Кәсіптік қызметіміз термин саласының практикалық қырымен тығыз байланысты болса да, бұрын-соңды бұл тақырыпқа арнайы көңіл бөліп, қалам тарта қойған жоқ едік. Бірақ жақында ғана өзіміз қатысушысы болған бір әңгіме осыған дейін көңілімізді толғандырып келген ойларымызды ортаға салып, өздеріңізбен бөлісуге түрткі болды. Сонымен...
Былтыр бір жылдан бері мазалап келген сырқатымызды емдетсек деген ниетпен Алматының іргелі бір ауруханасынан орын алдық. Қасымда жатқан палаталас жанның бірі жасы жиырма бестен енді ғана асқан жігіт бір күні теледидардан денсаулық сақтау саласына қатысты хабарды көріп отырып, маған мынадай сұрақ қойды.
– Айтыңызшы, осы «реанимацияны» неге қазақша «жан сақтау бөлімі» дейміз. Жанды беретін де, алатын да, сақтап қалатын да бір Алла тағала емес пе? Журналистер осыны ойланбай ма екен?
Егер дін тұрғысынан келетін болсақ, жігіттің айтып отырғаны да жөн. Жөн дейміз-ау, басымызға іс түсіп, жанымыз қиналған сәттерде ең алдымен тілге тиек етіп, сиынып, медет тілейтін бірден-бір құдірет Алла тағала екеніне ешкім дау айта қоймас. Оның үстіне адам құдай емес, реанимацияның да адам жанын үнемі сақтап қала бермейтіні белгілі...
Осы орайда менің де кәсіптік қызығушылығым оянып, «реанимация» сөзінің қазақ тіліне аударылу мән-жайын зерттей бастадым. Алдымен Мемтерминком тарапынан мақұлданған соңғы ресми сөздік қой деп 2014 жылы «Қазақпарат» баспасынан жарық көрген 30 томдық «Қазақша-орысша терминологиялық сөздіктің» медицина саласына арналған 14-ші томына көз жүгірттім. Шынында да, аталған томның 189 және 470-беттерінде «реанимация» сөзінің баламасын «реанимация, жан сақтау бөлімі» деп тайға таңба басқандай етіп жазып қойыпты.
– Апырмай, – дедік, – «реанимациясы» түсінікті, оған қоса «жан сақтау бөлімі» дегені несі екен? Бұл терминдік сөздік пе, әлде түсіндірме сөздік пе? Жарайды, «реанимацияны» қазақшалап «жан сақтау бөлімі» деп алайық, сонда онымен салалас, түбірлес «реанимировать», «реаниматор», «реаниматолог», «реанимобиль» деген сөздерді қалай аударамыз. Егер жоғарыда айтылған «жан сақтау» түбірін сақтайтын болсақ, олар «жанын сақтау», «жан сақтаушы (дәрігер?)», «жан сақтау (машинасы?)» болады да.
Бірақ, неге екені белгісіз, жоғарыда аталған сөздікте медицина саласына қатысты болса да біз айтқан түбірлес сөздер берілмепті. Сөздікке толымсыз сипат беретін бұл кемшілік біздің түгел дерлік сөздіктерімізге тән олқылық болып табылады.
Оның үстіне, «реанимировать» деген етістіктің медицинада ғана емес, басқа да салаларда, мысалы, экономика саласында өндіріске қатысты да қолданылатынын ескерсек, онда «реанимировать производство» дегеніміз «өндірістің жанын сақтап қалу» болмай ма. Бұл қолдануға, ұғынып-түсінуге қолайлы тіркес бола қояр ма екен.
Осының өзі бізде әлі күнге дейін термин болсын, атау сөз болсын, бір сөзге балама тапқанда онымен түбірлес сөздерді ескермеу, не болмаса әртүрлі қолдану әдетке айналғанын көрсетеді. Мысалы, «токсикомания» – «уытқұмарлық», «токсикоман» – «уытқұмар». Ал оны зерттейтін сала «токсикология», оның маманы «токсиколог» сол күйі аударылмайды. «Нерв» – «жүйке», ал оның ауруларын емдейтін дәрігер мамандықтар «невролог», «невропатолог» деген сөздер аударылмай алынады. Бұл өте қисынсыз әрі кез келген көзіқарақты адамда сұрақ туындататын жағдай. Егер терминнің ең болмағанда белгілі бір саладағы қырын түгел аша алмайтын болса, мұндай жартыкеш ұғым кімге қажет?
Осы орайда, жоғарыда аталған сөздіктің 470-бетінде «реакция» сөзі «реакция», «серпіліс» деп, ал 471-бетінде «регенеративный» және «регенерация» деген сөздер түбірлес болса да, «регенерациялық» және «қайта қалпына келуі» деп екі түрлі аударылғанын айта кетуіміз қажет. Осындай ала-құлалыққа не негіз болатыны бізге түсініксіз. Оның үстіне мұндай кемшіліктің жаппай сипат алып отырғаны сөздікті жасаушылардың оларға оншалықты мән беріп, жете көңіл бөле бермейтінін көрсетеді.
Бізге кесірін тигізіп жүрген тағы бір кемшілік – жаңағы айтылған «регенерация» сөзін «қайта қалпына келуі» деп аудару. Бұл сөздікке терминдік емес, түсіндірмелік сипат беріп, оны түсіндірме сөздікке айналдырады. Бір сөздіктің ішінде осындай әртүрлілікке жол беру бізде әлі де болса сөздік, оның түрлері туралы сауаттылықтың кемшін екенін көрсетеді. Кейде, тіпті сөздікті жасаушылардың өзі сөздік теориясынан мүлдем бейхабар секілді болып көрінеді.
