17 Қаңтар, 2017

Кішкене кеніш сарқылды

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Юбилейно-Снегирихинская шахтаШығыс өңіріндегі Юбилейно-Снегирихин кенішіндегі кен өндіру жұмыс­тары тоқтады. Кен­нің қосым­ша қоры толығымен игеріл­гендік­тен, Kaz Minerals тобы осындай шешім қабылдап отыр. Бұл – топ құрамындағы ең кішкентай кеніш. 2016 жылдың 9 айында аталған кеніш­тен құрамында 7,1 мың тонна мыс бар 392 мың тонна кен өндірілген. Ал төртінші тоқ­санның өндірістік нәти­желері қаңтар айының соңына дейін қоры­тындыланбақ. Кеніштегі жұмыс вахталық әдіспен жүргізіліп келді. Корпоративтік байланыстар депар­таментінің облыстағы менеджері Ермек Дүзкеновтің айтуынша, бүгінде кеніш ұжымында оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылдың желтоқсанына дейін шахтада 158 адам жұмыс істесе, соның ішіндегі 35 адам «Шығыстүстімет» ЖШС-нің басқа кәсіпорындарына жұмысқа орналасты, 59 адам өз еркімен жұмыстан кетуге бел буды. Ал оңтайландыру жұмыстары 27 адамды қамтып отыр. Қалған 37 адам қазіргі уақытта кеніштің күзет жұмыстары мен су шығару жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді. Олардың еңбек шарттарының мерзімдері шахтаны жабу жұмыстары аяқталғанға дейін ұзартылды. Компанияда бекітілген жоспар бойынша қазіргі уақытта Юбилейно-Снеги­рихин кен орнын жабу жобасы жасалып, қорларды есептен шыға­ру, жүретін және тұрақты жаб­дық­тар­ды компанияның басқа кәсіп­орын­­дарына жеткізу жұмыстары жүр­гізілу­де. Жоба 2017 жылдың соңы­­на дейін жасалып, бекітілгеннен кейін кен орнын жабу жұмыстары 2019 жылдың бірінші тоқсанында аяқтал­мақ. Тиісті мемлекеттік органдар бекіт­­кен кен орнын жабу жобасы жүз­е­ге асқаннан кейін жер қойнауын пай­да­ла­ну келісімі мемлекетке қай­тары­лады. Ком­па­ния үйінділер мен жұмыс кезін­де пай­даланылған жер учас­ке­лерін қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Юбилейно-Снегирихин шахтасында жерасты тәсілімен құрамында мыс-мырыш және қорғасын бар түсті металл кені өндірілді. Кеніштен шыққан кен Николаев кен байыту фабрикасында өңделді. Глубокое ауданында орналасқан кен орны 1959 жылы ашылып, 1975 жылы барлау жұмыстары жүргізілгеннен кейін мемлекет балансына берілген болатын. Кен орны 2002 жылдан бастап пайдаланылды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы