Саланы дамытудың кілті – еңбек өнімділігін арттыру
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВПЕН әңгіме
– Биылғы жаңа Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытудың көрсеткіштері межеленген. Мәселен, еңбек өнімділігі 2014 жылға дейін 2 есе, 2020 жылға дейін 4 есе өсуге тиіс. Осыған қол жеткізудің нақты шаралары бар ма? Ол қандай шаралар?
– Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру бойынша Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру қажет. Осы ретте қазіргі заманғы технологиялар бойынша жұмыс істейтін жаңа ірі өндірістерді салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске қосудың маңызы ерекше болып отырғандығын айтпақпын. Себебі, біз осы арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлеміндегі заман талабына сай жаңаша жұмыс істей алатын ауылшаруашылық құрылымдарының үлес салмағын бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда ұлғайта түсетін боламыз. Міне, осы бағытта қазіргі күні бірқатар шаралар кешені әзірленіп, іске асырыла бастады.
Осы істің ерекше маңыздылығына байланысты біздің мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық бағдарламаларымыз, соның ішінде, техника мен жабдықтарды лизингке беру, жеңілдікті несие беру, аграрлық ғылымды дамыту, өндіріске жаңа технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді енгізу, инновациялық қызметті дамыту секілді шаралардың барлығы аталған мақсатқа қарай бағытталып отыр.
Сонымен, егін шаруашылығында саланы индустрияландыру бойынша жалғыз жол – ол егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыра отырып, ауыспалы себуге көшу, яғни дара дақыл егісінен кету болып отыр. Осыған байланысты салаға ауқымды химияландыруды және қазіргі заманға сай ылғал сақтау технологияларын мейлінше молынан енгізуге мән беріледі. Осындай шаралардың есебінен егістік айналымына жаңа жерлерді және ертеректе айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта тарту жұмыстары жүргізіледі.
Мал шаруашылығы саласында сапалы да мол өнім беретін асыл тұқымды шетелдік малдарды импорттау және біздің жағдайларға бейімделген жоғары генетикалық сипаттамасы бар тұқымдардың әлеуетін пайдалану арқылы жергілікті тұқымдардың тектік қорын жақсарту ісіне ерекше мән берілуде. Осы арқылы біз еліміздің мал шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін мейлінше жедел шешу бағытын ұстанып отырмыз.
Қайта өңдеу саласында мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кәсіпорындарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сондай-ақ бұл салаға инвестиция тарту ісі ынталандырылуда. Осы үшін қайта өңдеу кәсіпорындарының банк несиелерінің пайыздық ставкалары, өндіріске халықаралық сапа стандарттарын енгізу бойынша шығындары ішінара субсидияланады.
Сонымен, ауыл шаруашылығындағы қазіргі еңбек өнімділігінің төмен деңгейіне ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандардың ішінде үлес салмағы 70 пайыздан астамды құрайтын өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың болуы айтарлықтай ықпал етіп келді. Мұндай адамдардың басым бөлігі үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтармен шұғылданатындығын сіздер білесіздер. Енді ауыл шаруашылығында маманданған ірі өндірістер мен тауарлы фермаларды, яғни шағын шаруашылықтарды құру арқылы қалыптасып қалған осы дағдыны бұзу көзделеді. Осы мәселені іске асыруда жоғарыда айтылған шаралар едәуір көмектеседі.
Оның үстіне, ауыл шаруашылығы өндірісін ірілендіру және дамыту шараларымен қатар, биылғы Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру үшін қабылданған «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» аясында республика бойынша өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесін 33 пайыздан 26 пайызға дейін қысқарту шаралары қарастырылуда. Бұл шара шамамен 600 мыңнан астам адамды қамтитын болады.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі міне, осындай жұмыстарды жүзеге асыру арқылы артатын болады.
– Жолдауда «етті мал шаруашылығын дамытуда бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады» делінген. Ол қандай жоба? Таратып айта кетсеңіз.
– Етті мал шаруашылығын дамыту және оның экспортын арттыруға бағытталған жоба еліміздің агроөнеркәсіптік кешені саласында жүзеге асырылатын ауқымды жоба болмақ. Бүгінде бұл жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Жобаның мақсаты еліміздегі етті бағыттағы ірі қара мал үлесін арттырып, ет экспортын ұлғайтуды жолға қою болып табылады. Осы істің аясында жоғары өнімді малдарды өсірумен және мал бордақылау алаңдарын толықтырумен айналысатын репродуктор шаруашылықтарды құру жоспарланған. Репродуктор шаруашылықтардағы асыл тұқымды мал басы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы малдардың сапалы түрленуіне бағытталуы тиіс. Жобаның құрамдас бөлігі ретінде шет ел селекциясының асыл тұқымды етті бағыттағы малдарын әкелу қарастырылып отыр.
Осы жоба жүзеге асырылған кезде мал бордақылау алаңдарын толықтыру, асыл тұқымды жоғары өнімді етті бағыттағы мал үлесін арттыру мәселелері шешімін табады. Нәтижесінде ет экспорты көлемі қазіргіге қарағанда, әлдеқайда өсе түседі.
– Ауылдың қазіргі ахуалы туралы екіұдай күй кешеміз. Агроөнеркәсіптік кешенде, оның жекелеген салаларында даму үдерісі айқын байқалып отыр. Бірақ ауылдың күйі жақсарды деп айту қиын. Бұрын Кеңес одағының тұсында қосалқы шаруашылық, яғни қосымша табыс көзі ретінде ғана бағаланған ауладағы 5-6 бас ірі қара, 20-30 бас ұсақ малға енді бүкіл отбасының жағдайы қаратылып отыр. Басқадай табыс көзі жоқ. Осымен жұмыссыздық еңсерілді деп айтуға бола ма? Ауылға көмек көрсетуде енді әрбір отбасына дейін жету тапсырылып отыр. Осының қандай жолдары бар?
– Бұл сұрақтың жауабын мен жоғарыда еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне қатысты ішінара айтып кеттім. Оған қосымша айтарым, 2011 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауыл халқына шағын несиелер беру ісі кең көлемде қолға алынуда. Сонымен қатар, ауыл халқын шағын несиелендіру үшін шағын несиелік ұйымдарды несиелендіру және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шағын бизнесті несиелендіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Осы істерге республикалық бюджеттің қаражаттары және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың өзіндік қаражаттары пайдаланылатын болады.
«Жұмыспен қамту бағдарламасы – 2020» жобасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан ауылда өзінің ісін ұйымдастыруға тілек білдірген азаматтарға 5 жылдан артық емес мерзімге, 3 миллион теңгеден аспайтын сомаға, жергілікті атқарушы органдар белгілейтін сыйақы бойынша шағын несиелер ұсынылады.
Министрлік жүзеге асыратын несиелендіру бағдарламаларының шарттарына сәйкес, ауыл халқын шағын несиелеу бағдарламасы жоғарыда аталған шарттардың ішіндегі ең қолайлысы болып табылады. Несиенің бұл түріне ауылдық жерлерде тұратын, бірақ жұмыс істемейтін немесе табысы күн көріс деңгейінен төмен жеке тұлғалар ие бола алады. Шағын несие 3 жылға дейінгі мерзімге, жылдығы 9,5 пайыздық ставкамен, 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде, міндетті түрде өтімді кепілдікті ұсыну шартымен беріледі. Осы бағдарламаны іске асыру үшін 2011 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-қа республикалық бюджеттен 1 миллиард 500 миллион теңге бөлінді.
2011 жылдан бастап ірі қара мал басының аналығын және ет тұқымды жас малды өсіру үшін өндіруші бұқаларды сатып алуға АӨК нысандарын шағын несиелендіру бойынша «Сыбаға» бағдарламасы іске асырыла бастады. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 500 миллион теңге қарастырылған. Несиелер ұсақ фермерлік шаруашылықтарға жылдығы 6 пайыздық ставкамен 7 жылға дейінгі мерзімге 7,5 млн. теңгеге дейінгі көлемде берілетін болады.
– Қазақстан соңғы жылдары әлемдік рынокқа тұрақты түрде астық экспорттайтын елге айналды. Ал ұн экспортынан төртінші жыл қатарынан бірінші орында келеді екенбіз. Осымен астық державасына айналдық деп айта аламыз ба? Бұл жөніндегі жетістіктерді тұрақтандырудың қандай нақты мүмкіндіктері бар? Астық және ұн экспортын дамытудың шаралары мен бағыттары туралы айта кетсеңіз.
– Қазақстан ең қолайсыз жылдардың өзінде еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортқа едәуір астық сату үшін жеткілікті мөлшерде астық өндіріп келеді. Сұраныстың бар болуы, рентабельділік пен табыстың жоғары деңгейі астық секторын одан әрі дамыту, астық пен оның қайта өңделген өнімдерін өндіруді арттыру үшін негізгі фактор болып табылады. Соңғы 5 жылда (2006-2010 жылдар) астық өндірісінің орташа жылдық көлемі 17,0 млн. тоннаны құрады, бұл оның алдындағы 5 жылдың (2001-2005 жылдар) көрсеткішінен 2,4 миллион тоннға немесе 16,4 пайызға жоғары.
Астық өндірісінің өсуі астық пен оның қайта өңделген өнімдері экспорты көлемінің жоғарылауына септігін тигізді. Соңғы 5 жылда (2006-2010 жылдар) астыққа шаққандағы ұнды қосып алғанда, астық экспортының орташа жылдық көлемі 7,7 млн. тоннадан айналды. Бұл оның алдындағы 5 жылдың (2001-2005 жылдар) көрсеткішінен 3,3 млн. тоннаға немесе 75 пайызға артық. Көрсетілген жылдары астық пен ұнды экспортқа сатудан 7,6 млрд. АҚШ доллары түсті. Бұл оның алдындағы 5 жылдан 5,3 миллиард долларға немесе 3,3 есеге артық.
Нәтижесінде Қазақстан астық экспорттаушы әлемдік он мемлекеттің ішіне кірді. Ал 2007 жылдан бастап Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде жетекші орында келеді.
Қазақстан астығының сату рыногын ұлғайту, оны үшінші елдердің рыногына жылжыту үшін тасымалдау шығындарын субсидиялау, экспорт инфрақұрылымын және көліктік логистиканы дамыту бойынша шаралар қабылдануда.
Мысалы, 2010 жылы Әмірабад айлағында (Иран) астықты жылдық өткізу қабілеттілігі 700 мың тоннаға дейін жететін және бір мезгілде сақтау көлемі 53 мың тонна болатын астық терминалы пайдалануға берілді. Оны іске қосу нәтижесінде Иран және Кавказ мемлекеттерінің рыногына астық экспорты үшін көліктік-логистикалық тізбе құру жұмысы аяқталды. Болашақта астықты қайта тиеп жөнелту бойынша терминалдың қуаттылығы жылына 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтылуы мүмкін.
Каспий теңізінде Ақтау айлағы – Әмірабад айлағы көліктік-логистикалық дәлізінің құрылуы астықты Иран рыногына экспорттаумен қатар өзара астық алмастыру (SWAP) операциялары арқылы оларды үшінші елдердің рыногына шығару мүмкіндігін береді.
Қазіргі уақытта Өзен – Горгань темір жол желісін салу жүзеге асырылуда, ол Қазақстанды (Түркіменстан аумағы арқылы) Иранмен байланыстырады және қазақстандық астықтың экспорттық және транзиттік әлеуетін 3 миллион тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстанды Түркіменстан, Иран, Парсы шығанағындағы елдермен, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен тікелей жалғастыратын қосымша транзиттік жол құруға бағытталған.
Қазақстандық астықты экспорттаудың келешегі бар бағыттың бірі Қытай болып табылады. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Қытай шекарасында темір жол астық терминалын салу жөніндегі мәселемен шұғылдануда. Бұл терминалдың жылдық өткізу кабілеттілігі шамамен 500 мың тонна көлемінде болады және оны 1 миллион тоннаға дейін өсіру мүмкіндігі қарастырылады. Осындай есеппен салынатын терминалда бір мезгілде 25 мың тонна астық сақтауға болады. Осы мәселе қазір пысықталу үстінде.
– Қазақстанда егін шаруашылығын жүргізудің тәуекелі мол, табиғатқа тәуелділік басым. Осы жайсыздықты еңсерудің қандай амалдары бар? Министрліктің егіншілік саласында ылғал сақтау, тамшылатып суару технологиясын енгізуінің болашақта орын алуы мүмкін су тапшылығын еңсерудегі маңызы зор. Оның қазіргі пайдасы мен тиімділігі жөнінде мысалдармен айта кетсеңіз.
