өткізу жоспарлануда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист