Көліктер қалай қабылдануда?
Елімізде өткен жылдың 21 қарашасынан бастап көне көліктерді қабылдайтын қанатқақты жоба басталғаны белгілі. Бір жарым айға жетпейтін уақыт ішінде жобаның аяқ алысы, автокөлік иелерінің ықылас-ынтасы жаман емес екені байқалды. Мәселен, Шымкенттегі қабылдау орталығында 661 автокөлік жиналса, Қостанайда 672 адам көлігін «қорымға» өткізіпті. Үштікті Ақтөбе облысы түйіндейді, бұл облыста 412 машина тапсырылған. Энергетика министрлігінің мәліметіне сенсек, қабылданған көліктердің орташа «жасы» 25-30 жыл екен. Бірінші санат, яғни қаңқасы сау, есік, капот, жүксалғыштың қақпағы сынды негізгі бөліктері, коробка, радиатор, аккумулятор, дөңгелек сияқты ірі бөлшектері сау көліктер 150 мың теңгеге бағаланған. Тек 2 көлік қана 2-санатқа жатқызылып, 48 мың теңге төленіпті. 16 қаңтардан бастап «ӨКМ Операторы» ЖШС тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасын толығымен іске қоспақ. Жоба сол күнге дейін уақытша тоқтап тұр. Қалалар мен ондағы қабылдау орындарының мекен-жайы, телефондары сияқты тиісті ақпараттар ғаламторға салынған. Біз Астанадағы орталыққа автокөлік иесі ретінде хабарласып көрген едік. Қазір барлық орталықтарда көне көліктерді бағалау және қабылдауды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 16-сы күні хабарласыңыз. Қажетті құжаттар, машинаға қойылатын талаптар компанияның сайтында, БАҚ-тарда хабарланады, деген жауап алдық. Халыққа ыңғайлы болуы үшін, «ӨКМ Операторы» электронды кезек жүйесін енгізіп, ескі көліктерді жинайтын бекеттердің кестесін де жасамақшы көрінеді.Көне көлігін қимайтындар да кездеседі
Ескі көліктерді қабылдап алып, қайта кәдеге жаратудың тиімді тұстарын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, көлігін қимаған автокөлік иелеріне де түсіністікпен қараған жөн сияқты. Олардың да айтары, дәйектері бар. Мысалы, Асылбек есімді жігіт ағасының 1994 жылғы Audi 80 B 4 маркалы көлігін мініп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Әу баста 350 мың теңгеге сатып алған екен. Ескі болса да, төзімді, адам тасуға да, жүк артуға да жарап тұрған германиялық көлік соңғы уақытта сыр бере бастаған. Асылбек бізге: – Өткізер едім, бірақ төлейтін ақшасы аздау екен. Қазір 150 мың теңгеге машина сатып ала алмайсың, одан екі есе көп ақшаға да жөні түзу көлік келмейді. Көлігімді өткізіп жіберсем, шаруаларым тоқтап қалайын деп тұр, – деді. – Audi ескі болса да жүріп тұр. Шамалы ақша жұмсап бір жөндетіп алсам, тағы бір-екі жыл айдауға жарайды. Әсел есімді бойжеткен де ескі көлігін өткізуге қимай жүргендердің бірі. Volkswagen Golf IV маркалы көлігі зауыттан 1992 жылы шыққан. Ескі де болса қаланың ішінде мінуге жарап тұр, бензинді де аз «жейді». – Ескі көліктерді қабылдайтын жер туралы ғаламтордан білдім. Хабарласып, 150 мың теңге төлейтінін білдім. Бұл аздау. Қазір автобазарларда Golf IV бұдан қымбат тұрады, – дейді Әсел. Дегенмен, ескі көліктерді қабылдау орындарына өткізу уақыт талабынан туындап отырған, міндетті түрде жүзеге асырылуы керек шара деп ойлаймыз. Себебі, елімізде тозығы жеткен көліктер жыл санап көбейіп барады. Оның экологияға зиянын айтпағанда, отандық автоөнеркәсіп саласын аяқтан шалатын факторлардың бірі екендігі белгілі. Оған қоса, қозғалыс қауіпсіздігіне, жолдарды тез тоздыруға да әсер етеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы барлығы 4,5 миллион жеңіл автокөліктің жартысына жуығы 20 жылдан астам уақыт мінілген екен. Ендігі мақсат – осы ескі көліктерді азайту, оларды жаңа көліктермен алмастыру. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Машина жасаушылар одағының президенті Мейрам Пішембаевтың сөзіне қарағанда, көлік жүргізушілерді жаңа көлікке мінгізуге мүмкіндік бар. Мәселен, Өскемендегі автокөлік зауытында жылына 120 мың автомобиль шығарылады деп жоспарланған. Зауытта 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатынын, кәсіпорын аумағында 400 гектарға жуық ауданды алып жататын технопарк болатынын ескерсек, бірнеше қоянды бір оқпен атып алуға мүмкіндік туады деген сөз. Біріншіден, халықтың ескі көліктен түсіп, жаңа көлік алуға ықыласы артады. Екіншіден, зауыт жанындағы технопарктерде қажетті бөлшектер шығарылады. Шетелден көлік қана емес, оның бөлшектерін, мотор майы, тежегіш сұйықтығы, антифриз сынды қажеттіліктерін әкелу үшін оның бастапқы бағасынан бөлек, кедендік шығындары да қымбаттағанын ескерсек, автоәуесқойларға өз құмарлықтарын өз елімізде өтеген тиімдірек. Соның арқасында еліміздің автоөнеркәсіп саласы да алға жылжуы тиіс.Ескірген машинаның ендігі күйі
Қайта кәдеге жарату зауытына тапсырылған көліктерге не болады? Алдымен оны өлшейді, радиациялық әсері тексеріледі. Содан соң қауіпті деген май, басқа да сұйықтықтары ағызылып, аккумуляторы алынып, резеңке заттары ағытылып тасталады. Кәдеге жарауы мүмкін, бүтін деген бөлшектері де бөлек алынады. Сосын, шредерде ұсақталып, металл күйінде балқыту зауытына жіберіледі. Жалпы, 1 литр машина майының 200 тоннаға тарта топырақты ластап, ол жерді ондаған жыл бойы пайдалануға жарамсыз етіп тастайтыны ғылымда дәлелденген. Оған жыл сайын жарамсыз болып қалатын 90 мың тоннаға жуық дөңгелек шинаны қосыңыз. Осы сияқты қоршаған ортаға зиян келтіретін заттар көне көліктерді кәдеге жарататын жерлерде жиналса, құрылыс мақсаттарына қолданылса, зиянның орнына пайда көруге болар еді. Жуырда, Қарағандыда «Recycling Company» ЖШС қолданыстан шыққан көліктерді кәдеге жаратумен шұғылданатын зауыт салынатыны белгілі болды. Зауыттағы италиялық қондырғының көмегімен сағатына 20-25 көлікті, әр ауысым сайын 150 жеңіл көлікті үгітіп, жыл сайын 50 мың автокөлікті шикізатқа айналдыруға болады екен. Яғни, көлігінен құтылғысы келетіндер болса, қол ұшын беретін зауыттарға кенде болмаймыз. Ал «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның тозығы жеткен көлік құралдарын ынталандыру бағдарламасы бірнеше күннен кейін, яғни 16 қаңтардан бастап еліміздің 17 қаласында толығымен іске қосылады. Қанатқақты жобаның аясында әр қалада жүздеген көліктердің тапсырылғанын ескерсек, «қартайған» көліктерінен құтылуға асығатындар қатары аз болмайтын сыңайлы. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»