Қазақ кино өнерінің ірі тұлғаларының бірі – Абдолла Қарсақбаев. Егер ол тірі болса, үстіміздегі жылдың күзінде 85 жасқа толар еді. Өкініші көп өмірдің ерте сөнген жарық жұлдыздарының бәрі бірдей еске алына бермейді. Ол «Ботагөз», «Қилы кезең» фильмдерінің екінші режиссері болды. Ал «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» сынды фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорына енді.
«Менің атым Қожа» Франциядағы Канн фестивалінің дипломына ие болғанын, «Қазақфильмнің» алғашқы халықаралық деңгейде танылған фильмі екенін де ұмытпайық. Ал «Алты жасар Алпамыс» фильмі Бүкілодақтық Х кинофестивальдің жүлдегері атанды.
Белгілі кинорежиссердің 60, 70, 75, 80 жылдық мерейтойлары да атаусыз қалды. Сондықтан да КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, еңбек және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, КСРО халық әртісі, қырғызстандық кинорежиссер Болатбек Шамшиев; Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, Лермонтов атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рубен Андриасян, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, киноактер Нұржұман Ықтымбаев, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Нағашыбек Қапалбекұлы сынды қайраткерлердің атақты актердің мерейтойын атап өту жөнінде көтерген бастама-үндеуін қолдаймын. Қарсақбаевтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін ескере отырып, оның 85 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты үкіметтік комиссия құрылып, тиісті ұйымдастыру шаралары өткізілуі керек деп есептеймін.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты.