Көре қалса жылыұшырап: «қарағым-шырағым» деп жаны қалмай жайыңды сұрап, жолда көрсе «сапар оң болсын» деп қауқылдап, бір іс жасалса «Аллаға тәубе», «арты қайырлы болсын» деп бәріне шүкіршілік етіп отыратын кеңпейілді, барлық адамға тек жақсылық ойлап тұратын жомарт жүректі, дархан қазақты осы күні Сарыарқадан табу да қиын. Ал енді ондайды Мәскеуден көремін деп ешкім де ойламас еді.
Үстіміздегі жылғы қаңтардың аяғында белгілі филолог-ғалым Дихан Қамзабеков бастаған төрт адам Мәскеуден Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлін әкелуге барғанымызды «Егеменге» жазған едік. («Алаш ардақтысының рухы елге оралды», 25.01.2011 жыл).
Бізді Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің өкілдері, соның ішінде Серікқали Байменше бастаған жігіттер қарсы алып, аяқ-қолымызды жерге тигізбей алып жүргенін де айтқан болатынбыз. Олар сондағы қазақ диаспорасы өкілдерін де Смағұлдың рухын шығарып салуға шақырған екен. Мәскеуде қазақ мәдениетінің «Мұрагер» деп аталатын ұйымы барын бұрын да талай рет айтқанбыз, көппен бірге сол ұйымның өкілі деген бір ақсақал да жүрді. Әлгі кісі қауқылдаған, маңайындағы жастардың бәріне «қарағым-шырағымдаған» бір кеңпейілді жан екен. Солтүстіктің суығындай ортаға мұндай адам қайдан келе қалған, дәу де болса бір баласының немесе немересінің соңынан еріп, қазақтың қалың ортасынан жуырда ғана көшіп келген адам шығар деп ойлап едік. Сөйтсек... ақсақалдың Мәскеуде тұрғанына 60 жыл болыпты... Мәссаған... Өзінің жасы 83-те екен.
Мұндай кісінің тағдырымен тереңірек таныспау біз үшін кәсіби күнә болар еді, сондықтан бір әредікте ақсақалды әңгімеге тарттық.
– Мені не үшін жазбақсың, шырағым, менің ешқандай елден ерек еңбегім жоқ, Мәскеуде тұратындығым өнер емес қой, сен одан да Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» деген өлеңінің тарихын жазшы. Сол әнді естісем... жан-дүнием босап жүре береді. Әлмырза Ноғайбаевтың айтқанын естідім, өзім кассетасын қолға түсіре алмай жүрмін, деді ақсақал күрсініп.
Қайдар Құмарбеков ағамыз Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының жанындағы Айыртау, Көктал деген ауылдардың маңындағы қоныста 1928 жылы дүниеге келген екен. Айтуына қарағанда, әкесі аудан көлеміне белгілі адам болыпты. Соғыс аяқталған жылдары көршісінің көрсетуімен сотталып, Қарағандыдағы лагерьге айдалып кетіпті. Сондағы жасаған «қылмысы»: соғымға буаз бие сойғандығы екен. Ол кездегі заң бойынша өзінің малы немесе сатып алғандығына қарамайды, мұндай мал сойған адам бірден қылмыскер болып танылады. Ішінде төлі бар малды қазақ жай да соймайды ғой, тек білмей қалғанда болмаса. Биенің ішінен құлын шыққанын көрген «қырағы» көрші «үлкен қылмысты» дереу жеткізе қойып, әкесін сол бойы айдап кетеді. Ол сол кеткеннен оралмай, Қарағандыда қайтыс болған екен.
Осы оқиға әсершіл жігіттің жас жүрегін ауыр жаралап, ол көрші-көлемнен көңілі қатты қалады да, көз көрмес, құлақ естімес алыс жаққа кеткісі келеді. Сөйтіп, 1948 жылы Мәскеуден бір-ақ шығыпты.