Сөзіміз жалаң болмасын, кезінде ресми аударманың майталман маманы, осы салада отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Дәуітәлі Омашұлы баспасөз бетінде де, арнайы еңбегінде де «террорист» сөзін «лаңкес» деп алудың қате екенін көрсетіп берсе де, журналистер білікті маманның бұл пікіріне құлақ аса қояр емес. Жалпы, «лаң» деген сөзді айтқанда, ең алдымен, Махамбет ақынның Жәңгір ханға айтқан әйгілі «хан емессің – ылаңсың» дегені еске түседі. «Лаң» сөзі елдің ауызбіршілігін бұзып, жұрт арасына іріткі салуды, бүлік бастауды білдіреді, оның «террор» ұғымына, оның анықтамасына мүлдем қатысы жоқ. «Лаң» сөзі, біздің ойымызша, орыс тіліндегі «смута», «мятеж» деген сөздерге, ал «лаңкес» сөзі «смутьян» деген сөзге балама болса керек. «Лаңкес» сөзін тілдік айналымға қосқысы келетіндер осыны, сөздің мағыналық жүгін ойланса екен.
«Процесс» деген сөзді «үдеріс» деп алу да сол сияқты. Осы жасанды сөздің балама ретіндегі қате сипаты Д.Омашұлының «Нормативтік құқықтық актілер және оларды мемлекеттік тілде әзірлеу» атты еңбегінде егжей-тегжейлі түрде көрсетілген. «Үдеріс» сөзін енгізгісі келетіндер «процеспен» түбірлес «процессор», «процессинг» деген сөздердің қалай алынатынын ойламайды. Ал бұл біздің термин саласындағы ғылыми негізділік, қисындылық қағидаттарына қайшы келетін, тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін кемітетін нәрсе. Егер тіліміздің болашағын ойлайтын болсақ, осыған әсте абай болу керек.
Әрине, қолына қалам ұстаған қауымның сөз арасын «бөтен сөзбен былғамауға» тырысатын әрекетін де түсінуге болады. Бірақ мұндайда терминдік тайыздыққа, сауатсыздыққа жол беруден сақ болу қажет. Өйткені, «қарапайым қазақ ана тілінде заң оқымаса да, газет не журнал оқитыны, теледидар көріп, радио тыңдайтыны анық. Демек, жалпы қазақтың санасына жаңа сөзді заң емес, бұқаралық ақпарат құралдарының сіңіретіні» де рас. Егер балама сөз терминнің мағынасын, әмбебап сипатын толық ашып бере алмаса, оны қолдану қаншалықты дұрыс болмақ? Оны өз түбірін сақтап, қазақ тілінің емлесіне келтіріп алған жөн емес пе. Бұл – әлемде бар, кеңінен таралған халықаралық практика. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұл жөнінде «...терминдерді және атауларды негізгі қағидаларға, қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру» деп нақты жазылған.
Әйтсе де, біздің тілімізде жазылу реті төл емлемізге қайшы келетін сөздер баршылық. Алысқа бармай-ақ қояйық, термин төңірегінде күнделікті қолданып жүрген «терминология», «терминография», «лексикография» деген сөздер тілімізге орыс тілінен оның грамматикалық ерекшелігін сақтай отырып енген. Орыс тілінде екі түбірден тұратын күрделі сөзде бірінші түбір дауыссыз дыбыстан бітіп, екінші түбір дауыссыз дыбыстан басталса, олардың арасында міндетті түрде «-о», «-е» деген байланыстырушы дауысты дыбыс болады. Мысалы, «домосед», «камнедробилка». Қазақ тілінде мұндай тәртіп жоқ. Қос түбірден құралған күрделі сөзде түбірлер қатаң дауыссыздан бітіп, қатаң, ұяң не үнді дауыссыздан басталса да олар ешқандай байланыстырушысыз бір-біріне бірден тіркеліп жазыла береді. Мысалы, тастоған, таңшолпан, көкжиек, бозторғай.
Осыны негізге алатын болсақ, «терминология» – «термин-логия», «терминография» – «термин-графия», «лексикография» – «лексикаграфия» деп алынуға тиіс. Сонда ғана біздің төл емлеміздің тәртібі сақталады. Бізде мұндай сөздер біз келтірген мысалдармен шектеліп қалған жоқ. Тілімізде жалпы ғылым саласын, не онымен айналысатын ғалымды, маманды білдіретін, «-логия», «-графия», «-лог», «-граф» деген түбірлер жалғанған сөздерге біз айтқан кемшілік тән.
Әрине, біздің айтқан уәжімізге «терминология» деген сөз латынның «терминос» және гректің «логос» деген сөздерінен құралған, сондықтан біз оны «термино+логия» деп аламыз деп дау айтушылар да болуы мүмкін. Егер бұл сөзге құлақ түретін болсақ, біз неге әдетте «термин» деген сөзді «терминос» деп қолданбаймыз? Мұнда қисын қайда? «Термино-» деп алу үшін тілімізде ғылыми негіз болу керек қой, тым болмаса біз оны түбір сөз ретінде «терминос» деп қолдануымыз қажет.
Осының барлығы біздегі терминология жұмысының әлі де болса ақсап жатқанын білдіреді. Оны ақсатып, дамуын кенжелетіп отырған терминтүзу, сөздік жасау ісінде ғылыми негізділіктің, қисындылықтың жоқтығы, сақталмауы. Бұл кемшіліктерді түзетпей, біздің термин-логиямыз да, термин-графиямыз да сапалық тұрғыдан ілгері жылжи алмайды.
Марат САДЫҚОВ,
Парламент Мәжілісі Аппаратының сектор меңгерушісі