– Республикада өсімдіктің өсуіне қажетті ылғалды тиімді және үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін ылғал сақтау технологиясын енгізу көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді.
2010 жылы осы технология 11,2 миллион гектар дәнді дақылдар алқабында қолданылды. Бұл 2007 жылғы деңгейден 6,2 миллион гектарға немесе 2,2 есеге артық.
Тамшылатып суаруды пайдалану кезінде кәдімгі қарықтатып суарумен салыстырғанда, суды 2-3 есеге дейін үнемдеуге болады. Қоректік заттарды тікелей тамыр жүйесіне беру есебінен тыңайтқыштарды жоғары пайдалану коэффициентіне (85-90 пайызға) қол жеткізіледі. Арамшөптер болмағандықтан, қатараралық өңдеу қажет емес, жарамсыз жерлерді пайдалануға болады. Сонымен қатар, тамшылатып суаруды ендіру суармалы жерлерді тұзданудан, батпақтану мен эрозиядан қорғайды. Өнімділікті 3-5 есе арттырады.
Тамшылатып суару жүйесі 2010 жылы республика бойынша 10763,7 га алқапқа ендірілді, бұл 2007 жылғы көрсеткіштен (713 га) 15 есе артық. Алайда тамшылатып суаруды қолдану алқаптарының үлесі суармалы жерлердің жалпы көлемінің (1,2 млн. га) 0,9 пайызын ғана құрайды.
– Кең ауқымды селекцияның болашағы туралы айта кетсеңіз. Қазір бұл жүйені құру қандай деңгейде. Толық мәнінде қашан жұмыс істемек?
– Жалпы, республика көлемінде мал шаруашылығының қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп айтуға болмайтынын бәріміз де білеміз. Малдың ет, сүт өнімділігі жем-шөппен қамтамасыз етуіне, күтіп-бағу технологиясымен бірге оның генетикалық тегіне де байланысты болатыны белгілі.
Өтпелі кезеңде жалпы мал басымен бірге асыл тұқымды малдың да үлес салмағы 4-5 пайызға дейін азайып кеткені рас.
Осыған сәйкес республика көлемінде шаруашылықтарда мал тұқымын асылдандыруды мемлекет тарапынан біртұтас жүйеге түсіріп, қолдау мақсатында 2010 жылы кең ауқымды селекция бағдарламасы мақұлданды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты, ірі қара өсіретін барлық шаруашылықтарды қамти отырып, оларға мал тұқымын асылдандыру саласындағы ғылыми жаңалықтарды, озат тәжірибелерді, компьютерлік технологияны пайдалану жүйелерін қарқынды түрде енгізу, осы арқылы кең ауқымды селекцияны дамыған мемлекеттердегі секілді заман талабына сай жолға қою болып табылады. Ал бұл ақыр аяғында мал өнімділігін арттыруға орасан зор ықпал ететін болады.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында, 2010 жылы ғалымдардың белсене қатысуымен республика бойынша 812 шаруашылықтардағы ірі қара мал басы сұрыпталып, олар бойынша ақпараттар бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйеге (АСЖ) енгізілді. Яғни, қазір республика көлемінде ірі қара мал тұқымын асылдандыруға бағытталған орталық селекция ядросы құрылды. Енді осы АСЖ-ның есептеп шығаруына байланысты аталған шаруашылықтарда әрбір аналық сиырға ғылыми тұрғыдан, қандай бұқаның ұрығын салуға болатынын анықтап айтуымызға болады. Сонымен қатар, осы бағдарлама бойынша «Родина» шаруашылығы базасында тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген лаборатория құрылып, ірі қара малдың жоғары өнімді ет, сүт беретін шетелдік 7 тұқымнан тұратын 60 бас донор сиырлары алынды.
Сондай-ақ, эмбриондарды трансплантация жасайтын 20 маманды оқытып шығардық. Олар 743 эмбрионды алып, 431 сиырға отырғызып, 350 бұзау алды.