Темір жол институтына сырттай оқуға түсіп, Мәскеудің әртүрлі мекеме, кәсіпорындарында қызмет істейді. Соның ішінде су шаруашылығы институтында, темір жол құрылысында еңбек еткен. Ең ұзақ жұмыс істеген кәсіпорны «Метрострой» екен. Соның ішінде Қақаң «Комсомольский проспект» стансасының құрылысына қатысқанын еске алды. «Әрине, метроқұрылыстың толып жатқан қызығы мен шыжығы болды, бірақ оның саған атүстінде қайсыбірін айтайын», дейді қарт. «Метростройдан» кейін Жобалау институтына ауысып, сонда да біраз жылдар қызмет етіпті. «Өзбекстан мен Түркіменстан республикалары тұрақты өкілдіктерінің құрылысын жобалауға қатыстым. Оларға жанашырлық білдіріп, болысқан кейбір еңбектерімді айтар едім, бірақ оның қажеті жоқ. Жалпы «мен, мен» дегеннен жаман әдет жоқ», дейді ақсақал. Дегенмен, бұл кісінің туысқан халыққа, сондай-ақ өзіміздің елдің адамдарына істеген игі қадамдары көп сияқты. Мәселен, елшілік жігіттері кезінде оның «жас тұлпарлықтарға» да қамқорлық жасағанын ауызға алды.
Қазір ақсақал зейнеткер. Мәскеудің қақ ортасында, кемпірімен екеуі ғана өзінің жеке пәтерінде тұрады. Жат орта шымыр етіп ширатып, басы-бойын жеңіл ұстауға үйреткен секілді. Қазақстандағы 83-тегі ақсақалдардай ауыр қозғалып, тірсегі дірілдеп жүрген жоқ, қимыл қозғалыстары әлі күнге ширақ. «Екі саяжайым бар, жер көлемі 12 сотық, маған жетеді. Оларды көршілерімдікінен кем қылмай, күтіп ұстаймыз», дейді ол. Үйдегі апайымыз университет бітірген адам екен, ұзақ жылдар Мәскеудің мәдениет саласында қызмет етіпті, қазір ол кісі да зейнеткер. Өзі Қазақстаннан бірнеше жазушының кітабын жаздырып алып, оқып тұрған. Соның ішінде І.Есенберлиннің көптомдығы әлі күнге сақтаулы тұрған көрінеді.
Ағамыздың бір ұл, бір қызы болған. Ұлы қайғылы қазаға ұшырапты, ол жөнінде қарт көп ешнәрсе айтпады. «Әйтеуір, әскерде жүргенде опат болды ғой, Ауғанстанда қаза тапты, – деді. – Анығын білмеймін, есіме алу қиын, жүрегім ауырады», дейді күрсініп. Ал қызы мен күйеу баласы дін аман, олардан екі жиен көріп отыр. Үлкен жиені Фарида Нұрбаева халықаралық қатынастар институтында оқиды екен. Күйеу баласы да жақсы қызметте, осындағы институттардың бірінің проректоры көрінеді.
Ақсақал Мәскеуде тұратын қазақ қарияларымен жиі араласып тұратынын айтты. Соның ішінде соғыс ардагері, отставкадағы полковник Әкім ағай деген бір кісіні қатты мақтап отырды. «Ол маған «ағай» дейді, мен оны «ағай» деймін, екеуміз қатты сыйласамыз», деді қарт.
Қақаң мәскеулік қазақтардың «Мұрагер» мәдени ұйымы туралы да көп айтып, олардың жұмысына ризашылығын білдірді. Оны алғашқы болып құрысқан жігіттердің еңбегін де көп еске алды. Қазіргі азаматтар да солардың жақсы дәстүрін жалғастырып келеді, енді «Қазақ тілі» қоғамының 20 жылдығын атап өтеміз, деді ол. Бұлар біздің бас қосатын, ана тілімізде сөйлеп, еркін тыныстап, емен-жарқын жүретін ортамыз. Сондықтан осындағы жігіттерге қолдан келген көмегімді тигізуге тырысамын. Осылай қарай жүруді жаным қалап, шақырса қуанып қаламын, дейді ақсақал.
