18 Қаңтар, 2017

Игілік бастауы – ықпалдастық

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ӘзімбайғалиОрталық Азияда экономикалық жағынан күні бүгін ең қарымды мемле­кет – Қазақстан. Оның ішкі жалпы өнімі 217 млрд АҚШ долла­рына тең, яғни бұл – елімізде өнді­ріл­ген өнімдердің құны. Егер мұны сара­птап, мөлшерлесек, көрсеткіш Өзбекстан­ның ішкі жалпы өні­мі­нен үш жарым есе көп болып шы­ғады. Сол сияқты Түрікменстан мен Тәжікстанды, Қырғызстанды са­лы­с­тыратын болсақ, олардың эко­но­ми­калық қуаты да Қазақстан эконо­ми­касынан 4,5 пен 3,5 есеге төмен болып шы­ғады екен. КСРО-ның дәуірлеп тұрған заманында құдайы көрші Өзбекстанның  ішкі жалпы өнімі Қазақстаннан көп болғанын білеміз. Қазақстан 90-шы жылдары экономикасына үлкен реформалар жасай отырып, бүгінгі дәрежеге жетті. Осы арада тағы бір салыстыратын қызықты жағдай бар. Мысал үшін айтар болсақ, Алматы қаласының ішкі өңірлік өнімі Қырғызстанның ішкі жалпы өнімімен тең. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?! Қазақстанның осынау жылдар ішінде шын мәнінде аймақтағы қуатты республикаға айналғанын көреміз. Назар аударатын тағы бір жағдай бар, ол – Орталық Азия халықтарының тез өсуі. Жалпы, Қазақстан үшін бұл теңдессіз жақсылық десек, көрші мемлекеттер үшін олардың демографиялық өсуі белгілі себептерге байланысты елдің тұрмысын қиындата түсуде. Қазақстанда жа­сал­ған реформалар кезінде Өзбекстан­да жасалмай қалды. Ал табиғи байлық жайына тоқталсақ, көрші екі мемле­кет те аузын құр шөппен сүртіп отыр­ған жоқ. Өзбекстанда газ бен уран жет­кі­лік­ті. Ал Қазақстанда сыртқа сататын га­зы жоқ, есесіне мұнай саудалайды. Сон­дықтан да, айтарымыз, мәселе тіпті де табиғи байлықтың санында я болмаса мөлшерінде емес екен. Аталған көрші мемлекеттерде реформа белгілері бар, алайда, ол жақын арада оң нәтижелер бере қояды деп айту да қиын. Қырғызстанның реформа үлгілерін қолға алғанына көп жыл болды. Халық тез өсуде, нарықтық реформа кешеуілдеген сайын кешеуілдей түсуде. Мұның барлығы, айналып келгенде, ұлтаралық қатынастардың шайқалуына әсерін тигізді. Қырғызстанда ол екі рет 1990 және 2010 жылы ушығып барып басылды. Қазір халықтар арасындағы ын­тымақтастық жолында игі қадамдар жа­салуда. Сол секілді Өзбекстан мен Тәжікстан арасында да белгілі дәре­жеде өзара қақтығыстар әлденеше рет қайталанды. Өзбекстанда тұратын тәжіктер, Тәжікстанда қоныс тепкен өзбектер көп. Игілік тек қана ынты­мақ­тасқан жағдайда келетіні айдан анық. Тәжікстанда үш жылға созылған Азамат соғысы да елдін есін жиғызбай тұралатып кетті. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азияда шешілмеген бір мәселе тұр, ол – ұлтаралық қатынастар. Үшінші мәселе, аумақта ынты­мақ­­қа деген үміт бар, бірақ, соған қа­рамастан, жағымды өзгерістер әлі де болса төбе көрсетпей тұр. Енді әңгімеміздің негізгі өзегінен ой саралап көрейік. Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері қатынастарының оң әсерлі жағы – Қазақстанға келіп жат­қан қазақ көші-қонының 61 пайызы Өзбекстанның үлесінде. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – атажұртқа орал­ған қандастарымыздың 600 мыңнан астамы өзбектер жағынан келіп жатыр деген сөз. Бұл – өте оң құбылыс. Мұның Өзбекстанға да  пайдасы зор. Елдегі қазіргі жұмыссыздық жағдайында қазақ көші-қонының  тиімділігі мол. Қазір екі ел арасында логистикалық бағытта орталықтар құрылып, ше­­к­­а­ралық сауданың дамуына  мүм­кін­д­іктер берілді. Шекара мен шекара маңында арнайы экономикалық аймақтар  бой көтерді. Өзбекстанның жаңа басшылығы жаңа нарықтық реформа жасамақ ниетте. Бұған дейін Өзбекстанның бір қыстағынан қалаға көшудің қиындығы сол, оған рұқсат берілмейтін. Мұндай ұсақ-түйектің барлығы экономиканың түзелуіне тежеу жасады. Реформаның қандай жылдамдықпен қандай бағыттарда жүретінін уақыт көрсетеді. Қазақстан қазір Қырғызстанға инвестиция салмақ.  Атап айтқанда, Қазақстанның көрші мемлекеттердің барлығымен де кері сальдосы бар. Бұл, әрине, біз үшін тиімсіз. Көрші мемлекеттердің барлығы бірдей мұны біліп те, көріп те отыр. Сондықтан, бізден тіпті, бидай, металл сатып алуға да ынталы. Қазақстанның инвестиция жасауын күтеді. Өз мүмкіндіктері әзірге қауқарсыз. Қазақстан мен аумақтағы көрші елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық ықпалы  туралы бүгін біз қысқаша осындай тұжырым жасар едік. Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы АЛМАТЫ