Осы жоғарыда аталған жұмыстар бұдан былай да атқарыла береді. Сонымен қатар, шаруашылықтарда «Асыл Түлік» АҚ орталығындағы және де шетелдерден алынып келінген көп өнім беретін бұқалардың ұрықтарын кеңінен пайдаланып, малды қолдан ұрықтандыру жұмыстарын кең көлемде жүргізу ісі қолға алынуда. Біз осы істердің барлығынан үлкен нәтиже күтеміз.
– Агроқалашықтарды қалыптастыру жөнінде министрлік Беларусь тәжірибесіне сүйенуді жөн көрген секілді. Ал бізге Қазақстан үшін Беларусь еліне қарағанда, Канада тәжірибесі қолайлырақ секілді көрінеді. Себебі, жер арасы шалғай болғанымен екі елдің табиғатында, шикізат байлықтарында ұқсастықтар жеткілікті. Екі елде де жер мол, сол жер көлеміне есептегенде адам саны аз. Сонымен қатар, Беларусь агроқалашықтары дұрыс жетілмеген деген де пікірлер бар. Осы мәселе туралы ойыңызды білгіміз келеді.
– Қазақстан басшысының Беларусь Республикасына жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша өткен жылғы маусым айында қазақстандық делегация тарапынан агроқалашықтарды құру арқылы ауылды жаңғырту мен дамыту бойынша Беларусь Республикасының тәжірибесі зерттелді.
Беларусь Республикасы Президентінің 2005 жылғы 25 наурыздағы жарлығымен 2005-2010 жылдарға арналған ауылды жаңғырту мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Ауылды әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін жағдайлар жасауға және агроөнеркәсіптік кешен жұмысының тиімділігін арттыруға осы бағдарлама бойынша үлкен басымдықтар берілген.
Бағдарламада ұсынылған іс-шаралардың жүйесі әлеуметтік және өндірістік екі бөлімнен тұрады. Ауылда әлеуметтік стандарттарды өткізуші болып агроқалашықтар белгіленген. Олардың негізінде ауылдық аумақтарды орнықты әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың тіршілігі үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру мақсатында 2005-2010 жылдар аралығында 1481 агроқалашықтарды құру қарастырылған.
Аталған құжатта агроқалашық жаңа сапалық үлгідегі кент түрінде белгіленеді: агроқалашық - абаттандырылған елді мекен, онда тұратын және жақын орналасқан аумақтардың халқына әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылуы тиіс.
Агроқалашықтар аймақтардың мамандандырылуын және өндірістік күштерді орналастыруды ескере отырып анықталатын тіректі әкімшілік-аумақтық бірліктердің негізінде құрылады. Сөйтіп, келешекте дамыту көзделген ауылдық елді мекендерді алдын-ала жоспарлап, құрылысын салу және абаттандыру жобалары әзірленеді, оларда ауыл халқының өмірін және еңбек әрекеттерінің жағдайын жақсартуға бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені анықталады.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасымен салыстырғанда, Белоруссияның экономикасында өзіндік ерекшеліктер де бар екендігін айта кеткен жөн. Мәселен, бұл елде әлі күнге дейін жеке сектор іс жүзінде қалыптасқан жоқ. Барлық ірі кәсіпорындар мемлекеттің меншігінде. Бұл жағдай Үкіметке және биліктің жергілікті органдарына әртүрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде күшті әкімшілік тетікті пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, агроқалашықтарды құру арқылы ауылды жаңғырту мен дамыту бойынша Беларусь Республикасының тәжірибесі бізге енгізілген жағдайда заңнамалық және нормативтік базаның ерекшеліктері, басқа да өзгешеліктері міндетті түрде ескеріледі. Яғни, тәжірибені зерттеу дегеніміз оны көшіріп алу емес. Біз өзіміздің ішкі ерекшеліктерімізді ескере отырып, өзімізге сай келетін модельді қалыптастырамыз. Сол секілді Канада тәжірибесі де бізге дәл сол қалпында келе бермейтіндігін айтуымыз керек.
Қорыта айтқанда, Беларусь тәжірибесінің ауылды жоспарлау мен дамыту бағытындағы кейбір қырлары біздің едәуір қызығушылығымызды туғызып отыр. Дегенмен, бұл мәселені әлі де зерттей түсуіміз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.