Ұлтшыл, фашистік ұйымдар көбейіп, жастар бұзылып жатқанда Мәскеуде жүру қауіпті емес пе деген сұрағымызға ақсақал: өзің жақсы болсаң ешкім де тимейді, оның үстіне қазақ мұнда абыройлы. Біздің елде болған жанның бәрі де Қазақстанды мақтап келеді. Жуырда бір орыстың шалы да Қазақстанды мақтап отырды. Украинаға немесе басқа бір елге барсаң өз тілдерінде сөйлеп, орысша жауап бермейді, ал қазақтар орыс тілін сыйлайды екен, өздері кішіпейіл деп риза болып отырды. Мен ондайда төбем көкке жетіп қалады. Қазақстан туралы бір жақсы сөз, ұнамды лепес естісем сол күні қуанып жүремін, құдайға шүкір, қазіргі абыройымыз жаман емес. Назарбаев та дәл уақытында келген адам болды, аумалы-төкпелі заманда осындай дана адамдар ғана дұрыс басқара алады. Басқа жерлердегідей қантөгіс, ұрыс-керіс Қазақстанда болған жоқ, соның өзі үлкен бақыт, дейді ақсақал.
Солай... Сырт қараған адамға Қақаңның қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Зейнетақысы жақсы, 12 мың Ресей рублін алады. Кемпірінікі және бар. Үйі, саяжайлары бар.
Бірақ... 60 жылда қазақтық қалыбын бұзбай, елді есінен бір сәт те шығармай келе жатқан тегі мықты, саналы ердің жаны тамақтың тоқтығы мен көйлектің көктігіне жұбана алмайтын сияқты. «Туған жердей қайдан болсын», деп қалды ол бір сөзінде күрсініп. Біздің Смағұлдың рухын іздеп келгенімізге де ол қатты толқыды. Міне, осының өзі қабырғасы бүтін елдің қылығы, қазақ тірісінің де, өлі аруағының да басын қосып жатқанының көрінісі бұл, мен соған тоғайып отырмын. Бұрын біз басымыз түгел қосылып, еңсеміз көтерілер ме екен деп армандаушы едік. Енді сол күнге жеттік, иншалла. Қарашаңырағымыздың құты арылмасын, әмсе, еліміздің еңсесі биік болсын, деді ол.
Бір кезде елден қатты өкпемен кеткен көңіл бұл күнде жадырап, саналы ердің жүрегін сағыныш сезімі жаралайтын секілді. Елде жалғыз қарындасы бар екен, оның бір баласының Мәскеуде оқуына жәрдем беріпті. Бірақ, 60 жыл мәскеулік болған жан енді еңкейген шағында елге бара ала ма? Ұзақ жылдар «Мәскеуде жүр», «Мәскеуде тұрады» деген жасанды мақтанның жалған буына мәз болып, елге қайтуға асықпаған басы енді жат жерде тамыры тереңге кетіп, өзі шау тартқан шағында бәрін өзгертіп, жаңа қадам жасауға батылы бармасы белгілі. Оның жүрегін осы жайлар жабырқататын сияқты. Сәкеннің «Ақсақ киік» әнінің жанына жақын көрінуінің де сыры сол болуы керек.
Қиырсыз, Бетпақ дала... қураған шөл...
Жалғыз-ақ сырғаңдайды қоңылтақ жел.
Меңіреу... тірі жан жоқ... жып-жылмағай...
Ел қайда? Ел алыста – шулаған ел...
Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап, анда-санда әлін жиып...
Ақ бөкен сахараның ботакөзі
Атты екен қандай адам көзі қиып?..
Жат орта, бөтен ел қанша үйренді десе де адамға тобынан жырылып, адасып қалған ақсақ киіктің Бетпақ даласындай болып көрінетін болса керек... (Қауқылдаған қазақтың шалы шынында да тобынан жырылған ақсақ киіктей болып көрінді бізге). Сондықтан да адамның жаны шырылдап: «ел қайда?» деп қиналатындай, бірақ «ел алыста...» деп налитын секілді шерлі жүрек. Әннің сөздері мен мұңлы сазы қарттың жүрегіндегі жарасын дәл басқандай.
Әрине, жат жұрттың ұнасы мен құлқына бағынып, қарынның тойғаны мен қалтаның қампайғанына мәз болатын тексіз жандар толып жатыр, оларға бәрібір... Ал мынандай асылдар көп емес.
Жақсыбай САМРАТ.
Астана-Мәскеу-Астана.