Өңірлерге барғанда көптеген кездесулер өтіп тұрады. Сондай кездесулердің бірі жақында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен болып өтті. Онда мал өнімдері мен оны өңдеу мәселесі өткір қойылса, дайындау желілері жөнінде маңызды ойлар ортаға салынды.
Қазіргі таңда дайындау желілерінің болмауынан ауылдықтар өз өнімдерін әр түрлі делдалдарға төмен бағамен, тіпті өз құнынан әлдеқайда арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Оның үстіне мұндай сатып алушылар тұрақты түрде жұмыс істемейді, соның кесірі ауылдықтарға тиіп жатыр. Ашығын айтар болсақ, сатуға дайындап қойған сүттері іріп кетсе, сойылған мал еті мұздатқыштардың жоқтығына байланысты өзінің құнарынан айырылады. Мал өнімдерін өңдеудің болмауынан біздің сүт пен етіміз ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай келмейтіндіктен, экспортқа жөнелтілмейді. Жемшөп те қымбат. Осының барлығы мал шаруашылығы дамуына теріс әсерін тигізуде. Қысқасы, бұлар мал басының кемуіне, шаруалар үшін малмен айналысудың тиімсіздігіне әкеліп соқтыруда.
Екінші бір маңызды мәселе, жүн, тері және сүйек өңдеу жүйесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Ондаған мың тері, жүздеген тонна жүннің қоқысқа тасталуы өкінішті, әрине. Ал елімізге тері және жүн өнімдерінің 80 пайызы сырттан тасып әкелінеді. Сол сияқты құстарға қажетті жем үшін етсүйекті ұнды валютаға сатып алуға мәжбүрміз. Осы ретте атақты ағылшындық кашемирден (қой жүнінен) және Қытай мен Түркиядан миллиондаған долларға алып келінген киімдерді киіп жүргеніміз жасырын емес. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ауылдық кәсіпкерлікті құру жөнінде нақты міндеттер қоюы дер кезінде көтерілген мәселе деп есептеймін. Менің паймымша, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін бірқатар шараларды қолға алған жөн. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу жөніндегі дайындау желісін ұйымдастыруымыз қажет. Ірі ауылдарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар (кішігірім сүт өңдеу зауыттар, ет цехтарын, тері, жүн өңдейтін шағын кәсіпорындар, ет-сүйекті ұн шығаратын цехтар, тігін цехтарын, диірмендер, май шығаратын, т.б. бағыттардағы өндірістер) ашу қажет. Сондай-ақ ауылдық жерлерде құрылыс материалдарын (кірпіш, гипсокартон, керамикалық жабынды, ағаш құрылғылар, шлак-пеноблок, шеге, құрылыс қоспалары және тағы да басқаларын) шығару қолға алынып жатса құба-құп.
Бұл мақсаттарға жетудің бірден-бір жолы – бір бас малды тасымалдаудың өзіне 600 мың теңге жұмсалып жатқан Америка құрлығынан мал әкелуді доғарып, «ҚазАгро» холдингінің орасан көп бюджеттік қаржысын осыған бағыттау. Ал алыстан мал тасымалдау – банкроттыққа ұшырататын, қарыздар бюджетке артылатын арты күмәнді жоба. Осының орнына өзіміздің мемлекеттік асыл тұқымды шаруашылықтарымызды құрып, шаруаларымызға күмәнді шетелдік малдардан гөрі 10 есе төмен бағасына сататындай асыл тұқымды өз малдарымызды өсірейік.
Мұның барлығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің артуына серпін беруі тиіс. Яғни, бұл біздің қазақстандық үлгі – нанотехнология болуы керек. Әйтпесе біз еңбек өнімділігін 2014 жылға қарай екі есеге, ал 2020 жылы төрт есеге арттырып, қазақстандықтарды өзіміздің өнімімізбен 80 пайызға қамтамасыз етуге қол жеткізе алмаймыз.
Тасбай СИМАМБАЕВ, Сенат депутаты.