Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев жетекшілік еткен отырысқа құжатты әзірлеуші топ өкілдері мен ведомство мамандары, бейнебайланыс арқылы аймақтардағы БАҚ өкілдері де қатысты.
Жиынды ашқан Алан Ғазизұлы заң жобасын әзірлеу қолға алынған күннен бері барлық мүдделі тараптар тиісті деңгейде жұмылдырыла отырып, талқылау үдерісі ашық түрде жүргізіліп жатқанына көпшіліктің назарын аударды. «Қазіргі кезге дейін жұмыс тобының бірнеше отырысы өтіп, заң жобасына жалпы саны 200-ге жуық ұсыныс енгізілді. Әрине, мұның бәрі қабылданады деген сөз емес. Себебі, алдағы уақытта осындай отырыстар аясында әрбір ұсыныс пен толықтырулар өздеріңізбен бірге мұқият талдап, таразыланатын болады», – деді вице-министр А.Әжібаев.
Сонымен қатар, отырыста ағымдағы жылдың мамыр айына қарай Мәжілісте таныстырылатын бұл заң жобасы қоғамда ашық талқыланып жатқандықтан, көптеген ұсыныс-пікірлер әлеуметтік желілер арқылы түскен. Мұны «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау xалықаралық қорының жетекшісі Тамара Калееваның сөзінен де аңғаруға болатындай.
«Қазіргі заңнаманы қанша жаңартсақ та, заманауи озық технологияға ілесуіміз екіталай күйде қалады. Меніңше, қолданыстағы заңымыз толығымен ескірді. Сондықтан оны түбегейлі өзгертіп, бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдаудың уақыт талабына сай тетіктерін енгізгеніміз жөн. Зайырлы мемлекеттердің бәрінде ондай шаралар бар. Ақпарат саласындағы монополияға қарсы озық үлгідегі әдіс-тәсілдеріміз болуы қажет. Соның арқасында бұқараның сенімі артады», – деген ол қазір халық БАҚ-қа қарағанда, жоғарыда аталған әлеуметтік желідегі жазбаларға көбірек сенім артатындығын қадап айтты.
«Осы күні біз ұсынып отырған өзгерістер – заман талабы. Әлемдік трендтерді мейлінше, ескеруге тырыстық. Дегенмен, белгілі бір уақыттан кейін озық деген үлгіміздің өзі өзгеретінін жақсы түсінуіміз қажет», – деді А.Әжібаев. Тағы бір ескерте кететін жағдай, егер заң жобасы мақұлданса, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұсынуымен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында пікір қалдыратын азаматтарды ұялы телефон нөмірі арқылы тіркеп отыру көзделуде.
Алқалы жиында бірқатар БАҚ өкілдері ұсыныс ретінде заң жобасына енгізілген кейбір баптар мен оның тармақтары қолданыстағы өзге заңдармен қайшылығы бар екенін және талап етілетін қайсыбір шарттардың шикілеу екендігін алға тартып, ведомство жетекшілерінен түсіндірме беруді сұрады. Мәселен, баспа бетінде жарияланған материалға қатысты түскен шағымның дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін немесе жарияланған мақаланы теріске шығару үшін үш күн уақыт беріледі деген мәндегі заңның бабын БАҚ өкілдері қисынсыз деп бағалады. Өз кезегінде мұндай уәжге жауап берген вице-министр А.Әжібаев тілшілер қауымын заң жобасы қазіргі кезде әзірлену үдерісінде екендігін ескертіп, әлі де болса мұндай мәселелерді талқылап, кем-кетігін түзеп, толықтыруға бүгінгіден де белсендірек қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, талқылауда БАҚ беттерінде, әсіресе, телеарнадағы жарнаманың жайы да жан-жақты сөз болды. Оның ішінде алкогольдік ішімдік пен темекі өнімдеріне қатысты жарнаманың эфирден берілу уақытына қатысты нақты кесте бекітілетін болады деп күтілуде. Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, мұндай талап ең алдымен телекөрермендер құқының сақталуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан жағымсыз жарнама арқылы балалар санасының улануынан сақтайды. Осы мәселеге қатысты үн қатқан вице-министр: «Әрине, жарнама деген табыстың көзі немесе ақпарат құралының күнкөрісі десек те, бұл жерде біз оны жөнімен бермесек, көрермен зардап шегетінін ұмытпауымыз керек. Тіпті, жол жиегінде тұратын алып билбордтар әлемдік тәжірибеде БАҚ ретінде мойындалғанын ескерсек, бізге көше жарнамаларының өзін де көп түзеуімізге тура келеді», – деді Алан Ғазизұлы.
Отырыста қызу талқыланған мәселенің бірі журналистердің жұмыс істеу қағидаттарына қатысты пікір алмасу болды. Қоғам белсенділері тарапынан журналистік қызметті регламенттеу мәселесін арқау еткен 6.1. баптың «Тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты алу үшін, журналист міндетті түрде тұлғадан жазбаша рұқсат алуы тиіс» деген талабы «жауапты мемлекеттік органдардағы және квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғалардан басқа» деген сөйлеммен толықтырылуы ұсынылды. Өйткені, басшының міндеті – халыққа қалтқысыз қызмет ету екендігін ескерсек, бұл жерде басшының адалдығы алдыңғы орынға шығуы тиіс. Ал басшы таза болса, қосшы да құлшына еңбек етіп, табанақы, маңдай терімен тапқан табысын үстемелеуге бейіл болады.
Сонымен бірге, БАҚ беттерінде мемлекеттік ақпараттық саясатты түсіндіру мақсатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін қайта қарап, заң тұрғысынан оның кешіктірілмей берілу мерзімін және осынау талапты сақтамаған лауазым иелеріне айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануды енгізу жайы да тақырыптан тыс қалмады. Оған қоса, мұндай талап тілдік норманы орындамаған электронды бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына да қатыстылығы заң аясында көрініс берсе деген пікірлер айтылды.
Айта кетейік, ұтқыр ойлар ортаға салынған мұндай отырыстар ағымдағы жылдың сәуір айына дейін жалғасады деп жоспарланған. Ал заң жобасы Заң шығару жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары мен Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспары шеңберінде әзірленген. 200-ге жуық түзетуді қамтитын заң жобасын қабылдау мақсаты қолданыстағы нормаларды коммуникация технологияларының дамуымен өзгеріске түсетін БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыда регламенттеу болып табылады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»